Ауыл шаруашылығын ауқымды істер күтіп тұр
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен «КазАгро ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы Дулат Айтжанов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған жиынның алдында облыс Әкімі мен «КазАгро ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық жобалардың тұсаукесеріне қатысты. Жобалардың мәні мен маңызы жан-жақты сипатталып, көрсетілген стенділердің жанында олардың жүзеге асырылу барысы жеке-жеке талқыланып, қолға алынып отырған шаруаларды сәтімен аяқтауға тапсырмалар берілді. Инвестициялық жобалар көздегендегідей нәтиже беріп отырған шаруашылықтың бірі – Өскемен құс фабрикасы. «Еуразия» жобасы аясында мұнда биыл құс етін өндіру 17 мың тоннаға жетті. «Казагромаркетинг» АҚ енді біздің құс өсірушілердің өнімін Астана қаласында сатуға көмек көрсетпек.
– Биыл біз шаруашылықтарға 110 асыл тұқымды бұқа саттық. Келер жылға 400 асыл тұқымды мал дайындап отырмыз, – деді облыс басшысы мен даму институттарының жетекшілерін шаруашылықтың жайымен таныстырған «Шалабай» ЖШС жетекшісі Қуаныш Сүлейменов. Облыс шаруашылықтары ірі қараны даму институттарының несиесіне сатып алмақ.
Аймақтың ауыл шаруашылығы кешенінде қолға алынып жатқан әрбір жаңа іс өңір экономикасы үшін аса маңызды. Глубокое ауданының Бобровка ауылындағы тауарлы-сүт фермасы еліміздегі ең алғашқы роботтандырылған ферма екендігімен ерекшеленеді. Қазір фермада сиырлар автоматтандырылған арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен сауылуда. Күршім ауданында сүт өнімдері мен қымыз өндіретін жоба жүзеге асуда, Аягөз ауданында жылыжай кешенін салу жұмыстары басталған.
Аймақтың ауыл шаруашылығы саласының жыл соңындағы нәтижелерін қорытып, болашақтағы міндеттерді бағдарлауға орай өткізілген жиынға келген қазақстандық даму институттарының басшылары көрмеде өзге де жобалармен танысты. Облыс Әкімі агросектордың қарқынды өркендеуі саланың осы институттармен, қорлармен қаншалықты сәтті жұмыс істей алатынына тікелей байланысты екендігін атап көрсетті.
– Даму институттарының басшылары бірнеше нысанда болып, әр жоба бойынша жұмыс істеп, жұмыс кеңесін өткізді, – деді ол. – Бұл елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Президенттің тапсырмаларын орындауда оңды нәтиже беріп, өзіндік ықпалын тигізетініне күмән жоқ. Қазір әлемде бұл мәселеге қатысты жағдайдың қалай қалыптасып отырғанын сіздер жақсы білесіздер. Сонымен қатар қазақстандық азық-түліктің сапасы Кедендік одақтағы елдердің өнімдерінікінен төмен болмау керек.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдында саланы өркендетуге байланысты мемлекеттен көмек, қолдаулар жеткілікті көрсетіліп отырғанын, жобаның бастамашылары, атқарушы органдар, даму институттары өздерінің не істеуі қажет екенін жақсы білуі қажеттігін тағы да еске салды. Үш жақтың басын біріктіріп отырған арнайы кездесу елімізде сапалы, қолжетімді азық-түлік молшылығын жасап, сол мақсатқа жетудің жолдарын айқындау үшін өткізіліп отыр.
Жиында ауыл шаруашылығының жылдық қорытындысы туралы баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда жеті пайызға артып, 222 млрд. теңгені құрағанын айтты.
Биыл 688 мың тонна астық жиналып, былтырғыдан 69 мың тоннаға артқан. Астық түсімі гектарынан 13 центнерден айналған. 278 мың тонна күнбағыс жиналып, бұл өнім түрі де өткен жылғыдан 45 мың тоннаға артқан. Картоп пен көкөніс те көптігімен қуантып отыр. Осы өнімдермен облыс тұрғындарының қажеттілігін толық жабуға мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қаржылай қолдаудың тигізген көмегі айтарлықтай екенін де айтпай кетуге болмайды. Биыл егін шаруашылығына екі миллиард теңгеден астам субсидия, мал шаруашылығына 4 млрд 796 млн. теңге субсидия берілген.
Облыста ет өндіру көлемі тірідей салмақта 222 мың тонна, сүт 738 мың тонна болып едәуір көбейген. Жүн өндіру 4,8 мың тоннаны құраған. Жұмыртқа өндірісі былтырғыға қарағанда 77 пайыз көлемінде ғана болып, азайып кеткен.
Ірі қара бойынша асыл тұқымды малдың жалпы үлес салмағы 6,9 пайызға жеткен. Еттің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында етті бағыттағы малдарды көбейтуге арналған жоба да жүзеге асырылып жатыр. Ағымдағы жылы шетелден 641 бас асыл тұқымды мал сатылып әкелінген. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 7200 сиыр, 360 бұқа сатылып алынған. «Жайлау» бағдарламасы бойынша 200 млн. теңге бөлінген. Облыс шаруашылықтарында 42 мың басқа арналған 261 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Жуықта тағы да екі сүт фермасы іске қосылған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы өз сөзінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінде «Индустрияландыру картасы» бойынша алты жоба жүзеге асқандығын атап айтты. Биыл бекітуге тағы да 15 жоба жіберіліп, құжаттары қаралу үстінде. Тұтастай алғанда жыл ішінде 6,7 млрд. теңгенің 131 жобасы жүзеге асып отыр.
Алда үлкен міндеттер мен жауапты жұмыстар күтіп тұр. Сол іс-шараларды жүзеге асыру үшін 2013 жылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 14 пайызға арттырып, ауыл шаруашылығы жерлерін есепке алу, рапс, соя егістіктерінің көлемін көбейтіп, күнбағыс дақылының аумағын 30 мың гектарға азайту міндеттері тұр.
Тұқым шаруашылығын дамытып, тамшылатып суару, су шаруашылығы нысандарын ұлғайту қажет. Сүт фермаларын, жұмыртқа өсіретін шағын шаруашылықтар, марал, омарта шаруашылықтарын құрып, дамыту да осы саладағы басты көңіл бөлетін негізгі бағыт болуына байланысты әрі қарай қарқынды дамытыла түспек. Келесі жылы ет өңдеудің жалпы көлемін 22 пайызға, сүт өңдеуді 32 пайызға жеткізу көзделініп отыр.
Болашаққа бағдарланып отырған кешенді міндеттер 2013 жылы даму институттарымен тығыз ынтымақтастық байланыс жасай отырып шешілмек. Осылай деген «КазАгро» АҚ-ның басқарма төрағасы Дулат Айтжанов ұлттық холдинг ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қаптаған қағазбастылықтан арылтып, уақыттарын үнемдеу үшін анықтамаларды жинаудың электрондық үлгісін енгізуді даярламақ екенін мәлімдеді. Бұл шара алдымен халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ұйымдастырылып, кейін арнайы фермерлерге қызмет көрсету орталығы ашылмақ. Ал Астана азық-түлік белдеуі негізінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, сатудың ең қолайлы тетігі таңдалынып алынбақ.
Сөз алған «Казагрофинанс» АҚ басқармасының төрағасы Ғ.Рахымжанов, «Казагромаркетинг» АҚ басқармасының төрағасы А.Ақмержанова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасының төрағасы Н.Сарыбаев, «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары А.Мұхамадиева, «Казагропродукт» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Б.Күзембаев ауыл шаруашылығы саласына бағытталған несиелер мен ауыл тұрғындарына арналған жаңа ипотека, туризмді дамыту бағдарламасы жайында әңгімелеп берді.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аймақтағы инновациялық жобаларды бекітіп, жүзеге асыруға көмектесіп келе жатқан қазақстандық даму институттарының басшыларына алғысын білдірді.
– Біз ауыл еңбеккерлерінің қандай жағдайда еңбек етіп жатқанын жақсы білеміз, – деді ол. – Өтіп бара жатқан жыл аса жеңіл тие қойған жоқ. Сол қиыншылықтарға қарамастан мал шаруашылығынан да, егін шаруашылығынан да жаман өнім алынған жоқ. Ең басты мәселе – жермен жұмыс істеу. Техникалық дақылдарға көшіп, егіс құрылымын өзгертуге қойылып отырған талаптарды орындау қажет. Облыста мал шаруашылығын өркендетуге барлық жағдай бар. Сол үшін жемшөп базасын нығайтуымыз қажет. Облыстың экспортқа шығарылатын етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналған президенттік бағдарламаның тірегі бола алатындай әлеуеті бар. Бұл тұрғыда біздің мүмкіндіктеріміз көп, оның ішінде ӘКК-ның жұмысы да белсенді. Аймақ ауыл шаруашылығы машиналарын өндіруде де жүйелі жұмыс істей алады. Кеше 27 жоба қаралып, әрқайсысы бойынша нақты шешім шығарылды. Бұл – облыстың инновациялық деңгейіне үлкен қолдау. Фермерлерге қызмет көрсету орталығын құру да өте дұрыс, жақсы ұсыныс. Ендігі мақсат – 2013 жылы айтарлықтай жоғары нәтижелерге қол жеткізу. Ауыл еңбеккерлерін шын жүректен ауыл шаруашылығы күнімен құттықтаймын.
Жиын соңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен «КазАгро ҰБХ»АҚ басқарма төрағасы Дулат Айтжанов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Туған жерді түлетіп, ауыл шаруашылығын алға бастырып келе жатқан еңбеккерлерге құрмет көрсетіліп, мадақталды. Облыс Әкімі шаруа қожалығының басшысы Болатхан Қасеновке, механизатор Сергей Шигринға, омарташы Виктор Иманбаевқа, ЖШС директорлары Фарид Әбетаевқа, Наталья Воропайға, механизатор Дінсләм Салпышевқа, тағы да басқа көптеген ауыл шаруашылығының майталмандарына грамоталар тапсырды. Өзге де бір топ фермерлер мен ауыл кәсіпкерлері Ауыл шаруашылығы министрлігінің грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.