Денсаулық сақтау

Аутизм жайлы не білеміз?

Аутизм жайлы не білеміз?


Жыл сайын 2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні ретінде аталып өтеді. Бұл айтулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы аутизмге шалдыққандарға қоғамның назарын аудару үшін 2008 жылдан бастап белгілеген. Осы күні облыс орталығында аталмыш проблемаға қатысты бірнеше шара өтті.

Орталық қызметкерлері қызғылт түсті ойыншық шаңсорғышты баяғыда-ақ істен шығып қалғанына қарамастан лақтырмайды. Өйткені Родион осы ойыншық болмаса,мамандардың айтқанын орындаудан бас тартады. Ойыншық шаңсорғыш – балғынның ең басты мотиваторы. Тағы бір Асылбек есімді балақай туралы әңгіме тіпті адам сенгісіз. Оның әкесі компьютерде ойын ойнайды екен. Бірақ бір деңгейден өте алмай-ақ қояды. Бірде үзіліс жасап, қайта келсе, Асылбек әлгі деңгейден өтіп қойыпты. Әкесіне алынбас қамалдай болған күрделі деңгейді баланың қалай бағынғандырғаны жұмбақ күйінде қала берді. Онда тұрған не бар дейтін шығарсыздар? Родион мен Асылбек – аутист балалар.

Аутизмге шалдыққан кейбір балақайлардың дені сау құрбыларынан әлдеқайда ақылдырақ, талантты болатыны шындық. Олардың әсіресе, есептік техникаларға деген әуестігі таңғалдырады. Бар қиындық – олардың басқа жандармен қарым-қатынасқа түсуінде. Ешкіммен араласпай өскен балаларда өсе келе әртүрлі психикалық ауытқушылықтар болуы мүмкін. Облыс орталығында аутизмге шалдыққан балаларды қоғамға бейімдейтін бірнеше орталық бар. Солардың бірі – Өскемен қаласындағы балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталығында бүгінгі таңда аутизмге шалдыққан және аутизмнің белгілері бар 1,5 жас пен 18 жас аралығында 27 бала бар.

-Аутизм туралы ақпараттарбертін ғана таратыла бастады. Осындай ауытқушылықтары бар балғындарды енді ғана танып-біліп жүрміз, оларға өздерін қажетті санайтындай қолайлы орта қалыптастыру керек. Біздің басты мақсатымыз – ерекше балақайларды қоғамға бейімдеп, әлеуметтік қолдау көрсету. Осы бағытта дефектолог, психолог, логопед, сияқты мамандардың кешенді көмегіне жәнееңбек терапиясынасүйенеміз. Басқа балалар сияқты тәрбиеленушілеріміз би билейді, ән айтады, музыкалық сабақтарға қатысады, шығармашылықпен айналысады, – дейді орталықтың директоры Ольга Батуева.

Изостудияда Елена Сысоева бір балақаймен жираф, зебра сияқты түр-түсі ерекше жан-жануарлардың суретін салып, бояп отыр. «Аутист балалар үстерін былғап алудан, қолдарына бірдеңені ұстаудан, жалпы өздеріне беймәлім нәрселерден қорқады. Әрқайсысымен кемінде 15-20 минут сабақ өткізем. Бес минуттан кейін-ақ жалығып кетеді, сондықтан көңілкүйлерін басқа жаққа аудара қою керек. Сурет салу саусақтардың ұсақ моторикасын, баланың коммуникациясын дамытады» деп ой бөлісті өз бақылауларымен Елена Сысоева.

Дефектолог Анастасия Кожевникова бүгінгі таңда аутизмге ұшыраған бүлдіршіндердің күннен-күнге көбейіп келе жатқанын айтады. Өз әлемінде ғана өмір сүретін балғындармен жұмыс істеу оңай емес. Бұл тұрғыда олардың ата-аналарының көмегі де өте маңызды екен.

Іс-әрекетінде аутизмнің белгілері бар балалардың әрекеттері әртүрлі болуы мүмкін. Біреуі елден оқшауланып, томаға-тұйық отырса, екіншісі керісінше, бір қимылды тоқтамастанқайталай береді.

-Біз орталықта осындай баламен жұмыс істегенде, ең алдымен оны тыныштандырып, бір орында отырғызуға тырысамыз. Бұл өте ұзақ уақытты талап етеді. Егер бізде меңгерген дағдыларын үйде әке-шешесімен қайталайтын болса, ол ортаға да тезірек бейімделер еді. Қазір осындай жандарды өмірге бейімдеудің неше түрлі озық бағдарламалары шығып жатқанда, олардың жан дүниесі ашылып, бойларындағы ерекше қасиеттері болса, жарыққа шығар деп үміттенемін. Бұл осыдан бес жыл бұрын мүлде мүмкін емес сияқты көрінетін, – деген пікірін жеткізді дефектолог.

Аутизм жайлы не білеміз?

Бүлдіршіндерді скринингтік тексеруден өткізеді

Болат Өтемұратов қорының «Асыл мирас» аутизм орталығы Өскемен қаласында 2016 жылдан жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында 300-ге жуық балғын орталық мамандарының бағдарламалары бойынша қоғамға бейімделудің бірнеше сатыларынан өткен. Ең кішкентай тәрбиеленуші бір жас сегіз айда болса, ең үлкені он бес жаста. Орталық жетекшісі Асылбек Нұрмұхаметтің айтуынша, мамандар баланың дамуы мен қажеттілік дейгейлеріне сәйкес ерте қолдау, оқып-үйрену, әлеуметтік, өмірлік машықтарды дамыту, джаспер, қарқынды күрес сияқты бағдарламаларды басшылыққа алады. Бұл тұрғыда, әрине, ерекше балаларда тұрмыстық дағдыларды қалыптастыру маңызды екені сөзсіз. Аутист балалар бірнеше рет қайталай берудің нәтижесінде есікті ашу, төсекті жинау, өзі киіну сияқты машықтарды тез үйренеді. Бұл олардың өздерін-өздері күтуіне, өзіне қызмет көрсете алуына мүмкіндік береді. Джаспер бағдарламасы, мысалы, тілі нашар шыққан балғындардың сөйлеу мәнерін ұштауға бағытталған. «Асыл мирасқа» өңіріміздің кез келген түкпірінен келуге болады және бәрі тегін.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бүлдіршіндерге аутизм диагнозын барынша ерте қоюда асылмирастық мамандардың біліктілігіне сүйенбекші.

– Облыста аутизмге шалдыққан 384 бала тіркелген. Есепке алынбағаны қаншама. Оларға көмектесу мақсатында біз «Асыл мирас» орталығының мамандарымен бірлесіп, үш жасқа дейінгі сәбилерді скирингтік тексеруден өткізуді қолға алдық. 3әуірден бастап екі ай көлемінде облыстық ана мен бала орталығында өңірдегі барлық балаларды қарайтын боламыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллина.
Басқарма басшысының орынбасары келешекте бір жолғы акциямен шектелмей, скирингті тұрақты түрде жыл бойы өткізу туралы аутизм-орталығымен меморандум бекіту жоспарларында бар екенін айтты.

Жылына 150-200 дефектолог маман даярланады

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті аутизм балаларға арналған мерекені биыл бесінші рет өткізіп келеді. Университет ғимаратының фойесінде ерекше балалардың көңілкүйін көтеруге бағытталған бірнеше алаң жұмыс істеді. Бір бұрышта оларды би шеңберіне шығарып, ойын ойнатса, Дарья мен Альбина сияқты бірінші курс студенттері балалармен сурет салып, қолмен бұйымдар жасап отыр. Екеуі де болашақта дефектолог мамандығын меңгеріп шығады. Жалпы жоғары оқу орнында жылына 150-200 дефектолог даярланады.

-Мен аутизм туралы көптеген фильмдерді көріп, осы мамандыққа қызықтым. Әрине, қиындығы бар. Баланы өзіңе жақын тартып, көңілін аулай білсең, ол біртіндеп ашылады, – деп сеніммен айтады Альбина. Ал Дарья болса, алғашында дәрігер болсам деген райынан қайтып, қызығы мен шыжығы көп осы мамандықты таңдағанына өкінбейтінін айтты.

Тоғыз жастағы Рамазан анасы Гульмирамен пазл жинап отыр. Балақайға бұл ойын ұнайтыны көрініп тұр. Анасының айтуынша, ұлы іштен мойны қисық болып туған. Бойындағы ауытқушылықтарды жасқа толмай байқапты.

-Менің етегімнен ұстап, басқа бөлмеге шығармай, жылайтын. Кейде допты лақтырып, қайта қағып алып, сағаттап отыра береді. Тағы бір байқағаным, менің көздеріме қарамайды. Көз байланысы үзіліп қалды. Қазір коррекциялық сыныпта оқимыз. Тұрмыстық машықтардың біразын жаттап алған,- дейді анасы.
Нәзира Серікханқызы да ұлымен келіпті. Төрт жаста әлі өздігінен отыра алмаған баласын осы университеттің орталығында отырып үйретіпті. Жоғары оқу орнына күнделікті келіп жүріп, өзі де логопед мамандығын меңгеріп, диплом алыпты, қазір мамандығы бойынша жұмыс істейді.

-Үш жасқа дейін балам сөйлемеді. Дәрігерлер де «уақыты келгенде сөйлейді» деп жұбататын. Бұл дұрыс емес екен. Ал мен ата-аналарға айтар едім: егер бала 1,5-2 жасында «ма-ма, па-па» сияқты екі буынды сөздерді айта алмаса, дабыл қағыңыздар! Сәби осы жаста өзіне керегін сұрап алатын болуы керек. Аутизмнің тағы бір белгісі – жаны ашу қасиеті жоғалып кетеді. Егер сіз бір жеріңізді ауыртып алсаңыз, ол сізге немқұрайлы қарап, отыра береді. Бүлдіршіннің бойынан осындай ауытқушылықтарды байқаған ата-ана дереу арнайы мамандардың көмегіне жүгінуі тиіс. Ертерек қимылдасаңыз, баланы бейімдеу де жеңілірек болады, – деген тәжірибесімен бөлісті Нәзира.

Аутизмнің қайдан пайда болатынын ғалымдар әлі нақты білмейді. Бұл синдромды адамның жаратылысы, мінез-құлқындағы өзіндік ерекшелігі деп те қабылдауға болады. Қазақтарда оқшауланып, басқаларды жатырқап, көп араласпайтын адамдарды кісікиік деп атайды. Ғалымдар аутист балалардың бойында түсіндіруге келмейтін ерекше таланттың болатынын да байқаған. Әлемге танымал Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн, Билл Гейтс сынды тұлғаларда да аутизмнің белгілері кездескен деседі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button