Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығын алға сүйрейтін жобалар аз

Түгін тартсаң майы шығатын, шыбық шаншысаң шынар болатын біздің Шығыста ауыл шаруашылығын өркендетуге барлық мүмкіндіктер бар. Алайда қолда тұрған осы байлықты әлі күнге дейін толықтай кәдеге жарата алмай келеміз. Аталмыш саладағы инвестициялық жобалардың іске асырылуы да мәз емес. Бұл туралы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен өткізілген кеңесте мәлім болды.

Ауыл шаруашылығын алға сүйрейтін жобалар аз– Агросекторды дамытуға біздің облыста барлық жағдай қарастырылған. Еліміздегі басқа өңірлермен салыстырғанда жердің құнарлығы жоғары, саланы қолдауға қажетті қаржы да жыл сайын бөлінуде. Одан бөлек тиісті министрліктердің өкілдіктері мен даму институттарының филиалдары осында жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан тиімді жобалар саны өте аз. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері тарапынан даму институттарының қарауына жіберетін ұтымды ұсыныстар мен негіздемелер де жоқтың қасы, – деп сөзін бастаған аймақ басшысы сервистік дайындау орталықтарының жұмысына сын айтты.

Әкімнің айтуынша, мемлекет қаржысына құрылған дайындау орталықтары Семейдегі тері-былғары комбинатын қажетті шикізатпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ете алмауда. Ал өткізген малдың терілері мен жүндерін республикамыздың оңтүстік аймақтарынан келген алыпсатарлар арзан бағаға талап әкетіп жатыр. Сол сияқты мал сою цехтарының қызметі де кісі қызығатындай емес. Елімізде ең бірінші болып біздің облыс қолға алған «Жайлау» бағдарламасының игілігін көру жағы да көңіл көншітерлік емес. Қысқасы, тізе берсек түйіні тарқатылмай тұрған түйткіл көп. Агросектордың арқасына аяздай батқан осынау проблемаларға жеке-жеке тоқталған аймақ басшысы кеңес отырысында өзінің орынбасары Владимир Кошелев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селихановқа нақты тапсырмалар беріп, қағаздағы есеп-қисапты қойып, шынайы іске кірісу қажеттігін ескертті.

Жиында баяндама жасаған облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелевтің алға тартқан ақпараттарына жүгінсек, ағымдағы жылға жоспарланған 114 инвестициялық жобаның үшеуі ғана индустрияландыру картасына енгізілсе, бес жоба Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қарауына жөнелтіліпті. Глубокое, Ұлан, Бесқарағай, Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім сияқты аудандармен қатар Өскемен қаласы бойынша жобалар тым аз, бар дегеннің өзінде өндіріске қосылуы баяу. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын арзандатылған сапалы ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуге және азық-түлік бағасын қымбаттатпай ұстап тұруда қиындықтар тұғызуда.

– Бесқарағай ауданындағы «Арбиев» шаруа қожалығының «Жаңбыр» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуы тиіс жобасының құжаттары «ҚазАгроФинанс» АҚ-ға жіберілген. Алайда құжаттардың 80 пайызы ғана дайын болғандықтан біраз кідіріп қалды, – дейді Владимир Кошелев.

Сөйтсек, кідірісті туғызып отырған жергілікті әкімдіктегілердің өздері көрінеді. «Арбиев» шаруа қожалығы басшысының сөзіне сенсек, құжаттарды жинау кезіндегі бюрократиялық әрекеттердің салдарынан бір құжатқа мөр соқтыру үшін жоба иелері бір ай жүріпті сандалып. Бұл сорақылықты естіген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:

– Бір анықтаманың соңынан бір ай жүгіру деген не сұмдық! Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің қандай да бір инвестициялық жобаларды іске қосуына ең бірінші кезекте аудандар мен қалалардың басшылары мүдделі болулары керек қой. Неге осыны түсінбейсіздер? Қол ұшын бергеннің орнына, кедергі келтіргендеріңіз қалай? Бесқарағай ауданында бар-жоғы үш-ақ жоба, солардың өзін өстіп жүргізбей жатырсыздар. Владимир Кошелев, неге мұны қадағаламайсыз?! – деп өзінің орынбасарын сын садағына алды.

Сонымен қатар жиында Зырян ауданы мен Өскемен, Семей қалалары әкімдерінің орынбасарлары ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан істер жайында мәліметтер берді. Бұлардың ішінде Семейде қолға алынған жобалардың бет алысы жаман емес сияқты. Әсіресе, қала халқының біразын көкөніспен қамтып отырған «Мұздыбай» шаруа қожалығының алдағы уақытқа межелеген іс-жоспарлары тиімділігімен бірден көңіл аудартты. Семей қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Нұрғалиевтің сөзіне қарағанда, «Мұздыбай» қожалығына қарайтын көкөніс сақтау қоймасына тоңазытқыш қондырғысы орнатылмақ. Соның нәтижесінде тұтынушыларға шілде-тамыз айларына дейін бұзылмаған, құнары мол көкөністі арзан бағамен ұсынуға мүмкіндік болады. Иә, қара күзде жинап алынған көкөніс пен жеміс-жидек қоры тоңазытқышы жоқ қоймада ұзақ сақталмайтыны белгілі. Осыны еске салған Әкім «Мұздыбайдың» бұл жоспарын оңды деп бағалады және «Ертіс» ӘКК арқылы тиісті көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

Облыс орталығындағы агросекторды дамытуға бағытталған жілікті жобалар бірен-саран ғана, көбісі шағын шаруашылықтарға негізделіпті. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Оксана Желякованың деректеріне сүйенсек, «Айтас МП» ЖШС құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын шұжық цехын 2015 жылы іске қоспақшы. Кәсіпорын толық қуатпен жұмыс істесе, тәулігіне 33 тонна етті тереңдетіп өңдеуге жол ашылып, біраз адам еңбекке тартылмақ. Одан бөлек Өскеменде «Кормокомбинат» ЖШС-нің жобалық құны 1,09 миллиард теңгеге сай келетін, тәулігіне 20 тонна өнім өндіруге қуатты құрама жем өндіру комбинатын ашу, Самсоновка ауылында 9 миллион теңгеге «Жанерке құс» шағын құс фабрикасын құру, 27 миллион теңгеге құрамында минералды қоспалары бар нығыздалған тұздар өндіру сияқты бірқатар жобалар келешекте шаһар тұрғындарына қызмет етпек.

Алайда біздің облыстың әлеуетін ескерсек, осылардың өзі аздық етеді деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ауыл шаруашылығын алға бастырып, халықты сапалы да арзан өнімдермен толық қамтамасыз ету үшін саны көп, сапасы жоқ жобалардың ішінен ең маңызды әрі тиімділерін іріктеп алып, нақты іске асыру керектігін қадап тұрып тапсырды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button