Денсаулық сақтау

Аутизмді жеңуге бола ма?

Аутизмге ұшыраған дегенде көз алдымызға қандай бала елестейді? Сырт бейнесінде ешқандай ауытқушылық байқалмайтын, он екі мүшесі сау, бірақ томаға-тұйық, өзімен-өзі болып отыратын балғынды көреміз. Медицинаның өзі аутизмді дерт деп есептемейді.

Алайда аутистік спектр ауытқулары (АСА) бар балалар саны жылдан-жылға өсіп отыр. СDC (АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі орталығы) деректері бойынша, егер 2000 жылы аутизм 150 баланың біреуінде анықталса, бүгінгі таңда 59 баланың біреуінде кездеседі.  «Аутизм. Баршамызға бір әлем» жобасын іске асыратын Болат Өтемұратов қорының сараптамалық бағалауы бойынша, Қазақстанда АСА бар балалардың саны 60 мыңға дейін жетуі мүмкін.

Облыс орталығында білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшылығының, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен осы өзекті проблемаға арналған «Аутистік спектрдің ауытқулары бар балалар мен олардың отбасыларына дәрігерлік-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қызметтердің сапасын жақсарту» аттты семинар-мәжіліс өтті. Семинарға қатысушылардың айтуынша, аутизм мәселелеріндегі негізгі проблема –қоғамда аутистік спектр ауытқуларының белгілері мен салдары туралы көп біле бермейді, коррекцияға мұқтаж балаларға мамандар мен ата-аналар тарапынан тиісті көңіл бөлінбейді.

–Аутизм деген –ауру емес, коммуникациялардағы, әлеуметтік өзара әрекеттесудегі, жүріс-тұрысындағы олқылықтардан көрінетін баланың дамуының ерекше жағдайы. Мұндай олқылықтарды көп жағдайда түзетуге болады және балада АСА неғұрлым ерте анықталса, коррекция соғұрлым тиімді болады. Балаға оның өмірі мен оның отбасының өмір сапасын әдеттегі деңгейде сақтауға болатындай азды-көпті дәрежеде араласуға және дербестік машықтарын дамытуға болады. Сондықтан аутизм проблемаларына жұртшылықтың назарын аударудың және жалпы хабардарлық деңгейін жоғарылатудың маңызы өте зор, – деді Өскемендегі «Асыл Мирас» аутизм орталығының жетекшісі Жанар  Омарова.

«Асыл Мирас» аутизм орталықтары 2015 жылдан бері Болат Өтемұратов қорының «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасының шеңберінде Қазақстанның сегіз қаласында ашылды (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Орал, Өскемен, Петропавл, Қызылорда). Бағдарлама аутистік спектр ауытқулары бар балалардың өмір сапасын жақсартуға арналған прогрессивті қолдау жүйесін дамытуға және енгізуге бағытталған. «Асыл Мирас» аутизм орталықтарында АСА бар балаларға қажетті машықтарды дамытуға және бүгінгі қоғамға бейімделуге тегін  көмектеседі. Балалармен үздік әлемдік әдіснамалар мен технологияларға оқып-үйретілген мамандар жұмыс істейді. 2015 жылдан бері «Асыл Мирас» орталықтарында сегіз мыңнан астам балаға осы технологиялар бойынша көмек берілген.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button