Тарих

Ауғанстан ақиқаты

Ауғанстан ақиқаты


Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шыққанына биыл тура отыз жыл болды. Бұл – бір айтулы мереке демесек те, есте қалатын, еске алуға тұрарлық оқиға.
Өйткені, отыз жыл өтсе де,Ауған жеріндеболған сол қырғынға әлі нақты баға берілген жоқ.
Қаншама кітаптар жазылып, деректі де, көркем де фильмдер түсірілді. Кейіпкерлері әртүрлі болғанымен, бәрінің мазмұны ұқсас, идеясы бір. Кейбіреулер сол соғыстың қажет болғандығын дәлелдеуге тырысса, енді біреулері керісінше, барлық шындық оқиғаларды жоққа шығарып, Кеңестер Одағы ешкімге опа бермеген қантөгіске бекер араласты, қаншама өрімдей жастарымыз жат жерге жау оғынан мерт болды, қаншама қаржы шет мемлекеттің тау мен тасында бей-берекет шашылды деп пайымдайды.

Жуықта менің қолыма «Ауғанстан: аңыз бен ақиқат» атты деректі-көркем кітап түсті. Ауған соғысына көзқарасымды мүлде өзгертіп жібермесе де, мен үшін беймәлім деректерге, шырылдаған шындыққа толы дүние болып шықты.Бізге осы тың туындының авторы, жерлесіміз, полиция полковнигіҚұмарбек Төпелековпен жолығып, сұхбаттасудың реті түскен еді.

Құмарбек Төпелеков екі жыл Ауған жерінде қызмет істеп келген азамат. Сол жылдардағы ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен, Ауған Президентінің «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ұзақ жылдар облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды. Полиция саласындағы жемісті еңбегі жиырма шақты медальмен аталып өткен. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне «Еңбегі сіңген қызметкер», Катонқарағай ауданының Құрметті азамат. (ВРЕЗКА)

Дари тілін меңгердім

– Құмарбек аға, әңгімемізді Ауған соғысына қалай барғаныңыздан бастасақ.

– Менің Кабул жеріне табанымның тигеніне, міне, 12ақпанда тура 34 жыл толыпты. Мен ол қырғынға ақыл тоқтатқан, оң мен солымды айыра алатын жаста бардым. Қасіретті соғысқа Кеңестер Одағынан 620 мың жауынгер мен әскери қызметкер қатысса, оның 525 мыңы Кеңес әскерінен, 90 мыңы шекара әскерлері мен мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен, бес мыңы ішкі әскер әскери құрамалары мен милициядан шақырылған екен. Ауған жерінде интернационалистік борышын өтеуге Қазақстаннан барлығы 22 мыңна астам адам қатысыпты. Ал милиция жүйесінен елімізден шақырылған он шақты офицердің қатарында мен де болдым. Қамшының сабындай шолақ ғұмырымның екі жылын Бағлан провинциясында, Пули Хумри қаласында өткіздім. Маған сол облыстық ішкі істер басқармасында қызмет істеп жүрген кезімде сенім артылып, алдымен Ташкент қаласында бір жылдай дари тілін меңгеріп бардым. Отыз екі жастағы мен бұған дейін әскери борышымды өткеріп үлгерген, жоғары білім алып, қызметте біраз тәжірибе жинақтаған, әр нәрсеге өз көзқарасы қалыптасқан шақта бардым. Дари тілін жетік білмесем де, жақсы түсінетін, тіпті жауап беретін деңгейім болды. Біздің негізгі міндетіміз – ауған царандойларымен қоян-қолтық жұмыс істеу еді. Царандой дегеніміз -ішкі істер органдарының ішінде қаруланған әскери құрылымдарды біріктірген ұжым. Ол жергілікті жерде полицияның функциясын атқаруға тиіс болған. Сол царандойларға кеңестік кеңесшілер бекітіледі.Аудандық бөлімдерге жаңадан қабылданған қызметкерлердіқару-жарақты қолдана білуге, оны күтуге үйретеміз, саяси сауаттарын ашу үшін қызыл бұрыштар ұйымдастырылды, тіпті өздеріне казарма салғызуды да қолға алдық. Бастығым Николай Слипченко казарманы салу жұмыстарын күніне неше барып, тексеріп, ескерту жасайды. Кейде қолына күрек алып, өзі де қызу кірісіп кететін. Аузынан үнемі «кірпіш» сөзі шыққандықтан, оған ауғандықтар «кірпіш» деген лақап ат беріп қойған.

Таңертеңнен кеш батқанша ауғандармен бірге жүреміз, олар ұрысқа барған кезде, бізсолармен қатар тұрамыз, үстіміздегі киім де царандойдың формасы. Егер сен Совет әскерімен тұрсаң, қасыңдағылар өзіңнің қаруластарың, бір-біріңе сүйеу бола аласың. Ал біз ауғандардың бір полкінде үш-ақ адам болдық. Алдымызға да, артымызға да қарап, өте сақ болуға тура келді. Сені царандойлардың бірі артыңнан келіп өлтіріп кетпеуін де ойлап тұруың керек. Бұл әсіресе психологиялық тұрғыдан ауыр салмақ түсіреді. Мен царандой кеңесшісінің аудармашысы қызметін атқардым.

– Қиын болған шығар?

– Тілді толық меңгеру үшін тілдік орта қажет екен. Мен сондай ортаға түскеннен кейін бірер айда төселіп, ілеспе аударманы да жап-жақсы меңгеріп алдым. Царандойлардың ортасында шала аударма жасау мүмкін де емес еді. Өйткені, олардың ішінде Кеңес Одағында оқыған не тәжірибеде болған, «төбелері тесік» мамандар кездесетін. Аудармамның сәтсіздеу тұстарында олардың жымиып күлгендерін байқап қаламын. Оның себебі -менің бастығым, кеңесші Николай Слипченко жиындарда бір күн бұрын «Мә, дайындалып ал, ертең өзіңе оңай болады» депөзі берген баяндамасынан ауытқып, қыза-қыза, мүлде басқаша сөйлеп кететін. Ондайда мен қара терге түсемін. Ілеспе аударма үшін ең қиыны – баяндамашының енді қай бағытта сөйлейтінін білмеу.

Дұшпандар бейнесін әділ көрсетуге тырыстым

– Кітап жазуыңызға не түрткі болды?

– Ауған соғысы әрқашан тың, көп жұмбақтары шешілмеген, әлі де талмай ізденіп, қалам тарттыратын тақырып. Маған бұл тақырып етене таныс, жерін жерледім, суын іштім дегендей. Ондағы қасіретті жүрегіммен сезіндім. Сонымен бірге Ауған соғысы туралы жазылған шығармалар мен естеліктерді көп оқыдым, түсірілген деректі және көркем фильмдерді көрдім. Кейбіреулеріне көңілім толмады, қарным ашты, жүрегім ауырды. Ауған соғысы проблемаларын басқа қырынан көрсетсем деген ойға келдім. Оның үстіне көп жерде олардың кейіпкерлері – жауынгерлер және оларға сол соғыстың құрбаны болды деген баға беріледі. Ал ауғандықтармен қоян-қолтық жұмыс істеген, сонысымен де бастарын қатерге тіккен мамандар хақында жазылмайды. Ақыры қолыма қалам алдым. Кітапты он жеті күнде аяқтадым. Кейін аздап өзгертулер мен толықтырулар енгізгеніммен, негізін «лық» етіп келіп қалған ойлардың желісімен, бір демде жазып шықтым.

– Кітап мен үшін беймәлім деректерге, шырылдаған шындыққа толы дүние болып шықты.Ауғандардың тым жұпыны тұрмысын, тіпті тамақ үшін өз баласын саудалағаны сияқты адам жаны түршігетін фактілерді келтіріпсіз. Енді бірде шылқыған бай банды басшысының үйін, оның қаншалықты білімді де мәдениеттілігін суреттейсіз. Оқырман екіұдай ойда қалады екен.

– Мен көргенімді, өзім куә болған жайттарды ғана баяндадым. Қышлақтағы халықтың тұрмысы біздің сол өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық кезіндегі жағдайымыздай еді. Жұпыны лашығында жиһазды қойып, жататын төсеніші де жоқ. Сынған ыдыс-аяқ, үстерінде жыртық киім. Қалғандарын аман алып қалу үшінбір баласын саудалаған оқиғаларды көзіммен көрдім. Бір қызығы, мемлекет сол кездегі ең артта қалған елдердің бірінен саналды, бірақ үлкен қалаларындағы жағдай басқаша болды. Дүкендерінде біздің жақта күндіз шаммен іздеп, таба алмайтын жапондық техниканың түр-түрі, шетелдік киімдер, Еуропаның сапалы тауарлары толып тұратын. Соларды көріп, «нағыз кедей біз екенбіз ғой» деген ойға қалғаным да бар. Тағы бір айта кетерлігі, мен кітабымда дұшмандардың портреттерін әділ көрсетуге тырыстым. Біздің киноларда, кітаптарда дұшмандарды бір ақымақ, не тоғышар қылып көрсетуге тырысады. Ал шындығында, олардың бәрі білімді, Еуропадан оқып келген мықты азаматтар. Олар өздерін «еліміздің, жеріміздің азаттығы үшін күресіп жүрміз» дейді. Сол себепті халық екіге жарылып, біреулері өздеріне көмекке келген Кеңес әскерлерін қолдаса, екіншілері тау-тасқа жасырынып, дұшмандармен бірге бізге қарсы күресіп жүрді. Қай дәуірде болмасын, елінің аумағына кірген жат ел, бөтен мемлекеттің әскерін қаншама достық миссиямен, өздеріңнің өтініштеріңмен келдік дегеніңмен, жергілікті халық қуана қарсы ала қоймайды. Көбіне көп басқыншылар ретінде қабылдайды. Біздің сарбаздардың да саясатта шаруасы болған жоқ. Сарбаз – бұйрықтың құлы. «Ауғанстанға аттанасың, Отан алдындағы антыңның адалдығын сонда дәлелдейсің. Бұл – сенің интернационалдық борышың. Аттан!» деді. Аттанды. «Дұшмандарды қарыс сүйем аттатпа!» деді Отаны. Аттатқан жоқ. Сан мыңдаған боздақтарымыздың сүйегі темір табытпен оралды еліне. Оны көрген Ананың қасіретін кім түсінеді? Тепсе темір үзердей ұлдарымыздың көпшілігі мүгедек болып оралды ауылына. Кеңес офицерлері мен жауынгерлері ауған жеріндегі он жыл ішінде интернационалистік міндеттерін адал орындады. Дегенмен көптің ішінде ала да, құла да бар демекші, кей жағдайда келеңсіз істерге ұрынғандар да кездесіп қалып жатты. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітетіннің» кері болған сондай фактілер жергілікті халықтың Кеңес жағына өтуіне кедергі келтірген сияқты. Осы ойларымды барынша ашық, нақты деректермен жазуға тырыстым.

Ауғанстан ақиқаты

– Құмарбек аға, соншама мәліметтерді, жер-су аттарын қалай есіңізде сақтағансыз? Ауғандық тарихи тұлғалар туралы да көптеген қызықты мағлұмат кездестірдік.

– Менің бір әдетім бар, күнделікті кешкісін сол күні болған оқиғаларды сараптап, маңыздыларын түртіп қоямын. Кабулға келген күннен бастап, күнделік деуге келмес, сол қажет болып қалар деген ойларымды, жер-су аттарын, пайымдауларымды бір қағазға түртіп қойып жүрдім. Басқа да көптеген еңбектерді оқуға тура келді.

– Өзіңіз жоғарыда айттыңыз, сарбаздарымыздың іс-әрекеттерінде келеңсіздіктер кездесті деп. Сіз оларды ақтай аласыз ба?

– Біздің он сегіз жастағы бозбалалар 40-шы әскердің құрамында интернационалдық борышын атқару үшін соғысқа кіруге мәжбүр болды. Бірақ олар қалыптан шыға алмады. Командирі «жат» десе, жатты, «ат» десе, атты, сөздің шыны керек. Жергілікті халықпен тікелей араласуға мүмкіндіктері болған жоқ. Біріншіден, тіл білмейді. Екіншіден, қышлақтың үстінен өзінің взводы не батальоны құрамында жүріп өткенде болмаса, оларға өздігінен жеке жүріп, ауыл-ауылды аралауға рұқсат берілмейді. Сол себепті олардың айналасында не болып жатқанын толық түсінулері де екіталай болды-ау деп топшылаймын. Оның үстіне көз алдарында жолдастарының жаудың оғына ұшқанын немесе дұшмандардың азаптап өлтіргенін көргенде, психикалары әлі толық қалыптаспаған сарбаздардың қаны қарайғаны да шындық. Мен бір нәрсені ғана айта аламын. Ауған соғысына саяси қателік деп баға беруге болмайды.
Ондай күннің өзінде, бұл жауынгерлердің кінәсі емес.

– Соңғы кезде қойылатын жиі сұрақтың тағы бірі – осы соғысқа біздің қатысуымыз керек пе еді? Сіздің ойыңыз қандай?

– Менің ойым: онда барған әрбір азамат, ол – қатардағы әскер болсын, генерал болсын, бұйрықты орындау үшін барды. Бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, сонда барған адамдардың қызметі текке, құрдалбасалық болды деп есептемеймін. Өйткені, өз борыштарын адал орындап келді, олар әлі өтеп келе жатыр. Олар әр күн сайын мектептерге,басқа да ұжымдарға барып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп жүр. Ұлы Отан соғысының қатысушыларының қатары сиреді. Енді ұрпақтар сабақтастығы ретінде Ауған соғысына қатысушылардың ерліктерін жас өскінге үлгі етуіміз қажет. Еліне деген сүйіспеншілікті, Отан қорғауға деген дайындықты балғындарымыздың бойына тек қызыл сөзбен дарыту мүмкін емес. Оларға көзі тірі батырларымыздың естеліктері әлдеқайда жақсы әсер етеді. Қазір тарихты өз ыңғайына қарай қайта жазушылар көп. Еуропада Ұлы Отан соғысына қатысқандарға қойылған ескерткіштерді алып тастап жатыр. Алматыда жасақталған 28-панфиловшылар дивизиясының ерлігін де жоққа шығарғылары келді. Жас ұрпаққа істеген істерімен, жасаған ерліктерімен үлгі бола алатын ағалары, міне, бүгін қырықтан асып, елуді алқымдады. Бүгінгі күннің қаһармандары солар деп ойлаймын.Қай елде болса да, соғыс – қасірет. Ауған соғысын көріп келгендер ғана білсін ол соғыстың қасіреті мен қиындығын, келешек ұрпақ ондай зұлматты көрмесін. Соғыс естеліктерін тыңдаған жас жеткіншектер тәуелсіздігіміздің, еліміздің егемендігінің мәнін жете түсінер. Осы бейбіт күнді сақтап қалу үшін талпынар деп сенемін.

– Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button