Ауыл шаруашылығы

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Кейінгі жылдары агроөнеркәсіп саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Шығыс өңірі төрт түліктің санын арттырып, ет пен сүт өндіру көлемін ұлғайтты.

Шығысқазақстандық диқандардың майлы дақылдарды көптеп өсіруі дақылдың осы түрін қайта өңдеу саласына жіті назар аудару қажеттігін туындатты. Осыған орай, биыл облыста жылына 300 мың тонна күнбағыс майын шығаратын жаңа май зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 50 мың тонна күнбағыс майын өндіре алатын тағы бір зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл өсімдік майының экспортын үш есеге арттырып, тауар жеткізу сомасын 90 миллион долларға жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыстағы агроөнеркәсіп кешені саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар да жұмыс қуатын еселеуге ден қойып отыр. Атап айтсақ, осы жылы «Восток-Молоко» кәсіпорны ірімшік шығару цехын кеңейтіп, «Өскемен құс фабрикасы» бройлер өндірісінің көлемін ұлғайтты.

Ұлан ауданында селекциялық-генетикалық алаңы және тауарлы фермасы бар әрі қоспажем дайындаумен айналысатын ет өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жоспар бойынша 2025 жылы толық жұмыс қуатына шығатын бұл кәсіпорын 150-200 миллион доллар көлемдегі өнімдерін Қытайға және оңтүстік-шығыс Азия елдеріне экспорттауды көздеп отыр.

Оған қоса жақын арада жылына 120 млн жұмыртқа өндіретін жаңа құс фабрикасы іске қосылады.

Өңірде аквафермалар санының көбеюі және олардың өнімдеріне деген сұраныстың өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артуы балық өндірісін 480 тоннадан 1297 тоннаға дейін ұлғайтты. Бұдан бөлек облыста 2030 жылға дейін балық өндірісін 20 есе арттырып, ауланатын балық көлемін жылына 10 мың тоннаға жеткізу міндеті қойылды.

Осы айдарда

Back to top button