Денсаулық сақтау

Ауруды анықтаудың тың тәсілін меңгерді

Айна Ескенқызы

Облыс тұрғындары бұдан былай ішек жолдарын тексеретін ФКС зерттеуінен наркоздың көмегімен өте алады. Қуаныштысы – бұл қызмет облыс орталығында ғана емес, өңірдің бірқатар аудандық ауруханаларында да қолжетімді. Тарбағатай ауданында жуықта осындай алғашқы процедура жасалды.

Егер бірнеше жыл бұрын аймақта анестезиямен колоноскопия жасайтын мамандарды табу қиын болса, қазір бұл тексеруді көптеген медициналық мекемелерде, соның ішінде аудандық мекемелерде жасауға болады. Фиброколоноскопия (ФКС) асқазан-ішек жолдарының жарасы, колит, ішектің жүрмеуі, полип, қатерлі ісік, қабыну сияқты түрлі ауруларға күдік туындаған кезде жасалады. Әдетте бұл процедура жергілікті анестезияны қолдану арқылы жүзеге асатын, бірақ кей жағдайда наркозды қолдану қажет.

– Бұл жоба облыс басшылығының бастамасымен қолға алынды. Былтыр қараша айының соңында біздің он анестезиолог-реаниматолог Латвияда осындай процедураларда анестезия жасау үшін тағылымдамадан өтіп келді. Жобаға бүкіл өңірдің мамандары тартылады. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы жобаны 2023 жылы толығымен іске асыруға бағытталған арнайы Жол картасын әзірледі, – деген болатын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина.

Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігері Елжан Манарбеков емдеу ұйымында қолға алынған зерттеу әдісі туралы айтып берді.

– Бізге келген сапарында облыс әкімі заманауи қондырғы алып беруге уәде еткен еді. Қазір облыс басшылығының тапсырмасымен «Олимпус» видеоколоноскопына қол жеткіздік. Мұндай аспап тіпті ірі қалаларда да бола бермейді. Облыс басшысының бастамасымен қолға алынған дәрігерлерді қайта даярлаудың үш деңгейлі жүйесі бағдарламасының аясында екі маманымыз – анестезиолог-реаниматолог дәрігер Айнұр Кәкімқызы Рига қаласында және эндоскопист-дәрігер Самат Қайратұлы Өскеменде білімдерін жетілдіріп келді. Қазір ауыл тұрғындарын осы тәсілмен тексеріп жатырмыз. Өткенде алғашқы пациентті тексергенбіз. Ол кісіден ісік пен полип табылған жоқ. Енді науқастарды жаппай қабылдай бастаймыз. Әсіресе ауырсынуды көтере алмайтын немесе эпилепсиясы бар пациенттерді тексеруге өте қолайлы. Бейнеколоноскоптың артықшылығы – тексеру кезінде табылған полип не ісіктен бірден биопсия алуға болады. Оны онкологияға жіберіп, ісіктің қатерлі не қатерсіз екенін анықтаймыз. Наркозсыз бұл процедураның барлығы тексерілушіге ауыр тиер еді, – деді бас дәрігері.

Тарбағатай аудандық ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Айнұр Кәкімқызы он маманның қатарында Рига қаласындағы  клиникада науқастарды амбулаториялық және скринингтік-профилактикалық тексеру кезінде ФКС процедурасынан анестезия арқылы өткізу тәсілдерін еуропалық деңгейде оқып, үйреніп келді.

– Бұрын мұндай зерттеуден өту үшін біздің пациенттер облыс орталығына баратын, енді жергілікті тұрғындарға бейне-ФКС тексеру аудан орталығында да қолжетімді. Бастысы – қазір бұл жағымсыз процедура анестезиямен жасалады. Көптеген адамдар осы процедураны ауыр деп санап, тексеруден уақтылы өтуден қашатын. Бұл әртүрлі асқынуларға әкеліп соғуы мүмкін еді. Енді тарбағатайлықтар ішек жолдарын еш қорқынышсыз, наркоздың көмегімен тексерте алады, – дейді анестезиолог-реаниматолог.

Ал Өскемендегі №4 қалалық аурухананың дәрігерлері тағы бір заманауи зерттеу түрін –видеоэзофагогастродуоденоскопиямен тексеруді облыста алғашқылардың бірі болып анестезиямен жасай бастады.

Сәулелік және функционалдық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі, эндоскопиялық хирург-дәрігер Әділ Джадриновтың айтуынша, соңғы уақытта медициналық мекемеде эндоскопиялық әдіспен тексеру мыңнан астам науқасқа анестезиясыз және 60-қа жуық пациентке анестезиямен жүргізілген.

Әділ Джадринов түсіндіргендей, ішектің іші тексеру үшін қолданылатын сандық камерасы бар икемді, жіңішке эндоскоптың көмегімен монитордан үлкейтіліп көрінеді. Зерттеу барысында биопсия алуға және кейбір емдік манипуляцияларды жасауға – полиптерді алып тастауға, қан кетуді тоқтатуға болады, кей жағдайда дәрі-дәрмектерді енгізу мүмкін. Дәрігер бұрын осы процедурадан қорқатындар үшін енді тексеру қолайлы жағдайда өтетініне сендірді. Колоноскопиядан кейін ауруханада жатудың керегі жоқ, науқас үйіне барады. Анестезия үшін енгізілген препараттар денеден бірнеше сағат ішінде шығарылады.

– Біздің облыста тоқ ішектің қатерсіз және қатерлі ісіктері бойынша динамикалық бақылауда тұрған науқастардан басқа, барлық 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер колоректальды обырды ерте анықтау мақсатында екі жылда бір рет МӘМС аясында тоқ ішекті тексеретін скринингтен өтуге тиіс. Егер сіз осы жас санатында болсаңыз, онда тексеруден өту үшін  емханаға тіркелген-тіркелмегеніңізді және сақтандырылған мәртебеңіздің бар-жоғын алдын ала анықтап алыңыз. Бұл екі жағдай өте маңызды. Тек тегін скринингтен өту үшін ғана емес, сонымен қатар медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерді уақтылы алу үшін де қажет, – деп толықтырды Әділ Джадринов.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button