Ауылда медициналық пункт салынады
Аудандық ауруханалар мен ауылдағы медицина мекемелерінің жағдайы облыстық денсаулық сақтау басқармасының назарынан тыс қалған емес. Басқарма басшысы Гүлмира Сағидуллина Шемонайха аудандық ауруханасында болып, ондағы қордаланған мәселелерді қызметкерлерімен бірге талқылады.
Басшы алдымен аурулардың алдын алу, тұрғындарды кәсіби тексеруден, скринингтен өткізу деңгейімен танысты.
Өкінішке қарай, ауданда туберкулез, онкологиялық аурулар азаймай отыр. Аудандық ауруханада бұл дерттерді диагностикалау үшін қажетті барлық заманауи құралдардың болғанына қарамастан әлеуметтік аурулардың беті қайтпай тұрғаны қынжылтады. Мәселені шешу үшін қазір ауданда тәжірибелі денсаулық сақтау менеджерлерінің ішінен тағайындалған куратор жұмыс істейді, әдістемелік және практикалық көмек жүйеленді. Сонымен қатар жақсы жаңалықтар да бар.
– Биыл біз жаңа цифрлық рентгендік флюрографиялық аппаратты, рентгендік диагностикалық стационарлық кешенді сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ босану, реанимациялық, инфекциялық бөлімшелерді палаталарға дейін медициналық газбен қамтамасыз ететін оттегі генераторын сатып аламыз, мұндай бұрын болып көрмеген, – дейді медициналық ұйымның дәрігерлері.
Аудандық аурухананың басты қажеттіліктерінің бірі – кадр. Бірақ бұл мәселені шешуде оң нәтиже бар. Бүгінгі таңда медициналық ұйым өз есебінен травматология және ортопедия, оториноларингология, урология, офтальмология, балалар хирургиясы, жалпы хирургия мамандықтары бойынша 12 резидентті оқытып жатыр. Келісімшарт бойынша оқуларын тәмамдаған соң жас мамандар осы емдеу орнына қызметке келеді.
Ауданның медициналық қауымдастығымен кездесу барысында басқарма басшысы оларды толғандыратын мәселелерді де айналып өтпеді.
– Әрине, ауданда әлі де көптеген проблемалар бар. Мысалы, Шемонайхадағы тозығы жеткен аурухана ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді және ағымдағы жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлінді. Медициналық мекемені күрделі жөндеу келер жылы басталады. Бұл жалғыз жағымды жаңалық емес. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша Волчанка ауылында медициналық пункт салу жоспарланған, – деп атап өтті Гүлмира Сағидуллина.
Анықтама үшін: Шемонайха аудандық ауруханасына жеті терапевтік, алты педиатриялық, 15 жалпы тәжірибе дәрігері, тоғыз ауылдық дәрігерлік амбулатория, үш қалалық дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік акушерлік пункт және 13 медициналық пункт кіреді. Аудандық аурухана 32 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Ауданның денсаулық сақтау саласында 700-ге жуық адам еңбек етуде.
Кәмал Естай