Тұлға

Асылхан Бекбаевты еске алып, ескерткіш тақта орнатылды

Көрнекті тұлға, Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры болып ұзақ жыл еңбек еткен ұстаз Асылхан Бекбаевқа арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға ардагердің туыстары, колледж студенттері мен оқытушылар қатысты.

Асылхан Табылдыұлы – қаламыздың тарихында өшпес із қалдырған ұстаз. Ол – өз ісінің нағыз шебері, бүкіл өмірін педагогикалық саланы дамытуға арнады. Оның немересі – журналист, продюсер, көптеген деректі фильмдердің авторы, бүгінде KazakhTV телеарнасының директоры Майя Бекбаева екенін атап өткен жөн.

Іс-шараның салтанатты бөлімін ашқан Асылхан Табылдыұлының баласы Төлеген Бекбаев барлық жиналғандарды шын жүректен құттықтап, педколледж ұжымына шын көңілден алғысын білдірді.

– Шағангүл Алдамжарқызы екеуіміз әкем Асылхан үшін арнайы мемориалды тақтаға осы орынды таңдап алдық, себебі бұл жерде ол педколледж оқытушыларымен және студенттерімен кездесіп жүретін, – деді Төлеген Бекбаев. – Біздің көз алдымызда осы педагогикалық колледждің қалыптасу жылдары өтті.

Бекбаевтар отбасы өз кезегінде педколледждің екі студентіне үздік оқуы және үлгілі мінез-құлқы үшін арнайы сертификаттар табыс етті.

Осы оқу орнының директоры Шағангүл Жанаеваның айтуынша,  1967 жылы Семей педагогикалық училищесіне Мұхтар Әуезовтің есімі берілген. Бұған еңбек сіңірген бірден-бір адам осы Асылхан Бекбаев болған еді. Асылхан Табылдыұлының осы бастамасынан кейін педучилищенің акт залында жазушы-академик Мұхтар Әуезовтің сынып-мұражайы ұйымдастырылады, ал аулада оның мәрмәр бюсті орнатылады.

Колледж студенттері оқу орнының бай тарихымен мақтанады. Оның қабырғаларында көптеген Алаш қайраткерлері оқып, Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар, ағайынды Алексей мен Николай Белослюдовтар,  Н.Коншин, И.Малахов сияқты және тағы басқа да көптеген ұстаздар дәріс берген. Сондықтан Асылхан Бекбаевтың бастамасынан кейін педучилище ұжымы ғасырдан астам тарихы бар оқу орнының бүкіл тарихын тұрақты түрде көрсетіп, насихаттап тұруға шешім қабылдаған екен.

– Атамыз Асылхан Бекбаевты еске алуға арналған мемориалды тақтаның ашылуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Соғыстан оралғаннан кейін ол өз өмірін халық тәрбиесіне арнады. Педагогтардың бірнеше буынын тәрбиеледі. Бұл оқу орнын ол 25 жыл басқарды және республикадағы үздік білім ордаларының қатарына шығарды. Бұл күн біздің отбасы үшін де ерекше естелік болып қалады. Атам Асылхан Бекбаев туралы ерекше атап айтқым келеді. Ол 1924 жылы туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. Соғыс жылдары Ресейдің Петропавл қаласындағы Селище авиация техниктері әскери мектебінің курсанты болды. Әскери мектепті бітірген соң 6-гвардиялық бомбалаушы авиадивизия құрамында Белоруссияны, Прибалтиканы, Шығыс Пруссияны азат етті. Кеңес Армиясы қатарында сегіз жыл қызмет етті. Педагогикалық училищенің оқытушысы болды, Семей облыстық партия комитеті аппаратында да жұмыс істеген. 1963-1987 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық училищенің директоры болды, – деді Майя Бекбаева.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін де ол ардагерлер қозғалысына белсене қатысты. Қалалық соғыс, еңбек және Қарулы Күштер ардагерлері кеңестерінің мүшесі, қалалық жауынгерлік Даңқ және өлкетану мұражайы кеңестерінің мүшесі болды. І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік наградаларымен, «Құрмет Белгісі» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ «КСРО ағарту ісінің үздігі», «ҚазКСР халық ағарту үздігі» белгілерінің иегері.

Майя Бекбаеваның айтуынша, Асылхан Бекбаев Белоруссияны азат ету барысында Турки ауылына тап болады. Ауылды жаулар өртеп кетсе керек. Жертөледен 18 жасар қыз табылады. Кейінірек соғыста жараланып қалғанда, госпитальда жатқан оған жаңағы жас қыз көп көмектеседі. Сөйтіп, атам бір босаған сәтінде Татьянаны Қазақстанға алып келіп, өзі қайтадан майданға аттанады.

– Сөйтіп, соғыстан аман-есен оралып, үйіне келсе, Татьяна әжеміз қазақшаны үйреніп алыпты, – дейді Майя Бекбаева. – Қазақтың салт-дәстүрін жатқа айтып, атамды таңғалдырады. Анам Татьяна да – орыс қызы. Әкем екеуі бірін-бірі қатты сыйлайды. Қазір отбасымыздағы сыйлы келін, бәрінің қамқоршысы.

Асылхан Бекбаев 96 жасқа келгенде өмірден өткен. Ол басқарған бір кездегі Семей педучилищесі, қазіргі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж мұғалімдер семинариясы болып тұрған заманда мұнда қазақ әдебиетінің негізін қалаушы жазушы-академик Мұхтар Әуезовпен қатар, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаев, академик Әлкей Марғұлан, ақын Қасым Аманжолов, жазушы Жүсіпбек Аймауытов оқығандығының өзі ерекше мақтаныш.

Айта кету керек, Семей педучилищесінің түлектері өткен ғасырдың 20-40 жылдары да осы өлкенің ересек тұрғындары арасындағы сауатсыздықты жоюға елеулі үлес қосты.

Асылхан Табылдыұлы көзі тірісінде қазіргі директор, филология ғылымдарының кандидаты Шағангүл Жанаева бастаған ұжымға риза екендігін талай мәрте айтқанын ардагердің ұлы Төлеген аға айтып берді. Ұстаздар қауымы бүгінгі таңда колледждің имиджін одан да жоғары деңгейге көтере отырып, жемісті түрде, шабытпен жұмыс істеп жатыр.

Семей қаласының Құрметті азаматы, бүгінде арнайы мемориалды тақтасы ашылған Асылхан Бекбаевтың осындай ғибратты ғұмыры бүгінгі жастарға үлгі екенін даусыз.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button