Ғасырларды тоғыстырған даналық
Шығыс Қазақстан Өнер музейінде ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар сериясы «Ғасырларды тоғыстырған даналық» атты көрмеден басталды. Сонымен қатар Абай әлемін бейнелеу өнері арқылы дәріптеуге арналған көрмеге келушілер арнайы челленджге де қатысып, суретшілердің жұмыстары туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Иә, Шығыс Қазақстан Өнер музейінің қабырғасына ілінген картиналардың барлығы дерлік Абай әлемінен сыр шертеді. Барлығы да Қазақстанның танымал қылқалам шеберлері мен өңіріміздің белді суретшілерінің туындылары. Әр суретшінің адамзаттың алыбына айналған ұлы ақын туралы айтары бар. Жалпы, Абай тақырыбы – тым терең, тіпті шеті-шегі жоқ мұхит секілді ғой. Бір сәт сіз де Абай өмір сүрген сол дәуірге қалай ойша саяхаттап кеткеніңізді сезбей қаласыз. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Абдрашит Сыдыхановтың «Абай жолы. Абай анасының киіз үйі», Талғат Татиевтің «Таумүсін», Тілеуғазы Жұбанышевтың «Үй тас. Еңлік-Кебек», Ғалым Қаржасовтың «Жұмбақ адам», Есенғали Садырбаевтың «Төбеттермен аңшылық», Юрий Бакулиннің «Абайдың портреті», Ғұмар Макаровтың «Еңлік-Кебек үңгір тасы» туындылары тарихтың қатпарларында қалған шындықты көз алдыңа әкелетіндей. Семейлік суретші Нұрбұлан Өтепбаевтың «Абайдың портреті» де өте сәтті шыққан туынды. Өлкеміздің танымал суретшілері Николай Аштеманың «Абай. Отан туралы арман», Ержан Тұрғанбаевтың «Абай. Шыңғыстау жайлауы», Гүлнар Бекбердинованың «Абай және Семейге оқуға келген балалары», Қайырхан Мәдидің «Бала Абай», «Күз», Анар Дәулетбектің «Шәкәрім», «Қобыз» сынды бірқатар шығармалары да көпшілік назарынан тыс қалған жоқ.
– Биыл Қазақстан үшін ғана емес, дүниежүзі үшін де атаулы жыл. Ұлы бабамыз, ұлы данамыз, қазақтың маңдайына біткен ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Әркім өзіне «Абай кім?» деген сауал қойып, күнделікті Абайды ашуы керек деп ойлаймын. Абайды біз қалай танимыз? Бүгінгі көрмеге қатысушы студенттер, оқушылар өзіңізді толғандырған сауалдың жауабын сіздер Абай шығармаларынан табасыздар, – деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған Шығыс Қазақстан Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева.
Көрмеге жергілікті суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Николай Аштеманың төрт картинасы қойылыпты.
-Қазақстанға алғаш келгенімде мен бұл елдің тарихы туралы көп дүние білмейтінмін. Келе-келе тарихы мен әдебиетіне терең бойлаған сайын қызығушылығым арта түсті. Соның ішінде Абайға арналған картиналарым бір төбе. Ұлы ақын туралы сурет салу үшін ең алдымен оның жан дүниесін түсінуің керек, – дейді ол.
Көрме аясында ұйымдастырылған челленджге «Жұлдыз» балалар көркемсурет мектебінің оқушылары, «Эхо» шығармашылық бірлестігінің өкілдері де белсене қатысып, көрмеге қойылған туындылар туралы ойларын ортаға салды.
-Челленджді музей жұмысының жаңа формасы деп айтуға болады. Бұл көрменің виртуалды кеңістікке шығуына ықпал етеді. Жалпы, біз өнерді сүйетін, құрметтейтін адамдармен тығыз байланыс орнатуға тырысамыз. Өйткені суретшілер өз картиналарын өнертанушылар үшін емес, халық үшін салады ғой, – дейді музей қызметкері Лариса Мартынова.
Мейрамтай Иманғали