Президент тапсырмасы

Ауыл маңындағы жайылым жерлер кеңейді

 Өріс ортақ болмаған соң жайылымның тарлық етуі заңдылық. Бұл – көшпенді өмір тоқтағаннан бері жалғасып келе жатқан мәселе. Ен даланы еншілеп алғандардың кесірінен елдің өрісі тарылып, жер жетпей жатқанын ел Президенті өзінің Жолдауында тілге тиек еткен болатын. Осы орайда Ұлан ауданында бірнеше ауылдың шекарасы өзгеріп, жер мәселесі реттелген.

Мал шаруашылығын кәсіп еткен жұртқа жайылымдық жер керек. Қалаға жақын орналасқан Ұлан ауданы үшін бұл тіптен маңызды мәселе. Аудан әкімі Президент тапсырмасына орай бұл түйткілді біржақты етіп жатқанын өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты. Мал өрісін кеңейту мақсатында Мамай батыр, Айыртау, Бозанбай, Таврия, Тарғын, Сағыр ауылдарының арасында жаңа шекаралар бекітілген.

– Елді мекендердің шекарасын қайта белгілеу себептерінің бірі – жайылымдық жерлерді кеңей ту. Сонда ғана жергілікті тұрғындар өз малын еш қиындықсыз өрістете алады. Сол үшін мүмкіндігіне қарай ауыл шекараларына өзгеріс жасадық – дейді Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.

Сонымен қатар жерді не өзінің, не өзгенің пайдасына жаратпай иелік етіп отырғандардың меншігіндегі телімдер мемлекетке қайтарылған. Тексеріс жүргізіп, заң талаптарына сай жерлерді қайтарып алу өз нәтижесін көрсеткен. Ұлан ауданы бойынша былтыр жалпы ауданы 21,2 мың га болатын 68 жер телімі иесіз жер санатына ауыстырылыпты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың иесіз немесе мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерлердің бар-жоғын тексеру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін «Колдау» веб-порталында жалпы ауданы 102 мың га болатын 154 жер пайдаланушы анықталды, – деді Ренат Құрмамбаев.

Сондай-ақ мониторинг жүргізу арқылы жер қатынастары бөлімі қосымша 20,1 мың га жерге 21 акт, жалпы алғанда барлығы 34,6 мың га жерге 95 тексеру актісін жолдаған. Жер мәселесін реттеу барысында «Ғарыш сапары» веб-порталына да жүгінген. Нәтижесінде порталда 894 карточка анықталып, оның 827-сі облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілген. Тіпті, кейбір жер телімін дұрыс пайдаланбағандарға айыппұл салу арқылы ауданның қазынасына кірісі те кіргізген. Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланатын 16 субъектіден 20 есе жер салығын өндіріп, аудан бюджетіне қосымша 3,2 млн теңге қаржы түскен. Осылайша жерді оңды-солды пайдаланып, мақсатсыз иелік еткендерді ретке келтірген. Нәтижесінде мал баққандардың өрісі кеңіп, шаруалардың мәселесі шешімін тауып жатыр.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button