Ауылдың дәмін алыпсатарлар кетіріп тұр
Жәрмеңкеде еттің түрі көп. Ауылдан келген адал қолдың еті бар. «Ауылдың адал еті» деген атпен өтетін қала базарының «күмәнді» еті де бар. Кезекті сенбінің жәрмеңкесі барысында біраз жайтқа куә болдық.
«Местныйлар»
Катонқарағай ауданының жәрмеңкесі болатын. Біз келгенде «Фреш Маркет» сауда үйінің жанындағы белгілі алаңда тайталас жүріп жатты.
– Өткіз бізді!
– Бізді де! Жібер! Неге кіргізбейсің? – Аппақ алжапқыштарына қып-қызыл қан дағы жұққан бір топ ентелейді. Бұл жергілікті саудагер әйелдер.
Суретте “тайталас” көрінісі.
– Сыртқа! Сыртта тұрыңдар!
– Шығыңыздар! Қазір әкім келеді! – Екі азамат қанатын жайып олардың жолына кесе көлденеңдейді. Бұл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері.
Шабуылдаушы топ бізбен сөйлесуге келіспейді. Өзара әңгімесінен түсінгеніміз – демалыс күндері ет сататын базарлары істемейді, карантин. Сондықтан осында келіп тұр.
Ал аудан өкілдері…
– Бұл кісілер қаланың ет сатушылары. «Местныйлар». Таңғы бесте келсек, мына алаңды басып алыпты. Артқы жақта 15 мәшине тұр. Тіркемесі тола ет. Аудандықтарға арналған дүңгіршектерге бұрын келіп орналасып алыпты. Ақыры, міне, сыртқа шығардық. Еттерін қақпаның алдында сата ма, одан әрірек барып тұра ма, өздері білсін. Тек жәрмеңкеге кірмесін, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Қанапин. Ол бұл мәселені аудан әкімінің орынбасары, мәслихат хатшысы және полиция қызметкерлеріне де ескерткенін айтты.
Дегенмен, көп өтпей артқы қақпадан иығына бір-бір малдың сан етін, бір-бір қабырғасын артқан адамдар ағылып кіре бастады. Қуаныштарында шек жоқ секілді. Оларды полиция мен әлдебір адамдар жіберіп тұрды. Ет арқалағандардың бағыты – бағанағы әйелдер.
Суретте артқы қақпадан кірген жергілікті саудагерлер.
Алаңға аудан әкімі Ренат Құрмамбаев келді. «Жергілікті сатушыларға кім рұқсат бергенін анықтай аласыз ба? Бағана шығарып жіберген едіңіздер, енді неге кіргіздіңіздер?» деп сұрадық.
– Енді оны… қайтеміз анықтап кім кіргізгенін? Өздері кіріп жатыр. Енді ақырын-ақырын кіреді, – деген ол тәртіп сақтау үшін ауданның полициясын да арнайы ертіп келгенін айтады. Бірақ полициядан еш қайран болмаған.
– Біздің мақсат – 300-400 шақырымды артқа тастап келген ауыл азаматтарының етін толық өткізу. Өтпей қалса, ауылға қайта алып кетуге мәжбүр болады. Бірақ жергілікті сатушылар кіріп алды. Аудан болғаннан кейін аудандікі өтсе… Бұл жерде аудандық ауыл шаруашылғы бөлімінің қызметкерлері шарасыз. Ұйымдастырушылар дұрыс ұйымдастырып, полиция тәртіп орнатуы керек еді, – деді аудан мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов.
«Катонды» жамылған алыпсатарлар
Күн аяз болған соң «Фреш Маркет» ішіне жылынуға кірдік. Әлеуметтік желіге де «бас сұқтық». Бағдат Амангелді есімді желі қолданушысының қала базарынан қалай ет сатып алғаны туралы жазған жазбасына көз түсті. Сол жазбаны осы жерде келтіре кеткенді жөн санадық.
«Базардан алған етті тұздайын десем, арасынан ұйыған қанның дақтары шыға келді. Аларда қалай байқамағанмын? Сескеніп қалдым. Мынау өзі өлексе емес пе екен? Әлде ауру мал болды ма? Пакетке қайта салып, алған жеріме бардым. Сатушым «Суға салып қойыпсыз, етті қайта алмаймын, күмәніңіз болса тексертейік», деді. Лабораторияға кіріп келсек, алдымызда «тетя Надя» тұр. «Да вы что, у нас все строго проверяется. Сейчас при вас проверим» деп, өзі шөкімдей еттен бір кесек кесіп алды да, суға салып қайната бастады. Мынау өзіне тамақ дайындап жатыр ма деп қоямын іштей. Сосын оған химиялық сиқырын жасап әкелді. «Көрдіңіз бе, көк түсті болып тұр, етіңіз таза. Егер қоңыр түсті болса, ет не ауру, не өлген малдікі болар еді», деді. Бірдеңе түсінгендей, мақұл дедім…
Көңілім орнына келіп, етімді жиыстырып жатсам: «Анау қара дақтар, малды кейде тоқпен ұрып өлтіреді ғой, сонда стрестен әр жерде қан ұйып қалады – сонікі. Ол ештеңе етпейді», дейді «тетям». Не дейді? Мен аң-таңмын» – деп жазады Бағдат Амангелді.
Бойымыз жылып, жәрмеңке алаңына қайта келдік. «Катонның еті!», «Катонның балы!», «Катонның қымызы!» – кім не саудаласа, соның бәрін «Катондікі» деп жарнамалап тұр. Бұл енді бағанағыға ұқсамайтын мүлде басқа көрініс. Қызған базар. Келуші қарасы мол. Бірден байқадық – ұзын-ұзын үш қатар дүңгіршектің біреуі ғана ауданнан келген 13 ауылдық округке тиген. Екі қатарды жергілікті сатушылар тұтас жайлап алған. Одан бөлек ашық алаңда түрлі өнімін саудалап тұрғандар да көп.
– Катонқарағайдың еті мен қымызын алып барамыз. Ет 30 келіге жуық. Сиырдың еті. Еттің жақсы-жаманын ажырата алмаймыз. Түрі ұнағанын алдық. Бағасын түсіріп берді. …Қымыз бен етті бір адамнан алған жоқпыз. …Бұл жерде катонқарағайлықтардан басқа да сатушылар бар ма? Оны білмедік. Бізге Топқайың ауылының қымызы деп айтқан әйтеу ана кісі, – деген қала тұрғыны қақпа аузында, ашық алаңда тұрған жас жігітті нұсқады. Тұрғынның есімі – Айдана. Оның серігі етін көтеріп алыстап кетті.
Тұрғын көрсеткен қымыз бен сүт сатып тұрған адамға таядық. Ол өзінің клиентімен сөйлесіп жатты.
– Сүт аласыз ба? Міне, осы бес литр ғана қалды. Мың жарым теңге дегенмін. Сізге түсіріп берем ғой. Иә, алсаңызшы. Өзіміздің Тарғынның (Ұлан ауданы) сүті ғой, – деді сатушы.
Суретте ашық алаңдағы жергілікті саудагерлер.
Шығыс Қазақстан, ресми мәлімет бойынша, қазір «қызыл аймақта». Бірақ бүгінгі жәрмеңкеге қарасаңыз, облыста жағдай ушығып тұрғанға ұқсамайды. Дегенмен мұнда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған.
Депутат Дүйсен Бралиновтың айтуынша, Катонқарағайда коронавирус беті қатты емес. «Екі ауруханада ары кеткенде 15 адам ғана жатыр». Соған қарамастан жағдайы мүшкіл 50 адамды қамтамасыз ететін оттегі станциясы орнатылған.
Тоғыз тонна ет әкелді
Ауыл әкімдері мен сатушыларды әңгімеге тарттық.
– Біз малын өткізе алмай отырған қарапайым тұрғындардың етін өткізіп бермекпіз. Әр ауылдық округ, шамамен, 600 келіден ет алып келді, – деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Әлібек Аманов.
– Біз ауыл тұрғындарының еттерін сатып береміз. Өзіміз әкімдік қызметкерлеріміз, – деді Солдатов ауылдық округі мәдениет үйінің меңгерушісі Маузира Байтемірова.
Маузира Байтемірова тәрізді әкімдік қызметкерлері барлық дүңгіршекте тұрды. Өз малын өзі алып келгендер бірен-саран.
– Жәрмеңкеге шаруа қожалықтарынан бірен-саран ғана келеді. Оларға бір-екі малды арзан бағада сатқан тиімсіз. Уақыт пен жол азабы да бар. Топтап, тірідей сатқанды тыныш көреді. Жәрмеңкеге барамыз деген соң, ауыл әкімдері қиналса да әйтеу бір-екі адамды табады. Ертіп келеді. Мына базарды делдалдар жайлап алған ғой. Ауданнан келгендерден анағұрлым көп. Өздері сатуға келгенде пысық. Оларды тазартпай болмайды. Етпен ертеректе айналыстым. Сырын білемін. Мысалы, бүгін алып келген жылқымның етінің жартысы да өткен жоқ, міне. Оны енді қайтадан ауылға алып кетемін. Базардың делдалдарына бермеймін. Өзім тұрып сатайын десем, етім толық емес, шығыным көп болып кетеді. Жалға алған орынның бағасы бар, етке сынақ жасату бар деген секілді… Әмбе мені орталарына кіргізгелі тұрған олар жоқ, – деген тұрғын аты-жөнін атамауды, қай ауылдан келгенін айтпауды өтінді.
Жалпы аудан бойынша осы жәрмеңкеге тоғыз тоннадан астам ет жеткізілген. Ол толық өткен жоқ.
Дүйсен Бралинов аудандағы ауыл шаруашылығының ахуалы жайлы аз-кем айтып берді.
– Бұл жыл ауыл шаруашылығына жайсыздау болды. Жауын аз. Ауданда мал басын азайтып жатқандар бар. Бірақ жаппай азайтып жатыр деп айта алмаймыз. Көпшілігі жемшөбін жинап алды. Егін жеткілікті мөлшерде орылды. Ауданда бие байлағандардың мәселесі өзекті. Жылда оларға субсидия берілетін. Биыл бөлінген жоқ. Бұл бейнеті көп жұмысқа қолдау еді. Бие байлайтындар қымызды қыстай сауып шығатын еді, – деді депутат.
Катонқарағайдың музыкасы таң атқалы тоқтаған жоқ. Оған «местный» саудагерлер билеп бойларын жылытады. Біз «Фреш Маркетке» беттедік. Табаннан ызғар өтіп барады.
Тасқын Болатұлы