Денсаулық сақтау

Ауырғандар арасында екі бала бар

Айна Ескенқызы

Өскеменде жіті респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) аурушандығының деңгейі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,8%-ға артқан. Соған қарамастан қаладағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

Бұл жайында өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Өскемен қалалық санитарлық-эпидемиалогиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Арай Айдарқызы мәлім етті.

  • Тұмау өңірде қазан айының басынан жүріп жатыр. Қазір қалада тұмау ауруының зертханалық расталған төрт жағдайы анықталды. Ауырғандардың екеуі бала, науқастардың барлығы амбулаториялық ем алып жатыр. Қалада тұмаудан болған өлім-жітім тіркелген жоқ, – деді ол.

Оның айтуынша, ЖРВИ, тұмау аурушандығы маусымының басталуына байланысты қазан-қараша айларында тұрғындарға жаппай екпе салу жүргізіледі. Тұмауға  қарсы  бірінші кезекте 60 жастан асқан адамдар, созылмалы аурулары бар науқастар, ЖРВИ-мен жиі ауратындар, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, көпшілікпен жұмыс істейтін мекемелердің, оқу орындарының, медицина мекемелерінің, қызмет көрсету саласының өкілдері егілуі тиіс.

Екпені балаларға алты айдан бастап, жүкті әйелдерге жүктіліктің 2-3 айлық кезінде және ересектерге медициналық қарсы көрсетілімдері болмаса салуға болады. Иммунитет тұмауға қарсы вакцина алған соң 14 күннен кейін қалыптасады және ағзаны вирустан алты айдан 12 айға дейін қорғайды. Екпе жедел отит аурушаңдығын, өкпенің қабынуын, өкпенің созылмалы ауруларының қайталануын, ауыр асқынуларды төмендетеді.

– Биыл жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы 41 500 доза ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Оның құрамында тұмау вирусының А(А(H1N1), A(H3N2)) және В түрлерінің тазартылған антигендері бар, консервантсыз. Тұмауға қарсы екпе медицина мекемелеріне «тәуекел тобына» жататын адамдарға егу үшін таратылды. Қазір бірінші кезекте екпе алуға тиіс азаматтардың 80 пайызы өздерін вакцинамен қорғады. Тәуекел тобына жатпайтын азаматтар өздері тіркелген емханада, амбулаториялық орталық (Абай көшесі,  18 үй, тел. 75-42-36) медицина мекемесінде ақылы түрде тұмауға қарсы екпе ала алады. Ақылы екпе егу кабинетінде Нидерланды мемлекеті шығарған  «Инфлювак» вакцинасы да бар, – деп қосты бөлім басшысы.

Спикердің айтуынша, жауапты басқарма тұмау вирусының айналымын анықтау үшін жіті респираторлық вирусты инфекцияларға, аурушандығына, ауруханаға жатқызылғандар санына, зертханалық тексерулерге апта сайын мониторинг  жүргізеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медицина мекемелерінің вирусқа қарсы және басқа симптоматикалық дәрі-дәрмекпен, медициналық құралдармен, оның ішінде шұғыл көмек көрсетуге арналған құралдармен, екпе егу үшін вакцинамен, жеке қорғаныс заттарымен қамтамасыз етілуін бақылауда ұстап отыр. Жүкті әйелдерге тұмауға қарсы  екпе егу және патронаж  жүргізу  бойынша жұмыстар  қолға алынған.

Қазақстанда бірінші қазаннан бастап ЖРВИ-нің 764 247 жағдайы және тұмаудың 521 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметі бойынша, тұмау аурушаңдығы деңгейінің маусымдық көтерілуі кезінде әлемде  жыл сайын тұмаудың 3-5 млн. ауыр жағдайы тіркеледі, өлім-жітім көрсеткіші 250 мыңнан 500 мыңға дейін жетеді.

Мамандар тұмаудан сақтану үшін қарапайым сақтық шараларын ұстану қажеттігін айтады. Мысалы, тұмау белгілері бар адамдармен байланысқа түспеу, адам көп жерлерге бармау, медициналық маска кию (дәкенден жасалған маска), қолды үнемі сабындап жуу немесе арнайы ерітіндімен сүрту қажет. Сондай-ақ бөлмеге ылғалды тазалық жұмыстарын жиі жүргізу, бөлмені желдету және ауаны үнемі ылғалдату да артық болмайды.

 

 

Осы айдарда

Back to top button