Мереке

Астана күні: балалар әлеміндегі бас қаламыздың бейнесі

Көңіл айнасы жарқырап тұрмаған адам көркемдікті көре білмейді. Бұл қасиетті бала бойынан көбірек көреміз. Әдемілік пен әділдік те – балақайлардың бойында бар қасиет.

Мерекелі күнге орай облыстық кітапхана балалар әлеміндегі бас қала бейнесі салынған сурет көрмесін ұйымдастырды, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Жыл сайын 6 шілде – Астана күнін халық асыға күтеді. Өйткені бұл – жұрт болып тойлайтын мемлекеттік мерекелердің бірі. Елдің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өтіп, елордамыздың жетістіктері ұрпаққа дәріптеледі. Бұл мереке биыл да дәстүрлі түрде жалғасын тауып, мерекеге арналған әртүрлі іс-шаралар легі өтіп жатыр. Соның бірі – Пушкин атындағы облыстық кітапхана төрінен орын алған «Өз астанаңды бейнеле» атты балалар суреттерінің көрмесі.

Биыл Есілдің жағасындағы еңселі елордамызға 25 жыл толып отыр. Ширек ғасырды артқа тастаған Астанамыздың көркемдігі мен әсемдігін жас суретшілер қылқаламға арқау еткен.

– Астана – біздің халқымызды біріктірген отанымыздың жүрегі және ұлт мақтанышы. Астана күніне орай 2023 жылдың 1-6 шілде аралығында Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Өз астанаңды бейнеле» атты балалар суреттерінің көрмесін аштық. Бұл жерде облысымыздағы жас суретшілердің туындылары орын алды. Кәсіби суретшілердің де көрмесін өткізуге болар еді. Олар қылқаламын қиялмен ұштап, немесе философиялық тереңдікке бойлар еді. Ал балалар нені көрді, соны салады. Олардың санасы уланбаған, ойы таза ғой. Көзқарастары да шынайы. Қиялдан гөрі көзге көрінер шындыққа жақын. Сондықтан қылқалам ұстаған балаларға мүмкіндік бердік. Ширек ғасыр уақытты артқа тастаған бас қаламыздың бейнесін балалар көзімен көргіміз келді. Тамаша-тамаша туындылар келіп түсті. Астана бейнесін беріп, бас қала мазмұнын аша алатын суреттердің барлығы көрмеден орын алды. Ендігі жерде бала көңіліндегі бас қала бейнесін көпшілік келіп кітапханадан тамашалауға болады, – деді көрменің модераторы,  журналист, суретші Мерей Қайнарұлы.

Осылайша көрмеге «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының және  Суретшілер одағының Шығыс Қазақстан филиалы жанындағы балалар мен ересектерге арналған «Горный ручей» шығармашылық даму орталығының жас суретшілері салған жұмыстар қойылды. Еліміздің бас қаласын, яғни астанасын қылқаламға арқау еткен жас суретшілердің туындыларын көрген жұрт таңдай қағып, таңғалып қайтты. Шараны ұйымдастырушылар Астана күнін атап өту арқылы әр жастың бойындағы отансүйгіштік пен елге деген құрметін арттыруды мақсат еткен. Суретшілердің шығармашылық туындыларын тамашалаған адам бұл мақсаттың орындалғанына куә болмақ.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button