Ақтоғанды жөндеп, алғыс арқалады
Аягөз ауданындағы Қосағаш, Мәдениет ауылдарының тұрғындары осындағы Ақтоған каналы арқылы қырға су шығарып, мал азығын егетін еді. 2010 жылы тасқын су өзендегі тоспаны бұзып, каналды қиратып кеткен соң тіршілік нәрі жетпегендіктен 1600 гектар суармалы алқап қаңырап бос қалып, тұрғындар жоңышқа егіп, шөп дайындай алмай қалды. Соның салдарынан алды қолдарындағы азын-аулақ малдарын да сата бастаған болатын.
Күнкөрістің жалғыз көзі болып отырған малдан айрылған соң тірліктің да кетеуі кететіні белгілі. Екі жылға созылған осы қиыншылықтан тұрғындар биыл ғана құтылды. Ауыл, аудан әкімдіктерінің атсалысуы арқасында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Шығыс су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тапсырысы бойынша тоспа қалпына келтірілді. Оған облыстық бюджеттен 4 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Құрылыс жұмыстарын Анатолий Тамилов басқаратын «ПМК-Көкпекті» ЖШС мамандары өткен жылы атқарып шыққан болатын.
Бірақ суару науқаны өтіп кеткендіктен тұрғындарда алқапты пайдалану мүмкіндігі болған жоқ. Биыл көктемде Бақанас өзенінің тоспа салынған тұсы тағы да сыр беріп, су шайған соң, оны мердігерлер қосымша күш шығара отырып, тағы да жөндеді. Нәтижесінде Қосағаш пен Мәдениет ауылдарының тұрғындары Ақтоған каналы арқылы алқапқа тіршілік нәрін шығарып, 700 гектар жерге мал азығын егіп, құрылысшыларға алғыс айтып отыр.
– Дегенмен, Ақтоған каналын толық жөндеуден өткізіп, Бақанас өзенінің тоспа тұсының жағалауын мықтап бекітіп, тиісті инженерлік талаптарға сай қалыпқа келтіру керек. Оны алдағы көктемде тағы да тасқын су жырып кету қаупі бар, – дейді «Шығыс су қоймалары» МКК бөлім бастығы Сансызбай Мұңғылбаев. – Себебі, қазіргі атқарылған жұмыстар түпкілікті нәтиже үшін әлі жеткіліксіз. Дегенмен, ол алдағы уақыттың еншісінде.
Ақтоған тоспасының бекітілуімен бірге каналдағы су реттегіш және балық қорғау жүйесі де қалпына келтіріліпті.
– Бақанас өзені биыл әлі құрғай қойған жоқ. Тоспаға жиналған суды Ақтоған каналы арқылы қара қырға шығарып, жоңышқамызды суарып отырмыз. Биыл мал азығы қиындығынан құтылатын болдық, – дейді қосағаштықтар.