Ауыл шаруашылығы

АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – ЭКОНОМИКАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

Облыстың ауыл шаруашылығы тер төге еңбек етіп жатқан ауыл кәсіпкерлері мен малшы, диқандардың қажыр-қайратының, көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдаулардың арқасында өңір  экономикасының жетекші саласына айналды.  

Бүгінде аймағымыздағы шаруа, фермер қожалықтарында 20 599 адам жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығындағы ірі және орта кәсіпорындарда 4013 адам еңбек етіп келеді. Ауыл шаруашылығы – кәсіп, бизнес саласы ғана емес, өңіріміздің, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтудың кепілі, ұлттық дәстүр, мәдениетімізді сақтап қалудың көзі.  Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанға облыс шаруашылықтарының барлық санатында 522,3 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді, бұл республикалық көлемнің 9,7%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің өсу қарқыны өткен жылдың тиісті кезеңінің деңгейіне қатысты алғанда 100,3%-ды құраған.

Қазіргі күні егін шаруашылығында дәнді дақылдар өнімін өңдеу, күнбағыс жинау жұмыстары жалғасуда. Жазғы қуаңшылыққа байланысты жемшөп дайындау, сатып алу  мал шаруашылығындағыларды көп әбігерге салғанымен қожалықтарда малды бағып-қағуға қажетті азық көлемі жеткілікті дайындалған. Статистикалық  ақпараттарға сүйенсек, облыста ет (2,5%-ға), сүт (3,3%-ға) және жұмыртқа өндіруді (1,7%-ға) арттыру есебінен мал шаруашылығы өнімінің көлемі өскен.

Облыстың ауыл шаруашылығы шаруашылықтардың үш санатын: кәсіпорындарды, жеке кәсіпкерлерді (әрі қарай ЖК) және шаруа немесе фермер қожалықтарын, ауыл тұрғындары шаруашылықтарын қамтып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің жалпы көлемінде ауыл тұрғындары шаруашылықтарының үлесі 56%-ды, ЖК және шаруа немесе фермер қожалықтары тиісінше 31,2%-ды, кәсіпорындар 12,8%-ды құрайды.

Аймақтың ауыл шаруашылығында қазіргі күні  986  кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, соның  200-і мал мен құс өсіріп отыр. Шаруа немесе фермер қожалықтарының және ЖК санаттарының (16 мыңнан астам субъект) ішінде 4,9 мың шаруашылық егістік жұмыстарымен айналысып келеді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button