Денсаулық сақтау

Ата-аналардың немқұрайдылығынан балалары зардап шегіп жатыр

Ата-аналардың немқұрайдылығынан балалары зардап шегіп жатыр

Бір тәуліктің ішінде Өскемендегі Ана мен бала орталығына ауыр халде төрт бүлдіршін келіп түсті. Оның біреуі клофелин дәрілерін жұтып қойса, тағы біреуі абайсызда уксус, яғни сірке қышқылын ішкен. Дәрігерлер мұның барлығы ата-аналардың немқұрайдылығынан болды деп отыр.
Аталмыш орталықтың директоры Рая Рахимованың айтуынша, 8 қараша күні ауруханаға өкпе бронхысына беймәлім зат тұрып қалған бала жеткізіліпті. Ата-аналары болса тоғыз айлық балаларының ауыр тыныстай бастағанын көріп, бірден жедел жәрдем қызметіне жүгінген.
-Баланың бронхысына шемішке тұрып қалған екен. Сәбиге дем жетпей тұншығып қалуы да мүмкін еді. Ата-аналары дер кезінде байқаған. Біз арнайы құрылғының көмегімен тыныс алу жолдарын тазартып шықтық. Баланың асқазанынан тиынға ұқсас тағы да бір бөгде зат байқалды, біраз уақыттан кейін табиғи жолмен сыртқа шықты,-дейді Рая Жанғалиқызы.
Келесі оқиға 9 қараша күні болған. Екі жарым жастан асқан бүлдіршін ата-аналары үстел бетіне ашық-шашық тастаған бірнеше клофелин таблеткаларын жеп қойған. Бала уланудың ауыр түрімен, ес-түссіз жан сақтау бөліміне жеткізілген. Қазір Ана мен бала орталығының дәрігерлері балаға медициналық көмек көрсетуде.
Дәл осы күні Зырян ауданынан ауыз-өңеш қуысы мен азқазаны химиялық затқа күйіп қалған бала жеткізілді.
-Бүлдіршін байқаусызда сірке қышқылы эссенциясын ішіп қойыпты. Қазір ол жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайын бақылауға алған,-дейді бас дәрігер.
Тағы бір оқиға облыс орталығында орын алды. Жасқа толған баланың аяғы шәйнектегі сақылдап қайнап тұрған суға күйіп қалған. Бұл – ата-аналардың абайсыздығы ма, әлде бала өзі төгіп алды ма, ол жағы белгісіз. Бала жан сақтау бөліміне жеткізілген, алайда қазір ол хирургия бөліміне ауыстырылыпты.
Рая Рахимованың айтуынша, сәбилердің осындай жағдайларға тап болуы алдымен ата-аналардың өз перзенттеріне деген немқұрайдылығынан туындайды.
-Жасқа толмаған сәбиге қалай шемішке беруге болады? Үйде кішкентай бала бола тұрып, уксус, клофелин сияқты улы дүниелерді ашық-шашық тастауға бола ма? Балалардың ауруы асқынса, кейбір ата-аналардың айғай-шу шығаратынын қайтесіз. Ең бастысы, соңынан өшпес із қалдыратын, ауыр жарақаттардың барлығы ата-аналар абайсыздығынан болатынын естен шығармауымыз керек, – дейді Рая Жанғалиқызы.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button