Экология

АУЫЛ МЕН ҚАЛА ҚОҚЫСТАН АРЫЛЫП ЖАТЫР

     Еліміздегі экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін жедел  шешіп, реттеуді тапсырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендер маңын қоқыстардан арылтуға да айрықша назар аудартқан болатын.

«Қазақстан  Ғарыш Сапары ҰК» АҚ ұсынған ғарыштық мониторинг деректері бойынша 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысында 569 заңсыз қоқыс орны анықталған.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы экология департаментімен бірлесіп,  қалалар мен ауылдар маңындағы осы қоқыс тастайтын жерлерді жою кестесін әзірлеп, бекітіп отыр. Қала және аудан әкімдіктерінің күшімен бүгінгі күні сол қоқыс орындарының  90% немесе 511 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылған. Бұл бағыттағы жұмыс облыстық экология департаментімен бірлесіп тұрақты негізде жүргізіліп келеді.

Энергетика және ТҮКШ басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, стихиялы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін ұйымдастыру бүгінгі күні экология саласындағы құқық бұзушылықтардың кең таралған түрлерінің бірі болып қалуда. Әдетте, біз “тұрмыстық” деп атайтын кәдімгі қоқыс – бұл тек пластик, металл және шыны ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға,  болашақта жақын жерде тұратын адамдардың денсаулығына үлкен қауіп-қатер төндіретін, зиян келтіретін батарейкалар, сынапты лампалар, электр аспаптары және өзге де тұрмыстық техникалар.  Мұндай қалдықтар қоршаған ортаға: атмосфералық ауа, жер үсті және жер асты, соның ішінде ауызсу, су және топыраққа үлкен зиянын тигізіп жатыр.

Жедел ақпаратқа қол жеткізу үшін экология департаментінің бастамасы бойынша 87759524900 нөмірі бойынша WhatsApp тобы құрылып отыр. Оған облыс тұрғындары рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын үйіндінің орналасқан жері туралы деректерді  жібере алады және жою бойынша жұмыстардың орындалу барысы туралы біле алады.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button