Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Атқарылған іске көңіл толады

Катонқарағай ауданында биыл бірнеше нысан қайта жөнделіп, қолданысқа берілсе, тағы бірнешеуі алдағы уақытта ауыл-аймақ тұрғындарына есіктерін айқара ашпақ.  Шекаралық аудандарды дамытудың кешенді жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысуды мақсат тұтқан аймақ басшысы Даниал Ахметов Катонқарағай ауданында болды.  

Облыс әкімі бірінші кезекте Катонқарағай ауылындағы орталық саябақтың ашылуына қатысты. Мұнда  биыл   ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілген  болатын. Аймақ басшысы  саябақ аумағындағы абаттандыру жұмысымен танысып, атқарылған іске жоғары бағасын берді. Жалпы құны 100 млн. теңгені құрайтын саябақтағы абаттандыру жобасы аясында қоршаулары жаңартылып, балалардың ойын алаңы салынды. Сондай-ақ саябақ ортасына субұрқақ орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы төселді. Оған қоса, орталық стадион жөнделді. Бұдан бөлек, саябақ аумағына 200-ге тарта шырша көшеттері отырғызылды.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы ауылда құрылысы жүріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешеніндегі құрылыс жұмыстарымен танысты. Мердігер «Qazconstructions» ЖШС-нің басшылығы оған аталмыш нысанның келесі жылдың сәуір-мамыр айларында қолданысқа берілетінін жеткізді. Жалпы құны 730 млн. теңгені құрайтын денешынықтыру-сауықтыру кешенінде талаптарға сай жабық бассейн салынады. Биыл мұнда негізгі құрылыс-монтаждау, қазандықтар орнату, инженерлік коммуникация желілерін тарту жұмыстары аяқталмақ.

– Жалпы, шекаралық аудандарды дамыту жоспары бойынша 209 млрд. теңге қаражат қарастырылса, бүгінде соның 45 миллиарды бөлініп қойды. Соның ішінде Катонқарағай ауданында 76 жоба іске асырылуда. Олардың жалпы құны 6,6 млрд. теңгені құрайды. Бұл қаражатқа аудандағы білім беру, мәдениет ошақтарына жөндеу жұмыстары,  елді мекендерге  абаттандыру жұмыстары жүргізілді, аудан ішіндегі жолдар жөнделіп, асфальт төселді. Ал енді мына салынып жатқан  денешынықтыру-сауықтыру кешені мені қатты қуантып отыр. Ертең  бұл  ауыл тұрғындары, соның ішінде балалардың жыл бойында спортпен шұғылдана алатын  бірегей орны болмақ.  Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен септігін тигізері анық, – деді Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы танымал кәсіпкер Ғани Шаймардановпен кездесіп,  Катонқарағай ауылының шығаберісінде  орналасқан ескі үш қабатты тұрғын үйдің болашағы туралы сөз қозғады. Кәсіпкер 90 жылдардың басында салынып, бірақ қолданысқа берілмей қалған тұрғын үй ғимаратын  алдағы уақытта  туризм саласын дамыту мақсатында пайдаланбақ ниетте екенін айтты. Ол нысанды өз қаржысына  қайтадан жөндеп,  мейманхана мен қонақүй ашуды ойластыруда. Аймақ басшысы кәсіпкердің бұл бастамасын құптай келе, облыс басшылығы тарапынан да тиісті көмек берілетіндігін жеткізді.

Сонымен қатар  Даниал Ахметов Солдатово ауылында болып,  өзінің екі жыл бұрын берген тапсырмасының орындалу барысымен танысты. Мұнда ауыл мектебін, Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге, сондай-ақ абаттандыру жұмыстарына 110 млн. теңге қаражат бөлінген болатын.

– Алдағы уақытта біз осы бағытта жұмысты әлі де жалғастырамыз. Әсіресе, аудандағы  жол мәселесіне, одан бөлек, Катонқарағай ауылындағы аурухананы дамытуға көңіл бөлетін боламыз. Былтыр осы мекемеге  200 млн. теңге қосымша қаражат бөлінді.  Оған заманауи құрал-жабдықтар мен құрылғылар алынған еді. Ендігі кезекте соны дұрыс пайдалана білу қажет, – деді аймақ басшысы.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button