Құқық

Ауыл тұрғыны  министрден көмек күтеді

 Бір жылда 148 қой, 11 сиыры жоғалған Ұлан ауданы Бозанбай ауылының тұрғыны Ержан Сәбитов ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевқа бейне-үндеу жолдады. Зардап шеккен азамат жергілікті полициядан күдер үзген.

«Кім ұрлайтынын халық біледі»

«Құрметті ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев мырза! Мен Сәбитов Ержан Сейтәшімұлы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының тұрғынымын. 2015 жылы отбасылық шаруашылық құрғам. Ол шаруашылық Ақжартас ауылында. Алайда соңғы жылдары мал ұрлығы өршіп тұр. Тек биыл менен 148 бас қой, 11 бас сиыр, былтыр 26 бас жылқым жоғалды. Қараша айының бірі күні таңғы сағат үшке таяу 400 рулон шөбім мен мал қораны өртеп жіберді. Облыстық, аудандық полициядан еш қайыр жоқ. Арыздан нәтиже жоқ. Әлі бір  қылмыс ашылмады. Құрметті министр мырза, үмітім сізде. Көмек етіңіз», – дейді қожалық жетекшісі Ержан Сәбитов.

Ержан Сәбитов малын жоғалтып қайғырып отырғанда, қолда қалған түлігіне жиған азығы – 400 рулон шөбі де өртеніп кеткен.

Аталған оқиға республикалық телеарна, газеттер мен әлеуметтік желіде қызу талқыланғаннан кейін аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ақжартас ауылына барғанын мәлім етті.

– Аудандық полиция, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімдерінің басшыларымен, Бозанбай ауылдық округі әкімімен бірге Ақжартас жерінде болған оқиға бойынша мән-жаймен  танысып, жәбірленушілермен кездестім. Сапар барысында ақжартастықтардың мұң-мұқтажы тыңдалып, уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда: шөбі өртеніп, шығынға ұшыраған отбасына қажетті көлемде мал азығын дайындау үшін арзан бағалы жемшөп тауып, оны сатып алуға және жеткізуге қолғабыс көрсету аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөліміне тапсырылды. Бозанбай ауылдық округінің аумағындағы бос ауылшаруашылық жерлерін анықтап, жаңа тұтынушыларға үлестіру кезінде өрттен зардап шеккендерге конкурсқа қатысу заңдылықтарын түсіндіру айтылды. Мал ұрлығы фактілері бойынша шұғыл және ашық түрде тергеу жұмыстарын ұйымдастырып, бұл мәселені қатаң бақылауға алу аудандық полиция бөлімінің басшысына ұсынылды, – дейді Нұрымбет Сақтағанов.

Оның айтуынша, мал ұрлығына бақташылардың да қатынасы бар.

– Өз кезегінде ұрлықтарға бақташылардың да қатысы бары, полиция бөлімімен ұрлықтарды ашуда жақсы жұмыстар жүргізіліп жатқаны мәлімделді. Мал бағу жұмысын жетік меңгерген, қолы таза бақташыларды жұмысқа алу – осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алатыны шаруа қожалығының иесіне ескертілді, – дейді аудан әкімі.

Ұландағы ұрлық мәселесіне қоғам белсенділері де алаңдаушылық білдірді.

– Ең бастысы шөпті өртеген, малдарды ұрлаған қаскүнемдерді тауып, аяусыз шара қолдану керек! Малды кім ұрлайтынын жергілікті халық біледі, полиция да шет-жағасын білуге тиіс. Себебі бұл бұрыннан  қалыптасқан  жағдай, – деді Түсіпхан Түсіпбекұлы.

 

«Жергілікті емес, облыстан келген полиция құрықтаған»

Облыста мал ұрлығы өршіп тұр. Ұланнан кейін, Катонқарағай, Жарма, Үржар аудандарында да төрт түлікке қараған халық зар жылап отыр. Полиция департаментінің ақпараты бойынша, кейінгі жылдары 442 бас мал жоғалса, соның тек жартысынан астамы (278-і) табылып, иесіне қайтарылған.

– Қылмыстық топ құрамында және ірі көлемде жасалған қылмыс үшін жаза күшейтіліп, 12 жылға дейін бас бостандықтан айыру көзделген. Саралап қарасақ, мал ұрлығының кәдімгі кәсіпке айналып, оған көп адамның қатысы барын аңғаруға болады, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта Катонқарағай ауданында жоғалған малы табылмай отырған бірнеше шаруа бар. Согорное ауылының тұрғыны Бейбітхан Арышевтің 86 бас қой-ешкісі ұшты-күйлі кеткен.  Өрнек ауылында Айдынбек Жылайдың екі аты жоғалған.

– Малыңа ала жаздай тыртыңдап жүріп шөбін дайындайсың. Қыстай бағасың. Көктемде ауызыңнан жырып, ұрлап кетеді. Ұрыны ұстап берсең де полицейлер қоя бере салады, – дейді ауыл тұрғыны Әшет Мәжит.

Аудандық полиция бөлімі аталған фактілер бойынша барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатқанын айтады. Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қылмысты ашу нәтижесіз болып тұр.

Бір қызығы, Өрнек ауылының тұрғыны Таңжарық Мамырдың ірі қарасын ұрлаған күдіктіні жергілікті сақшылар емес, облыс орталығынан келгендер құрықтаған.

Жуықта ғана Үржар ауданында мал ұрлап, пайда көрмек болған екі адам құрықталды. Негізінен жаз кезіндегі түнгі уақытта әрекет етіп отырған олар малды Түркістан қаласына алып барған.

– Ұрланған малды Түркістан қаласының тұрғынына сатып жіберген. Ал одан түскен қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Сондай-ақ тінту кезінде 200 килоға жуық ірі қара еті, екі құлынды бие және бірнеше малдың терісі табылды. Барлық келтірген шығыны – үш миллион теңге, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Аталған факті негізінде қазір Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы, 2-тармағы, 1-тармақшасы, яғни «Топтасқан мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сағат Мәдиев ұрлықтың алдын алу үшін малды қараусыз жіберуге де болмайтынын ескертеді.

– Өңірде мал ұрлығының алдын алу мақсатында 262 айып тұрағы жұмыс істеп тұр. Осы жылдың соңғы сегіз айында айыппұл тұрағына 8 мың 520 бас мал қамалып, иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Демек, ауыл тұрғындары қараусыз жүрген малға да айыппұл барын ескергені абзал, – дейді ол.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button