Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығын цифрландырудың тиімділігі неде?

2022 жылға қарай облысымыздың ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологиялар дендеп енгізілмек. Атап айтсақ, мал шаруашылығына «Смарт-ферма» жобасы енгізіліп, егістікті электронды дәлме-дәл бақылау жүйесі іске қосылатын болады. 

Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру туралы және осы бағытта атқарылған жұмыстар жайында салалық ведомство басшысының орынбасары Владимир Гайламазян баяндады.

Егін шаруашылығына цифрландыру әдістерін енгізу түсімді арттырып, еңбек өнімділігін арттыруды көздейді. Жоспар бойынша алдағы екі жылда бұл әдіс облыстың 150 жетекші шаруашылығында пайда болуы тиіс. Бірінші кезең, яғни егіс алқаптарын цифрландыру ісі былтыр басталған. Келер жылы топыраққа талдау жүргізіліп, электронды агрохимиялық карталар жасалады. Одан соң метеорологиялық стансалар салынады, арамшөптер өсетін жерлердің электронды картасы әзірленеді. Ал 2022 жылы процесті басқаратын бағдарлама іске қосылады.

– Биыл облыста өсімдік шаруашылығы бойынша екі цифрлық жоба іске асуда. Бірінші жоба «Жерді тиімді пайдалануға арналған ІТ-технологияларды енгізу» деп аталады. Оны Глубокое ауданы, Солнечное кентіндегі майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы және Ұлан ауданы, Саратовка ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжі қолға алған. Екінші жоба – «Далалық аумақтардағы малазықтық дақылдардың өнімділігін арттыру үшін тиянақты егін шаруашылығы технологияларын енгізу». Оны Бесқарағай ауданындағы «Лана, «Ертай, «Балке» қожалықтары жүзега асырып жатыр, – деді  басқарма өкілі.

Шемонайха ауданындағы «Защита Үбі» шаруашылығы – әзірге егістіктегі техниканы басқару бойынша цифрлық технологияларды енгізген облыстағы бірден-бір қожалық. Мұндағы тоғыз комбайнның жүрген жолы, кетірген отыны, жинаған астығы толықтай дерлік қадағаланып, сарапталады. Яғни, бұл – облыс өсімдік шаруашылығындағы алғашқы цифрлық ферма.

Мал шаруашылығында 2022 жылға дейін 166 озық ферма және бір цифрлық ферма құру көзделіп отыр.

Қазір ақпараттық-сараптамалық жүйесі бар базалық фермалар жасалуда.

– Бүгінде сегіз сүт фермасына «Смарт-ферма» элементтері енгізілген. Осының арқасында фермалардағы 6 мың сиырдан сауылатын сүт мөлшері бір жарым есеге ұлғайды. 2022 жылға қарай тағы жеті фермаға цифрлық құрал-жабдықтар орнатылмақ. Жаңа технологиялар ет бағытындағы «Шалабай», «Сембелл», «Елімай-Көкпекті», «Ықыбай», «Нұр» шаруашылықтарында қолданылуда. Бұлардың жайылымдары қоршалып, ірі қараның салмақ қосу қарқынын еспке алатын компьютерлік бағдарлама іске қосылады, – деді Владимир Гайламазян.

Сонымен қатар майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы екі жылдың ішінде баламалы қуат көздері мен көмекші-роботтарды қолдануға көшуді көздеп отыр.

Атап өтерлік жайт, биылдан бастап ауыл шаруашылығы басқармасы «Парыз» қайырымдылық қоры есебінен «Смарт Агро» жобасын жүзеге асыруда. Аталмыш жүйе шаруашылықтардағы малды, техника мен жерді есепке алуды және талдауды қарастырады. Бұл мәліметтер қожалық иелерін мемлекеттік қолдаудың түрлері туралы ақпараттандыру үшін де қажет.

Сондай-ақ бүгінде өңірдегі аграрлық жерлердің электронды картасы жасалуда. Жайылымдар мен шабындықтардың көп бөлігі цифрлық нұсқаға көшірілген. Тек әлі заңды түрде рәсімделмеген алқаптар ғана қалып отыр, олар 15 пайызды құрайды.

Облыс әкімі Даниал Ахметов орынбасарлары мен сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

– Жүргізілген жұмыстардың экономикалық сараптамасын көріп отырған жоқпын. Әлбетте, цифрлық технологиялардың тиімділігі айдан анық, бірақ нақты сандар қайда?! Оларды енгізуге кеткен шығын, өзін-өзі ақтау мерзімі, тиімділігі туралы мағлұматтар сіздердің қолдарыңызда болуы тиіс. Мен «Елімай-Көкпекті», «Шалабай» шаруашылықтарының озық технологиямен істеп жатқанын жақсы білемін. Сіздер кеңседе тығылып отырмай, солардың жұмысымен жақынырақ танысып, тәжірибелерін таратудың жолын іздеңіздер, – деп міндеттеді аймақ басшысы.

Облыс әкімі сала мамандарына озық тәжірибеге ие қожалықтарға барып, олардың технологияларымен, қолданатын техникаларымен жіті танысуды, он күн ішінде цифрландыру шарасына кететін шығындар мен оның тиімділігіне толыққанды экономикалық талдау жүргізуді тапсырды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button