Денсаулық сақтау

Қатерлі дерттің алдын алу мүмкін бе?

Қатерлі дерттің алдын алу мүмкін бе?


Әлемде әйелдер арасында ең жиі кездесетін қатерлі ісік ауруы – омырау безінің, ал еркектерде – өкпенің қатерлі ісігі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен қазан айы омырау безінің қатерлі ісігіне қарсы күрес айлығы болып бекітілген. Әлемнің 44 елінде жыл сайын Дүниежүзілік омырау безінің қатерлі ісігіне қарсы күрес күні өткізіледі. Облыстағы онкологиялық диспансерде де бұл дерттің алдын алуға арналған бірқатар шаралар өткізілді. Осыған орай еліміздегі өнеркәсіптік өндіріс орындарының зиянды қалдықтары салдарынан экологияның ластануы, адамның өмір сүру салты аурудың өршуіне қаншалықты әсер етеді, науқастарды емдеу ақылы ма, диспансердің материалдық-техникалық жабдықталуы қандай деңгейде деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Фактілерге жүгінсек, әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде алғашқы орында тұрған омырау безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар саны жылдан-жылға артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде қатерлі ісік дертіне шалдыққан 35 мыңнан астам науқас анықталған, ал онкологиялық ауруларға щалдыққан адамдар саны – 176 мың. Жыл сайын 27 мың науқас рактан көз жұмады. Соңғы он жыл көлемінде еліміз бойынша қатерлі ісікпен ауыратындар 9,5 пайызға өскен, ал қайтыс болу дерегі 28,5 пайызға төмендеген. Науқастар құрылымын салыстыратын болсақ, омырау обыры — 13,8 пайыз, өкпе обыры — 11,8 пайыз, асқазан обыры — 8,6 пайыз. Онкологиялық ауруларға ұшыраған науқастардың 70 пайызы – еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар.

Обыр тұқым қуалай ма?

Өңірімізде аурушаңдық құрылымы бойынша тері, сүт безі, өкпе, асқазан және қуық асты безінің обыры алдыңғы орындарда тұр. Облыстағы онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздегі аурушаңдық көрсеткіші 6,2 пайызға төмендеген.

-Генетикаға келетін болсақ, обырдың тұқым қуалауына бейімділік факторы болуы мүмкін. Дегенмен, обырдың тұқым қуалайтын түрлері де бар. Қатерлі ісіктің 7-10 пайызға дейінгі жағдайлары тұқымқуалаушылыққа байланысты, – дейді Гүлмира Ғабдулқызы. – Обырдың ең жиі кездесетін тұқым қуалайтын түрлеріне сүт безінің, аналық бездің, өкпе, асқазан, тоқ ішек обыры мен меланома, жіті лейкемия жатады. Обырдың осы санатына, бірақ аз дәрежелі тұқым қуалаудың нейробластомалар, эндокриндік бездердің ісігі, бүйрек обыры жатады.

98 пайызы емделіп шығады

Обырдың алдын алуға болатыны жайлы бірсыпыра бұлжытпас дәлелдер бар. Кез келген ауруды емдеуге қарағанда алдын алу оңай. Өңіріміздің бас онкологының айтуынша, онкологиялық аурулардың бастапқы алдын алу шаралары – оңтайлы тамақтану, темегі шегуден, алкогольден бас тарту, салмақты қалпына келтіру, артық күн әсерін азайту және тұрақты дене белсенділігі.

Ал темекі мен алкогольді пайдалану, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің болмауы, созылмалы инфекциялар – канцерогенді инфекциялар, оның ішінде хеликобактер пилори, адам папилломасы вирусы, В, С гепатитінің вирусы және Эпштейн-Барр вирусы қатерлі ісіктің дамуының негізгі факторлары болып саналады.

Мәселен, омырау обырын дер кезінде анықтау адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Аурудың бірінші кезеңінде диагноз қойылса, әйелдердің 98 пайызы емделіп шығады. Мамандардың айтуынша, алғашқы кезеңде аурудың ешқандай симптомдық белгілері байқалмайды. Егер әйелдер маммологиялық және маммографиялық тексерістерден өтпесе, көп жағдайда ауруға шалдыққанын білмей жүре беріп, асқынған кезеңінде бірақ біледі. Ал маммолог дәрігерге тұрақты қаралып тұру аурудың бар-жоғын ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді. Әйелдер 40 жастан кейін екі жылда бір рет, 50 жастан соң жыл сайын арнайы скринингтік тексерістен өткені жөн. Сондықтан кез келген әйел денсаулығына айтарлықтай шағымы болмаса да, маман дәрігерге жылына бір рет тексерілуі тиіс. Өйткені дер кезінде диагноз қойылмай, уақыт өткізіп алған жағдайда адам өміріне қауіп төнуі мүмкін.

Бүгінде медициналық скринингтік тексерулердің түрлері сүт безі обырын ерте анықтау үшін диспансерлік есепте тұрмайтын 40-70 жастағы әйелдерге, жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін 30-70 жастағы әйелдерге, колоректалды обырды ерте анықтау үшін 50-70 жастағы ерлер мен әйелдерге жүргізіледі.

Ірі қалалар мен өндірістік аудандарда тұратын әйелдер ауыл тұрғындарына қарағанда жиірек ауыратындығын естен шығармаған жөн.

Осыған орай облыстағы онкологиялық диспансер бірқатар алдын алу шараларын тұрақты өткізіп келеді. Өткен аптада ғана білікті онколог-маммолог дәрігерлерден құралған мобильді топ арнайы ұлттық бағдарлама аясында учаскелік дәрігердің жолдамасын сұрамай-ақ Новоявленка ауылының тұрғындарын қабылдады.

Осы күні диспансер дәрігерлері 30-80 жас аралығындағы 46 әйелді тексерді. Мамандар тексерісінің нәтижесінде 46 адамның сегізі ғана сау болып шыққан. Атап айтқанда, 35 әйелде омырау бездерінің өзгерісі – фиброзды-кистозды мастопатия, екі әйелде – фиброаденома және бір әйелде – омырау кистасы анықталған. 14 әйелге маммографиялық тексеруге жолдама беріліп, 19 әйел – ультрадыбыстық зерттеуге жіберілді.

Экологияның да әсері болады?

А.Сысин атындағы адам экологиясы және қоршаған орта гигиенасы Мәскеу ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша онкологиялық аурулардың пайда болуына экологиялық жағдайдың әсе ететіндігі дәлелденген. Алайда қолайсыз экологиялық жағдайдың салдарынан пайда болған қатерлі ісік жағдайларының үлесі олардың жалпы санының 0,8 пайызын құрайды екен. Осы институттың деректері бойынша экологиялық жағдайы күрделі қалаларда бұл көрсеткіш үлкен мәнге ие болуы мүмкін, бірақ ол негізгі себепкер емес. Басты фактор – ауаның сапасы емес, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау және өмір сүру салты, күйзелістер мен жас ерекшеліктері, деп отыр мамандар.

Десек те, медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сүйенсек, былтыр онкологиялық аурулардың салдарынан елімізде 14 170-тен астам адам көз жұмған. Ең көбі Шығыс өңірінде – 4235 адам, Оңтүстікте – 3057 адам, Алматыда – 4031 адам. Осы деректің өзі экологиялық ахуалдың қаншалықты әсер ететіндігін көрсетсе керек.

Химия өндірісі, қара және түсті металл, тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқан Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында ауаның зиянды қалдықтармен ластануы тұрғындардың денсаулығына зиян екендігін мамандар жоққа шығармайды.

-Қатерлі ісік ауруларын тексеру мен емдеу квота бойынша тегін, мемлекет есебінен жүргізіледі. «Онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, ісік ауруларына күдіктенген немесе анықтаған жағдайда емхана мамандары пациентті емхананың аудандық, қалалық онкологиялық кабинетіне жібереді, – дейді облыстың бас онкологы. – Онкологиялық кабинеттің дәрігері қажетті тексеруді жүргізгеннен кейін диагнозды растау және емдеудің кейінгі тәсілдерін анықтау үшін науқасты диспансерге жібереді. Егер науқас осы емханаға тіркелген болса, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтердің белгілі бір тізбесі бойынша көмек ала алады. Оның тізбесі әр науқастың диагнозына байланысты тағайындалады.

Бас онкологтың айтуынша, былтыр онкодиспансердің материалдық-техникалық базасы 17 түрлі заманауи құрал-жабдықпен жаңартылыпты. Биыл да жабдықтау жұмыстары жалғасын таппақ.

Өзге елдердің білікті дәрігерлерімен тәжірибе алмасу мақсатындағы ынтымақтастық байланыстар да жақсы жолға қойылған. Жуықта Дели қаласындағы CUSP Healthcare лапароскопиялық және онкологиялық хирургия орталығының директоры Арвинд Кумардың қатысуымен «Асқазан-ішек жолдарындағы қатерлі ісіктерге жасалатын лапароскопиялық хирургия» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік шеберлік сабақтарынан дәрігерлердің үйренері мол болды.

Еліміздегі онкологиялық ауруларды емдеу тиімділігін арттыру мақсатында Астанада Ұлттық онкологиялық ғылыми орталығын ашу да жоспарланып отыр.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button