Президент тапсырмасы

Ақтоғай алып кен орнына айналады

Ақтоғай алып кен орнына айналады

Еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енетін ірі жобалардың бірі – Ақтоғай кен орны. Жуырда бірқатар республикалық және өңірлік баспасөз өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз туры барысында аталған кеніште атқарылып жатқан ауқымды жұмыспен танысудың сәті түсті.

Ақтоғай – келешегі кемел кеніш. Өйткені, барлау жұмыстары анықтаған мыс кенінің қоры – 5 млн. тонна. Бұл шикізатты өндіру ашық карьерде 50 жылға жетеді. Әрі қарай терең шахталарда 90 жылға дейін өндіруге мүмкіндік бар. Мұнда жылына 100 мың тоннаға дейін мыс шикізаты өндірілмек.

Жалпы, кен қорын барлау жұмыстары 1974 жылы басталған екен. Кеңес Одағының пайдалы қазбалар қоры жөніндегі комиссиясы 1980 жылы кеніш қатпарының қалыңдығын растап, қордың жіктелуін бекіткенімен мұнда қайласын сайлаған кеншілер мүлде аяқ баспаған. Себебі, өткен ғасырда кеңестік билік Жезқазған мысын игеруді оңтайлы көрді. Ондағы мыстың жер жынысындағы орташа құрамы 4-5 пайызға дейін жететін. Ал Ақтоғайдағы мыстың орташа құрамы – 0,33 пайыз. Десе де, бүгінгі озық технология кен өндіру шығынын азайтуға үлкен мүмкіндік беріп отырғандықтан, жобаның ел қазынасын толтыруға қызмет ететіні, тау-кен индустриясын жаңа сатыға көтеретіні анық.
Бүгінде кен орнында 1719 млн. тонна минералды ресурстар қоры бар екендігі белгілі болып отыр.
Елбасының тапсырмасы бойынша, 2000 жылдардан кейін Ақтоғай кен орны қайта зерттеліп, жандана бастады. 1600 метр тереңдікке дейінгі бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде, қазбасы мол аумақ анықталып, 2005 жылы кенішті игеру жұмыстарына алғашқы қадам жасалып, кеншілер мен кен өндіруге арналған нысандардың құрылысы салына бастады. Дегенмен, 2007 жылдары басталған қаржы дағдарысына байланысты құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған-ды. Елімізде ғана емес, ТМД аумағындағы ең ірі тау-кен жобасының бірі болғандықтан кеніштегі құрылыс биыл қайта жалғасты.

Ақтоғай кенішін аралап көрсеткен «Қазақмыс-Ақтоғай» ЖШС директоры Александр Лидің айтуынша, кен өндіру келер жылы басталмақ.

– Алдымен тотықтанған кен өндіруден бастаймыз. Өйткені, оны бастапқы кезде сілтісіздендіру қажет. Бұл – 5-6 айды қажет ететін үдеріс. Егер алдағы көктемнің соңын ала кен өндіруді бастап кетсек, 2014 жылдың аяғында катодты мыс өндіруге мүмкіндік туады. Ал сульфидты кен 2016 жылдан бастап өндіріле бастайды. Оның негізгі қоры – 1,5 млрд. тонна. Сульфидті кенді өңдеумен айналысатын фабрика құрылысы 2016 жылы пайдалануға беріледі. Алғашқы сульфидті кен сол жылы өңделе бастайды. Негізі тотықтанған кеннің қоры аса көп емес. Тотықтанған кен зауыты шамамен 10-12 жыл жұмыс істейді. Онда жылына 22-25 тонна катодты мыс өндіреді. Бұл – аса ауқымды кен болып саналмайды. Ал сульфидті кен концентратынан жылына орташа есеппен 75-90 мың тонна өндіріледі, – деді Александр Ли.

Ақтоғай мыс концентраты Қытайға экспортқа шығарылатын болады. Өйткені, әлемдік мыс нарығындағы өнімнің 90 пайызын Қытай мемлекеті тұтынады. Қазір аталған елде электронды өнеркәсіп кеңінен дамығандықтан, мыс шикізатына сұраныс та жоғары. Электронды құрал-жабдықтың көпшілігі Қытайда өндіріліп жатқаны белгілі. Оның үстіне Ақтоғай кенішінің орналасқан жағрафиялық аумағы да Қазақстан-Қытай нарығына қолайлы болып тұр. Ақтоғай – Қытай шекарасынан бар-жоғы 250 шақырым жерде орналасқан. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, Қазақстанда мыс өңдейтін қуатты зауыттар жоқ. Балқаш зауытының үлкен ауқымдағы мыс концентратын өңдеуге шамасы жетпейді.
Бүгінде «Қазақмыс» тобы жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Оның айғағы – жаңадан қолға алынған екі ірі жоба: бірі – Ақтоғай болса, екіншісі – Бозшакөл. Бұл жобалардың әрқайсысының құны 2 млрд. долларға бағаланып отыр. Бозшакөл кенішінің де пайдалану мерзімі 40 жылдан аса уақытты құрайды. Орташа өнімділігі – жылына 75 мың тонна мыс концентратына тең.

– «Қазақмыс» Ақтоғай жобасын 2001 жылы қолға алды. 2005 жылы кен орнында құрылыс басталғанымен екі жылдан кейін қаржы дағдарысына орай тоқтап қалды. Мыс бизнесінің экономикалық моделі өте күрделі әрі сезімтал болып келеді. Әлемдік баға, технология құны, өндірістің өзін-өзі ақтауы сынды түрлі мәселелер жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Қазіргі кезде «Қазақмыс» жылына 300 мың тонна мыс өндірсе, Ақтоғай мен Бозшакөл 200 мың тонна мыс өндіретін болады. Яғни, қос жобаның іске қосылуы, біріншіден, ресурстық базаның орнын толтырып, екіншіден, компанияның әлеуетін нығайтады. Ұзақмерзімді болжамымыз бойынша, мысқа деген сұраныс әлемде төмендемейді, – деді Александр Ли.

Ақтоғай кен орнының аумағында бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бас мердігер – «Алсим-аларко» атты түрік компаниясы. Біз тотықтанған кенді өндіру, катодты мыс шығаратын электролиз зауыттары орналасатын алаңдардағы құрылыс жұмыстарына куә болдық. Сондай-ақ, тағы бір алаңқайда сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасы салынбақ. Онда мыс концентраты алынады. Өндіріс базасының да іргетасы қаланып жатыр. Онда түрлі қоймалар, тау-кен техникаларына қызмет көрсететін ангарлар мен кеншілердің шеберханалары орын тебеді. Сонымен қатар, кеніште тотықтанған кенді текшелеп жинайтын алаң әзірленіп жатыр. Онда мыстың күкірт қышқылын түзуі жүзеге асырылатын болады.

Тағы бір алаңқайда құрылыс техникалары құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнап, жер қыртысын қопара тегістеп жатыр екен. «Қазақмыс-Ақтоғай» ЖШС құрылыс учаскесі жетекшілерінің бірі Шервин Линконың айтуынша, мұнда төрт ғимарат бой көтеретін көрінеді. Мұны кенді уату алаңы десе де болады. Мыс тоннель конвейері арқылы уату алаңына жеткізіліп, уақталады да, әрі қарай сұрыпталады. Ірі кен қайта ұсақтауға жіберіліп, ұсақталған өнім құм тәрізді әбден үгітіледі. Аталған үдеріс мыс кені майда тозаң деңгейіне жеткізілгенше жүргізіледі. Содан соң химиялық өңдеуден өткізіліп, дайын өнім ретінде өндіріске жіберіледі. Сондай-ақ, мыс кенін қаттау учаскесі болады.

«Биыл кеніште көптеген нысандардың іргетасын қалау жұмыстары басталды. Ал ғимараттар келесі жылы бой көтереді. Күздігүнгі ауа райы да құрылыс жұмыстарының қызу жүруіне қолайлы болып тұр», – деді А.Ли.
«Алсим-аларко» компаниясы кеніш аумағында бетон зауытын салыпты. Құрылыс жұмыстарына қажетті өнім шығаратын зауыттың жанында қосымша тағы бір бетон зауыты салынуда. Өндіріс өнімінің көлемі – сағатына 120 текше тонна. Екінші зауыт пайдалануға берілсе, қосымша 100 текше тонна цемент өндіріледі.
Сондай-ақ, 1500 адамға арналған жатын орын, шағын мәдени демалыс орындары, асхана құрылысы, спорт алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Мердігер мен тапсырыс беруші компания кеңселері салынып жатыр. Қазіргі кезде кен орнында шетелдіктермен бірге еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандар, жергілікті өңірдің тұрғындарынан құралған жұмысшылар еңбек етуде.

Ақтоғай стансасы мен кеніш арасында теміржол желісі тартылған. Осыдан бір ай бұрын тексеруден өткізіліп, пайдалануға беріліпті. Ақтоғай кен орны мен Ақтоғай теміржол стансасы аралығындағы шойын жолдың ұзындығы – 25 шақырым. Қазіргі кезде бұл жолмен кенішке құрылыс материалдары, ауыр техника жеткізіліп жатыр. Жалпы жүк көтеру қуаты 100 тонналық порталды шығырандар орнатылған.
Жалпы кен орнының аумағы 25 мың шаршы гектарды қамтиды.

Ақтоғай жаңа заманауи технологиямен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтар әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінуде. Қытай, АҚШ, Германиядан жеткізілген соны технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстарын мердігерлер атқарады. «Қазақмыс» тобының баспасөз хатшысы Мақсұт Жапабаевтың айтуынша, бүгінде «Қазақмыс» корпорациясы өз қызметкерлерін жаңа құрал-жабдықтарда жұмыс істеуге оқыту жұмыстарын жүргізуде. Мамандарды аталған техникаға өндіруші компаниялар өкілдері үйрететін болады. Өйткені, мұндай жоғары технология ТМД елдерінде бұрын-соңды қолданылмаған екен.

Техника қауіпсіздігіне жауапты инженер Біржан Құспанов: «Біздің міндетіміз – жобаны қауіпсіз деңгейде жүзеге асыру. Өйткені, бұл – еліміздің серпінді жобаларының бірі болып саналады. Сондықтан, кеніште озық технологияның тиімді қолданылуы мен қызметкерлердің мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді арнаймыз» дейді.

Біз компания басшыларынан кеніште шетелдік және отандық қызметкерлердің үлесі қаншалықты болатындығы туралы сұрадық. Кеніш құрылысында 3 мың адам жұмыспен қамтылған. Нысандар тапсырылғаннан кейін кен өндіру орнында 1500 қазақстандық вахталық жүйеде жұмыс істейтін болады. «Компанияға шетелдік жұмыс күшін 15 пайыздан асырмау міндеттелген. Біз өз еліміздің азаматтарын жұмысқа тартуға мүдделіміз» дейді компания өкілдері.
Кен өндіру барысында бос жыныстың үйіндісі пайда болатыны анық. Тілшілер бұл ретте кен игерудің қоршаған ортаға қаншалықты зиянды екендігін сұрады.

«Бос жыныс үйінділері үлкен дөңдерге, жоталарға айналады. Ал ірі карьерлерді қайтадан жабу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, қазіргі тақыр далада пайда болатын алып шұңқырлар кен игеріліп болған соң біртіндеп табиғи түрде суға толып, жаңа көлшіктер, жасыл белдеу пайда болады. Бұл шамамен 50 жылдан кейін жүзеге асады. Ал оған дейін қоршаған ортаны барынша сақтау бағытында тиісті іс-шаралар жүргізіледі, – деді «Қазақмыс-Ақтоғай» ЖШС басшысы.
Ақтоғай – қосымша қор ретінде мұрты бұзылмай сақталған кен орны. Жаңа технологиялар қолданысқа енгізілетіндіктен, өндіріс өнімі он есеге жоғарылайды. Аталған кеніш «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ және Қытайдың мемлекеттік даму банкі тарапынан 2 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржыландырылып отыр. Сондықтан, алдағы жарты ғасырда Шығыс Қазақстан және іргелес өңірлердің ғана емес, ел экономикасының еселенуіне жол ашылады деген үміт бар.

Думан Анаш

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button