Астаналық балақайға ота жасалды
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ
Өңірдің денсаулық саласының соңғы бес жылда қарышты дамып келе жатқанын жақсы білеміз. Ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып қана қоймай, дәрігерлеріміз де шетелдің озық клиникаларында үнемі біліктіліктерін жетілдіріп, небір инновациялық тәсілдерді меңгеруде. Шығыстың дәрігерлерінің біліктілігі республика көлемінде танылып жүр. Соның тағы бір дәлелі – облыстық Ана мен бала орталығында астаналық төрт жасар баланың несеп жолдарындағы тас лазердің көмегімен үгітіліп, алынды. Медицина тілінде лазерлі литотрипсия деп аталатын отаны шығысқазақстандық балалар хирургтері сәтті жасап шықты.
Төрт жастағы астаналық балақай 2021 жылдан бері ауырады екен. Несеп жолдары жүйесінің әртүрлі ауруына шалдыққан ол үнемі консервативті ем-дом қабылдап келіпті. Наурыз айында Астанадағы №2 қалалық ауруханаға зәрі шықпай, жедел түскен балғынға тағы да консервативті ем тағайындалып, зәрді шығаратын катетер қойылады. Алайда уролог оған дереу лазерлі литотрипсия жасау қажеттігін ескертеді. Осылайша астаналық мамандар біздің облыстық Ана мен бала орталығының хирургтерімен хабарласып, отаны Өскеменде жасауға уағдаласады.
– Лазерлі литотрипсия кезінде ағзаның зақымдануына жол берілмейді. Отаны қашықтан немесе табиғи несеп жолымен де жасауға болады. Осындай әдістердің нәтижесінде бүйрек пен несепағардағы тастарды ашық отасыз алып тастауға мүмкіндік туды. Ашық операциялар өте сирек жасалады, – дейді ана мен бала орталығы хирургия және урология бөлімшесінің дәрігері Рауан Жақыпов.
Литотрипсия кезінде жиналған тас немесе құм сол жерге тура бағытталған энергияның әсерінен үгітіліп, қалдықтары кейін табиғи жолмен шығып қалады немесе эндоскоп арқылы алынады. Таңдап алынған әдіске байланысты энергия дененің сыртынан немесе тастың орналасқан жеріне тікелей беріледі.
Мамандардың айтуынша, мұндай процедурадан кейін науқас тезірек қалпына келеді. Жанама әсерлер мен асқынулар әлдеқайда аз кездеседі. Процедура анестезияны қажет етпейді, пациентте ешқандай ауырсыну болмайды. Тағы бір тиімділігі – ашық операциядан кейінгідей қан жоғалту болмайды, инфекция түсу қаупі де аз.
Кішкентай науқастың анасы Арайлым Тиллаева Ана мен бала орталығының балалар хирургтеріне шексіз алғысын білдірді. Қазір балақай өзін жақсы сезінеді және үйіне қайтуға дайындалып жүр.