Тарих

Атақсыз қалған батырлар

 Соғыста ерліктері еленбеген немесе батыр атағы берілсе де, қайтарылып алынған қазақтар аз болмаған. Бұл сол кездегі Кеңес одағының солақайсаясаты, әділетсіздігі еді. Сондықтан қаһармандығы ескерілмеген, жоғары атаққа ие бола алмаған сол бір батырлардың ерліктерін оқырманға таныстыруды жөн көрдік.

Ұшқыш Біләл Қалиев

Солардың бірі 1941 жылы Берлинді ойда-жоқта бомбаның астына алып, Гитлерден бастап оның жақтастарының үрейін алған ұшқыш Біләл Қалиев еді. Ол 1917 жылы Каспий жағасында дүниеге келген. Сол кездегі Красноводск қаласында (қазіргі Түрікменстанның Түркменбашы қаласы) мектепті бітіріп, алты айлық статистер курсын аяқтайды. Бір жыл «Ягман» көмір кенішінде жұмыс істейді. Одан кейінгі жылдары Карши қаласында теміржол стансасының курсында оқиды. 1939 жылы әскерге шақырылады. Черниговте ұшқыштар училищесін бітіргеннен кейін, Запорожье қаласында әскери қызмет етеді. Осы арада соғысты қарсы алады.

Советские танки атакуют. Район Прохоровки. 12. июля 1943 г.

1941 жылдың тамызында Балтық теңізінің Саремаа аралынан ДБ-3 бомбалаушы ұшақтары түн жамылып, Кремль тапсырмасын орындау үшін Берлинді бетке алады. Балтық флотының 1-ші авиаполкінің командирі Е.Преображенскийдің қырандары еш кедергісіз, ойламаған жерден неміс астанасын аяусыз бомбалайды. 16 тамызда бұл сапар қайталанады. Балтық майданы әскери кеңесінің Берлинге жасалған екінші әуе шабуылы жөніндегі баяндауында мына жолдар бар: «16 тамыз. 00 сағат 50 минуттан 02 сағат 40 минутқа дейін Берлинді бомбалау. 4 ұшақтан маңындағы Штеттин, Нейбранденбург қалаларына фугас және өртегіш бомбалар тасталды».

Міне, осы ақпарат совинформбюроның әуе толқыны арқылы хабарланғанда еңсесі езілген ел «уһ» деп бір ауыр демалғандай болды. Берлиннің бомбалануы жөніндегі хабар олардың бойында жоғалып бара жатқан сенім ұшқынын қалпына келтірді.

Осындай қауіпті тапсырманы орындауда ерлік пен кәсіби шеберлік көрсеткен бір топ ұшқышқа батыр атағы берілді. Солардың бірі – Біләл Қалиев. Бірақ осы ұшқыштар келесі тапсырманы орындау кезінде оралмады. Снаряд тиіп, ұшақтар аспаннан жанып құлағанымен, олар немістердің қолына түсті деп күдіктенген Кремль түгелінен батыр атағын қайтарып алды. Сөйтіп, осы соғыстағы алғашқы қазақ ері атағынан айырылды.

 

Мерген Төлеуғали Әбдібеков

Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Семей облысының Жарма ауданында Әбдібек Насырханның әулетінде дүниеге келген.

1942 жылдың соңында Панфилов дивизиясы 1077-ші полкінің Калинин майданындағы шабуылдары басталғанда алғы шепте болды, оның нысананы дәл тигізіп атуы фашистердің зәресін алып, құтын қашырды. Ең таңдаулы фашист мергендері оның соңына түсті, алайда Төлеуғали оларды бір-бірлеп құртты. Сол бір соғыс уақытында қызыл армия мерекесі қарсаңында жаудың шебер мергенімен жекпе-жек болды. Бұл кезде  Төлеуғалиға суық тиіп, сырқаттанып жүрген. Гитлершіл қас қағым сәтке озып кетті, бірінші оқ Әбдібековке тиді, өлімші болып жараланған аға сержант фашистен кегін алып үлгерді. Гитлершіл қазақтың соңғы атқан оғынан сеспей қатты. Бұл мергеннің есебіне енген 395-ші дұшпан болатын.

Аты аңызға айналған снайперлер В.Зайцев 255, Ф. Смолячков 125 фашисті жойған. Олар батыр атағын алды. Жылда 9 мамырда Мамаев қорғанында Зайцевтің құрметіне салют беріледі. Фашистер «қара өлім» атаған Т. Әбдібеков батыр атағын үш мәрте алуы керек еді. Майданда қаза тапқан Төлеуғали ағамыздың батыр атағын бір мәрте де алмауы түсініксіз. Сол батыр В.Зайцевтің аталары өз уақытында кулак болған екен. Дегенмен, батыр атағын алды. Соғыс кезінде Панфилов атындағы атқыштар дивизиясының 34 жауынгері батыр атанған. Жеңістің 40 жылдығына арналған «Панфиловшылар» кітабында Төлеуғали Әбдібековтің есімі соңындағы хроникасында ғана аталған. «Ұлы Отан соғысы» атты 1985 жылы Мәскеуде жарық көрген энциклопедияда бұл кісінің есімі мүлдем жоқ. Қаһарманның бұдан былай да еліне елеусіз, белгісіз болып қала беруі дұрыс па?

Төлеуғали орыс жерінде, Калинин облысында жерленген. Тек винтовкасы Қазақстанның мемлекеттік мұражайында сақтаулы тұр.

 

Құралайды көзге атқан Ыбырайым Сүлейменов

Ыбырайым Сүлейменов 1908 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауылында туған. Ол әскерге алынғаннан кейін Мәскеу маңындағы үшінші екпінді армиядағы қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасының құрамында болып, соғысқа қатысты. Атақты мерген атанды.

1943 жылдың ақпанында 100-ші бригада Невель қаласына беттеді. Маусым айында Калинин майданына қолбасшы болып А. Еременко, 3-ші екпінді армияның басшылығына К.Галицкий келді. Ұрыс алдындағы үзіліс кезінде әскери жаттығулар өтетін. Сондай жарыста Ыбырайым мерген екенін көрсете білді. Еременко оған риза болып, кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін қадап, қолына өз сағатын тақты. Содан соң қапсыра құшақтап, «239 фашисті жер қаптырыпсың. Аман бол, сен – нағыз батырсың» деді. Ал Галицкий «Қаһарлы жылдар шежіресі» кітабында Ыбырайымның ерлігін сүйсіне жазады.

Тағы бір дерек армиялық «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурызындағы санында басылған. Мұнда «Сүлейменов Ыбырайымдай бол!» деген тақырыппен мергеннің тәжірибесі, айла-әрекеті үлгі етіп ұсынылады. Беттің төменгі жағына «Ыбырайым Сүлейменов 239 немісті жер жастандырды» деген сөздер үлкен әріптермен жазылған.

Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы шілдеде батыр атағына ұсынылды. 3-ші тегеурінді армия әскери кеңесінің бұл ұсынысын Калинин майданының басшылары бір саты төмендетіп, Ленин орденіне түсірді де, Сүлейменовтің құжаты Мәскеуге жіберілді. Сол құжат бойынша Сүлейменовке 1944 жылы Ленин ордені берілді.

Ол кезде Ы. Сүлейменов өмірде жоқ еді. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын қорғаудағы шайқаста бұрынғы 239 фашистің үстіне тағы 60 шақты жауды жойып, ерлікпен қаза тапқан болатын.

Сонымен, мергеннің қолынан оққа ұшқан жау солдаты мен офицерінің саны 341 болды. Жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – сол соғыста тек екі қазақта болған, бірі – Төлеуғали Әбдібеков (395 дұшпан) және Ыбырайым Сүлейменов. Бірақ екеуі де батыр атағын ала алмады.

 

Офицер  Алтыншаш Нұрғожинова

Отанды қорғауға мыңдаған қыз-келіншектер де өз еріктерімен сұранған болатын. Ұлы Отан соғысында 100 мыңнан астам әйел орден-медальдармен марапатталды. 91 әйел батыр атағын алды.

Қазақстаннан майданға 5183 қыз-келіншек аттанған. Әлия мен Мәншүкті кім мақтан етпейді?! Осы соғысқа қатысқан қазақ әйелдері аз емес. Айталық, штурман, гвардия лейтенанты, «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова, ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкистер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева. Сонымен қатар батыр атағына ұсынылып, ала алмаған Алтыншаш Нұрғожинованы айтуға болады.

1944 жылы майдандық «Патриот Родины» газетінде жауынгер ақын Михаил Левченконың «Даланың тірі бір гүлі» деген өлеңін кездестіруге болады. Кейін ол бұл өлеңді жинағына енгізген. Автор: «Алтыншаш Нұрғожинованың ерлігін өз көзіммен көрдім. Ол кезде «Патриот Родины» газетінің қызметкері едім. Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдат-офицермен фашистердің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Котовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлер арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «Алға!» деп ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені ғой. Әлгі қыз соған қарсы ұмтылды. Өзі де оқ тиіп, мерт болды. Жолдастарына да жол ашты. Бұл осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова екен» деп жазады.

Қаза тапқаннан кейін, бұрын көрсеткен талай ерліктерімен қоса осы жолғы батырлығы үшін әскери кеңес батыр атағына ұсынып, құжатты Мәскеуге жібереді. Бірақ жоғарғы жақтан қазақ қызына атақ берілмеді.

Батыр қыз 1924 жылы туған. Әскерге Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. 1941 жылы Орал әскери округінде алты айлық комсоргтар курсын бітірген, гвардия лейтенанты. Орталық, Воронеж, Украина майдандарында соғысқа қатысқан. Польшадағы Гутополянск бауырластар зиратына жерленген.

Соғыс алдында Алтыншаш Нұрғожинованың әке-шешесі Мәскеуде қызмет істеген екен. Ол сонда мектеп бітіріп, жоғары білім алған. Өмірбаянында ата-анасы Қазақстанның шығысынан деп жазылған. Нақты қай облыс екені белгісіз.

Қайткенде де, Алтыншаштың есімі Мәншүк, Әлия, Хиуаз сияқты мәңгі есімізде сақталмақ.

 

Ердің ері Балтабек Жетпісбаев

Балтабек Жетпісбаев 1907 жылы Семей облысы, Мұрат ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Жасынан тауқымет тартқан ол ерте ширап, алғыр болып өсті.

1922 жылы ауылдағы жастар бірігіп, комсомол ұясын құрады да, хатшысы етіп он бес жасар Балтабекті сайлады. Бұл ұяда қырыққа жуық мүше болды.

1926 жылы Балтабек Жетпісбаев Семей губерниялық комсомол конференциясына делегат болып қатысады. Сонан соң комсомолдық жолдамамен қазақтың 418-ші ұлттық атты әскер полкында әскер командирі болып, полк командирінің орынбасары қызметін атқарады.

Соғыс басталғанда Балтабек Жетпісбаев Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы 1075-ші атқыштар полкі комсомол бюросының хатшысы болды. Майданда Балтабек қаһармандық танытты. Бір ғана ерлігін айта кетейік.

Шайқастардың бірінде Балтабек басшылық еткен артдивизион фашистердің 60 танкісі, 20 бронетранспортері бар күшін қоршауға алып, жойып жібереді. Бұл кеңес армиясында осы уақытқа дейін көрсетілмеген ғажайып ерлік болды. Бұл туралы әскери тілші Вадим Кожевников «Правда» газетінің 1944 жылғы 3 маусымдағы санында мақала жариялады. Оның мұндай шебер ұйымдастырылған ерліктері қаншама.

1967 жылы қазақтың белгілі өкілдері Балтабек Жетпісбаевқа Батыр атағын беруді өтініп, Мәскеуге хат жөнелтті. Ол хаттың бір данасы Д.Қонаевқа берілді. Онда Бауыржан Момышұлы, генерал И.Панфиловтың қызы В.Панфилова, Мәлік Ғабдуллин, Хакім Әбдірашитов, Дмитрий Снегин, Ақай Нүсіпбеков, Андрей Кузнецов сияқты Панфилов дивизиясының ардагерлері Жетпісбаев ерлігін жазады.

Д. Қонаев бұл хатты Кеңес одағының қорғаныс министрі Р. Малиновскийге жолдайды. Одан төмендегідей жауап келеді: «Б. Джетпысбаев награжден многими орденами и этого достаточно. Если товарищ Кунаев не согласен, может обратиться в ЦК КПСС».

Осыдан кейін Д. Қонаев 1968 жылы Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің Б. Жетпісбаевқа Батыр атағын беру туралы қаулысын Л.Брежневке жолдайды, ол болса «Біз енді ешқашан Ұлы Отан соғысы оқиғасына оралмаймыз. Ол – ескірген дүние» деп жауап қайтарыпты.

Балтабек Жетпісбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беретін уақыт әлдеқашан жетті деп ойлаймыз.

Ұлы Отан соғысында 11695 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, олардың 497-сі – қазақстандық, 98-і – қазақ. Осылармен қатар соғыс кезінде батыр атағына ұсынылған қазақтардың саны 16 екен. Дегенмен, олардың түгелі батыр атағын ала алмаған.

Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button