«Дидардың» қонағы

Қасымхан БЕГМАНОВ ақын: -Мәңгілік Ел болу үшін ұлттық рухымыз мықты болуы тиіс

Қасымхан БЕГМАНОВ ақын: -Мәңгілік Ел болу үшін ұлттық рухымыз мықты болуы тиіс


Халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін жан-жақты насихаттап, зерттеп жүрген белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми-көпшілік жоба аясында шығармашылық сапармен Шығыс өңіріне келіп, зиялы қауым өкілдерімен, өлкетанушылармен кездесті. Өскеменнің Сол жағалауындағы қорық-мұражайда өткен басқосуда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген қаламгер ағамызбен әңгімелесудің сәті түскен еді.

«Дәстүр» журналы ұйымдастырған жоба

-«Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналы ұйымдастырған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты жаңа ғылыми-көпшілік жоба аясында еліміздің барлық өңірлеріне экспедицияға шығып жүрсіз. Осы жоба жайлы айтып өтсеңіз.

– «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналының жарық көргеніне биыл 8 жыл толады. Осы уақытқа дейін журналдың шығармашылық ұжымы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын оқырманға жан-жақты насихаттап, жеткізе білді. Редакциямызға келіп түскен оқырмандардың сауалдарын жинақтап, ата-бабаларымыздың асыл мұрасы – салт-дәстүрімізді бүгінгі жастарға, болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты жаңа ғылыми-көпшілік жоба дайындадық. Жоба атақты этнограф, ғалым Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналып отыр. Көзі тірісінде ғалыммен сұхбаттасып, «Этнографпен әңгіме» кітабын шығарған едім. Ол еңбекте зерттеуші, ғұлама ғалым Жағда Бабалықұлының өміріне қатысты және халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы, мәдениеті, көне сөздері, ұлттық киімі, тағамы, төрт түлік малы, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, жеті қазынасы, қазақ өлшемдері және тағы басқа деректер жан-жақты баяндалады.

Жаңа жобада елімізге белгілі зерттеуші-ғалымдар, этнографтар сауалдарымызға жауап беріп, сұхбат арқылы өз ойларын ортаға салады. Бүгінде ұлттық салт-дәстүрге қатысты қордаланған сауалдар 250 беттен асты. Осы сұрақтарды басшылыққа ала отырып, сондай-ақ этнографтар, зерттеушілер мен өлкетанушылардан алған сұхбаттарды қосып, қазір төрт томдық кітап әзірлеу үстіндемін. Осы кітапқа тың деректер жинау үшін еліміздің әр өңірін аралап, экспедицияға шығып жүрмін. Халық этнографиясы өкілдерімен кездесіп, облыстық мұрағаттардан материалдар жинақтап жатырмын. Осы жобаның нәтижесінде төрт томдық жинақ жарыққа шығады. Бұл жинаққа қазақ этнографиясының өзекті мәселелері жайында тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Уахит Шәлекеновпен, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі, академик Советхан Ғаббасовпен, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаевпен, белгілі жазушы, Құранды қазаққа түсінікті етіп қазақшалаған Уақап Қыдырханұлымен, медицина ғылымының докторы, профессор, Ресей медицина ғылым академиясының және Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Төрегелді Шармановпен, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевпен, жиырма жылға жуық салт-дәстүріміздің бүгінгі жағдайы туралы мәселелер көтеріп, оның шешілу жолдарын ұсынып жүрген белгілі журналистер Марат Тоқашбаев пен Раушан Каршаловалармен, тарих ғылымдарының докторы Бибизия Қалшабаевамен, басқа да этнограф-ғалымдармен жүргізген сұхбаттар енеді. Қазақтың салт-дәстүріне байланысты бүгінге дейін жарыққа шықпаған тың деректер әлі де көп. Сәбиді бесікке бөлеуден бастап қайтыс болған адамның жаназасынан кейінгі әдет-ғұрып, жоралғылардың барлығы аталған жинаққа енеді.

-«Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильміңіз шығып, орта мектеп бағдарламасына енді. Тарихи зерттеулерге бет бұруыңызға не себеп болды?

-Иә, «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмі сала министрлігінің қолдауымен орта мектептердің Қазақстан тарихы пәні бойынша бағдарламасына қосымша электрондық көмекші ретінде енгізілді. Мен ұлы тұлға – Мұстафа Шоқайды зерттеместен бұрын ол туралы 10 жылдай уақыт оқыдым, ғалымдардың еңбектерімен таныстым. Мұстафа Шоқайдың қайталанбас тағдыры үлкен қызығушылық тудырды. Бұл дүниеде мұндай өмір жолын басынан кешкен адам жоқ, сірә. Сондықтан да Мұстафа Шоқайдың өмірін, жүріп өткен жолдарын аралап, зерттеуді жөн көрдім. Зерттеу барысында еліміздің бірнеше облысымен қатар Мұстафа Шоқай оқыған, еңбек еткен, өмір сүрген Ташкент, Ферғана, Қоқан, Санкт-Петербург, Баку, Кутаиси, Батуми, Стамбул, Тбилиси, Берлинге бардым. Түсірілім көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың туған жері Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы Наршоқы ауылынан басталды. Париж маңындағы Шелль қаласында орналасқан Мұстафа Шоқайдың жары Мария Горина-Шоқайдың зиратына, Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың басына зиярат етіп, құран бағыштадым. Осы сапарлар барысындағы материалдар сұрыпталып, әрқайсысы том-том болып тұр. Әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер бар. Оның барлығы уақыттың еншісінде.

Салт-дәстүрдің түп-тамыры – қазақ ауылдарында

-Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «…Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Сіздің ойыңызша ұлттық рухымызды жоғалтпай, мәңгі сақтап қалу үшін қоғам болып не істеуіміз керек?

– Елбасы өз мақаласында халқымыздың ұлттық салт-дәстүрден алшақ кетуге болмайтынын ерекше атап өтті. Расында да, өткен тарихымыз бен бүгінгі күнімізді, ертеңгі болашағымызды байланыстыратын – рухани құндылықтарымыз. Қазір біз заманға сай икемделіп барамыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз да жаңарып, жаңғырып жатыр. Жастарымыз батысқа еліктеп, қазақи болмысынан ажырап қалмау үшін ұлттық рухани құндылықтарымызды ұдайы дәріптеп, сақтап қалуымыз керек. Қазақтың әрбір азаматы мемлекетшіл болуы керек, егер біз ру, жүздің деңгейінде қалсақ, онда қазақтың үлкен мемлекет болып қалуы қиын.

Өкінішке қарай, қазір біздің психологиямыз да өзгерген. Жақын көршімізбен араласпаймыз, бір-бірімізге сәлем бермейміз, өлсе жаназасына кірмейміз, айт мерекесінде ағайын-туыстарға айттап бармаймыз. Жетім-жесірін жылатпаған қазақ жаңа туған сәбиін қоқысқа тастап жатыр. Міне, осылайша біз баяғы қазақилығымыздан алшақтап барамыз. Бүгінгі күніміз осындай болса, болашағымыз қандай болмақ? Мені осы ойлар толғандырады. Сондықтан осы мәселелерді ғылыми тілмен емес, оқырманға түсінікті тілмен жеткізуге тырысамын. Өткен ғасырда қазақта Абай, Махамбет, Әлихан, Мұстафа сияқты алыптарымыз дүниеге келді. Қазіргі ұрпақ неге әлсіреп барады? Ұлт тағдыры, рухани құндылықтың бастауы – ұрпақ тәрбиесінде десек, қоғам ең алдымен сол ұрпақты отаншыл етіп тәрбиелейтін, бесік тербетіп отырған әйелдерге, аналарға барынша жағдай жасауы керек. Ұлттық идеологияға біз енді мән беріп жатырмыз. Ең алдымен ұрпақ тәрбиесі, ұлт тағдыры, ұлттық құндылықтарымызға баса назар аударуымыз керек. Мәңгілік елге айналуымыз үшін ұлттық рухымыз мықты болуы керек.

Салт-дәстүрдің түп-тамыры қазақ ауылдарында жатыр. Еліміздің қай өңіріне барсам да тұнып тұрған шежіре мен тарих. Шүкір, бүркіт баптап, қолға жүйрік ұстап отырған ағаларымыз, бұрынғы ата-бабамыздың тәсілімен сабынды табиғи заттардан қолдан жасап отырған апаларымыз, ежелден келе жатқан «Көрісу» дәстүрін, ұлттық киім киіп жүру үрдісін жаңғыртып отырған ағайындарымыз бар ел ішінде. Әжелеріміздің қолынан шыққан көздің жауын алатын ою-өрнектермен көмкеріле тігілген қолөнер бұйымдарын тұтынудың өзі жаныңа рахат сыйлайтындай, алыстап кеткен балалық шақты еске салғандай шуақты әсер сыйлайды. Тіпті, олардың сөз саптауының өзінде жасандылық жоқ. Бәрі табиғи. Ауыл қазағының сөзін естігенде өзімнің өскен ортам, туған ауылым, ата-анам, айналып-толғанып отыратын асыл әжелерім мен аталарым есіме түсті. Анам Айжамал он саусағынан өнер тамған ісмер адам болды. Алаша тоқу, оны бояп, өрнек салу, бау-бақша баптау, осының бәрін ауылдағы қыз-келіншектерге үйретіп отыратын.

Қазыналы қарттары бар үйлердің кіреберісінен-ақ мейірім мен бақ-берекенің лебі еседі. Қалада зәулім үйлерде тұрып, небір қымбат жиһаздар қойып, қалы кілемдерді төсеп тастағанмен, одан жылулық сезіну өте қиын. Біз қанша жаһанданамыз, батысқа еліктейміз деп өзіміздің қазақы болмысымызды жасырғанымызбен, жанымыз бәрібір өзіне керегін, яғни, ұлттық болмыс, құндылығымызды аңсап тұрады. «Адамды адам ететін тәрбие» десе, тәрбиенің бастауы-ырым-тыйымдарымыз. Тыйымдарды бір естіген бала оны өмірінде ұмытпайды. Мені де үнемі алға жетелеп жүрген, баяғыда ауылда алған сол қазақы тәрбие ғой.

-Халыққа кеңінен таралған жүзге жуық әннің авторысыз. Бүгінде қандай сазгерлермен шығармашылық байланыстасыз?

– Арман Бексұлтан, Илья Жақанов, Қалдыбек Құрманәлі, Марат Омаров сынды танымал сазгерлердің әндеріне өлең жаздым. Сөз жүректен шықса ғана тыңдаушының жүрегіне жетеді. Халықтың сүйікті ұлына айналған Мейрамбек Беспаев орындап жүрген «Аяулым» әніне сөз жазу үшін біршама уақыт кетті. Әуезді әуенді төрт-бес күн тыңдаған соң ойыма «Бірге өткен кештерім үшін, қалсын осы ән естелік үшін» деген сөздер келді. Осылайша, лирикалық ән дүниеге келді. «Биіктегі кептерлер» әні халыққа енді танылып жатыр. «Ол көктем оралмайды», «Бала кез», «Қазағым», басқа да бірқатар әндерімді «МузАрт», «Ялла», «Меломан» топтары, Мейрамбек Беспаев, Жұбаныш Жексенұлы, Майра Ілиясова, Мақпал Жүнісова, Роза Әлқожа, Қарақат Әбілдина, Шаба Әденқұлқызы, Жанболат пен Жазира орындап жүр.

-Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

-Қазір төрт томдық еңбегімді шығару үшін тынбай жұмыс істеп жатырмын. Бүгінге дейін оннан астам жинағым жарыққа шықты. Соңғы шыққаны- «Күреңбел» жыр жинағы. Биыл Қырғызстанның «Улуу Тоолор» баспасынан «Гүл көктем» деген атпен қырғыз тіліндегі жыр кітабым қырғыз ақыны Марқабай Ааматовтың аудармасымен жарық көрді. Биыл «Күреңбел» Татарстанның «Илһам нәшрияты» баспасынан татар ақыны Рафис Құрбановтың аудармасымен татар тілінде шықты. Ресейдің танымал ақыны Михаил Синельников бірқатар өлеңдерім мен поэмамды орыс тіліне аударды. Бірқатар өлеңдерім орта мектеп оқулықтарының қазақ, өзбек тілдерінде шыққан хрестоматияларына енді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button