Президент тапсырмасы

АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ МАЛ БАСЫ АРТАТЫН БОЛАДЫ

АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ МАЛ БАСЫ АРТАТЫН БОЛАДЫ
Қазақстанда ет бойынша экспорттық әлеуетті ұлғайту мақсатында асыл тұқымды мал басы жоспарлы түрде көбейтілуде.
Ақордада қазан айының басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ аграрлық сектордың дамуына ерекше назар аударған болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, бюджет қоржынынан ауқымды қаржы бөлінген бағдарламалар тиісті нәтижелерін бере алмай келеді. Ет өнімдерінің экспорты тежелуде: 2016 жылға қарай агро-өнеркәсіптік кешеннің топ-менеджерлері шетелге шығарылатын «мраморлы еттің» көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткіземіз деп уәде еткен-ді. Алайда, ағымдағы жылдың жеті айында Кедендік одаққа бірде-бір келі ет жіберілмеген. Есесіне импорттың үлесі артып, Беларуссиядан бағасы да қымбат әрі сапасы да күдік туғызатын сиыр еті толассыз ағылуда. Шұжық өнімдерінің экспорты да нөлдік деңгейде тұр, сонымен бірге кәсіпорындардың жүктемесі небәрі 28 пайыз ғана. Дәл осындай жағдай сүт пен қант, май өнімдері бойынша да байқалады», – деген Елбасы көрсеткіштерді жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берген болатын.
31 қазанда Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен баспасөз-конференциясында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Мүслім Өмірияев Президент атап айтқан сын-ескертпелер қашанға дейін толықтай орындалып бітетіндігіне тоқталған-ды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда ет экспортының көлемін арттыруға қажетті ірі қара малдың аналық басының саны көбейтілуде. «Бүгінгі уақытта республикада 70 мыңға жуық бордақылау алаңы қолданысқа берілген. Асыл тұқымды қайта жасақтау бағдарламасына тартылған шаруа және фермерлер қожалықтарындағы аналық мал басының саны 375 мың басты құрайды. Сырттан тасымалданатын мал басына келер болсақ, бүгінгі күнде 39 мың бас импорттық ірі қара мал жеткізіліп қойды», – деп атап өтті вице-министр. Жақын жылдарда қажетті өгізшелердің саны артып, экспортқа шығарылатын еттің көлемі қамтамасыз етілетін болады.
***
Мемлекет басшысы Н.НАЗАРБАЕВ Үкіметтің кеңейтілген отырысында «ҚазАгро» холдингіне қатысты бірқатар сын-ескертулер айтып, бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Атап айтқанда, Президент: «ҚазАгроҚаржы» былтыр 66 жобаны, ал биыл қаржыландыру көлемі ұлғайса да, небәрі 16 жобаны іске асырған. Маған «ҚазАгроның» халықаралық нарықтарда жақсы мөлшерлеме үшін 1 миллиард доллар тартқаны жөнінде хабарлады. Ал ол ақшаға нақты жобалар бар ма, жақсы несие тарихы мен кепілдіктерге ие борышкер бар ма? – деп сауал қойғаны да белгілі.

Осы күні Орталық Коммуникациялар Қызметінің баспасөз мәжілісі кезінде «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің» басқарма төрағасы Дулат Айтжанов Президент сынына қатысты саланың бүгінгі жай-күйін таныстырды. «Бүгінде холдинг Мемлекет басшысының сын-ескертулерін жою және тапсырмаларын іске асыру жөніндегі бірқатар іс-шараны жүзеге асыруда. Еліміздің барлық дерлік ауданында біздің компанияның тармақталған бөлімшелері мен өңірлік өкілдері бар. Бүгінгі таңда холдинг 14 облыста, 161 ауданда, аудандық маңыздағы 13 қалада, облыстық маңыздағы 23 қалада және республикалық маңыздағы 2 қалада 22 мыңнан астам заемшыны 490 млрд. теңге сомаға қаржыландырып отыр. Қазір холдингтің инвестициялық қоржынында құны 228 млрд. теңгенің 320 жобасы бар, 97 ауданда және 22 облыстық және республикалық маңыздағы қалада жүзеге асырылып жатқан жобалар 12 мың жұмыс орнын құрайтын болады» деді Дулат Айтжанов.

Электрондық БАҚ материалдары бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button