Ауыл шаруашылығы

Қасиетті қымызды қаншалықты өндіріп жүрміз?

Қазақтың қасиетті тағамдары – қымыз бен шұбаттың дастарқанымызға қайта оралғанына біраз уақыт болды. Әсіресе, соңғы жылдарда бабалар ішкен бал қымыз бен тіл үйірер қою шұбатқа құмартатындар қатары үздіксіз артып келеді.

Қасиетті қымызды қаншалықты өндіріп жүрміз?

Пайда тауып отырғандар көп

Ас пен той, қонақ аттандыру. Осы екі сусынсыз өтпейтін дәрежеге жетпегенімізбен, біртіндеп дәстүрге еніп келе жатқаны анық. Дәмін алып, дәндеген шетелдіктер де, қазақпен аралас-құралас өмір сүріп жатқан басқа халықтар да қазақтың ұлттық тағамдарын құрметтейтін болды. Тіпті, оның денсаулыққа пайдасына, адам ағзасын күшейтетін қасиетіне әбден көзі жеткен немістердің қымызды патенттеп алып, бие сүтінен дәрумендер жасайтыны, спортшыларын баптайтыны, бельгиялықтардың балмұздақ пен тәтті-дәмділер, Дания мен Францияда дәрілер дайындайтындықтары туралы деректерді қазір әркім-ақ біледі.

Ал ең бастысы, ұлттық тағамды ұлықтауға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, оны дайындау мен өндірушілерге жан-жақты қолдау жасала бастағандығы болса керек. Осы орайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне ден қойсақ, өткен жылы облысымызда 400 тоннаның үстінде қымыз өндіріліп, оны дайындаушыларға 24 миллион 149 мың теңге субсидия беріліпті. Бұл тек есепке алынып, субсидияға ілінгендері ғана. Ал оның сыртында қалғандары осы деректен бірнеше есе артық десек қате емес.

Бие байлап, қымыз ашытып, оны өз отбасы үшін ғана дайындамай, базарға шығарып саудалап, нәпақа тауып, пайдасын көріп отырған отбасылар, жекелеген шағын шаруа қожалықтары аз емес. Ол әсіресе, Катонқарағай ауданында басымырақ екенін байқауға болады. Мәселен, өткен жылы осы ауданның 17 шаруа қожалығы алды 40-тың үстінде, соңы отыздың ортасында бие байлапты. Ал жылқыларының саны әрқайсысында жүздің үстінде. Олардың ішінде 110 жылқысы бар, 40 бие ұстаған «Мирас», 120 жылқысы бар, 40 бие байлаған «Тұлпар», 45 бие байлаған «Фархат» шаруа қожалықтары бар. Абай ауданындағы «Сенім» шаруа қожалығы да 40, Ұлан ауданындағы «Ақбастау» шаруа қожалығы 50, Семей өңіріндегі «Шөпті көк» шаруа қожалығы да 50 бие байлапты.

Жалпы, Катонқарағай, Абай аудандарында бұл іс басқа өңірлерге қарағанда ерекше жолға қойылған. Алайда, бал қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз, сары қымыз деп бөлуді, оны дайындаудың бабы мен жолын әлі толық біліңкіремей, саумал мен қымыздың түр-түрінің арасын толық ажырата алмай, әйтеуір бие байлап, қымыз дайындадық деп мәз болып жүргендер де баршылық. Нағыз қымыздың дәмі қандай болатынын анық жақсы білмесе де, аты қымыз болған соң талғамай ішіп, артынан өкініп қалатындар да аз емес. Қасиетті тағамның қадірін кетіріп, сүт немесе шалап қосып, әйтпесе арақты да араластырып жіберіп, шімірікпестен саудалап жүргендердің де жоқ емес екенін көпшілік біледі. Қысқасы, қымыздың жайын айта берсек таусылмайды.

Субсидияны кімдер алады?

Алайда, ендігі әңгіме халқымыздың осы қасиетті тағамдарын дайындаушылар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау, көрсетілетін көмек туралы болмақ. Нақтырақ айтсақ, қымыз бен шұбат өндірушілерге төленетін субсидия кімдерге, қалай беріледі. Оның шарттары мен талаптары қандай деген мәселе болмақ. Осы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлібек Саршановтан сұраған едік.

– Қымыз бен шұбат өндірушілер үшін Үкімет биыл екінші жыл субсидия төлемек. Ол үшін өткен жылы арнайы қаулы да қабылданған болатын. Осы қаулыда оның барлық шарттары толық қарастырылған, – дейді Әлібек Әнуәрбекұлы.

Яғни, қымыз, шұбат дайындаушылар үшін қойылатын тиісті талаптар көрсетілген. Мәселен, биыл субсидия алуды ниет еткендер үшін сауылатын бие саны кемі 35 болуы керек. Өткен жылы ол 20 бас болатын. Мал басының аурудан аман екендігі, тиісті екпелер жасалғандығы жөніндегі мал дәрігерінің беретін анықтамасынан басқа тиісті ауыл әкімдігінің де анықтамасы болуы шарт. Одан соң мал иесі немесе қымыз, шұбат дайындаушы адам аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне өтініш береді.

Өткен жылы қойылатын шарттардың ең бастыларының бірі – қымызды не шұбатты өндірістік жолмен дайындайтын жүйе болуы керек болатын. Биыл оның орнына шағын цех ашуы керек деген талап шықты. Шағын цехтың талапқа сай екендігі жөніндегі арнайы анықтаманы ветеринар-инспектор береді. Ол үшін цехтың ресми орында тіркелген арнайы коды болады. Мәселен, мал сою, ет өңдеу цехтары сияқты. Бұл ең негізгі шарттары. Одан басқа да шағын талаптары бар. Ол туралы толық мәліметті мал дәрігерінен немесе баспасөзде жарияланған Үкіметтің қаулысынан оқып-білуге болады.

Субсидия көлемі өндірілген әрбір литр қымызға 60 теңгеден деп белгіленіп отыр. Бұл өндірушілер үшін тиімді баға. Себебі, бір айда 10 тонна қымыз өткізетін болса, оған 600 мың теңге субсидия алады. Ал 35 бие байлаған адам оны емін-еркін өткізе алады деуге болады. Ал осы мөлшерде қымыз дайындап, өткізіп отырған шаруашылықтар облысымызда аз емес. Олар қымыз, шұбаттарын негізінен келісімшарт бойынша денсаулық сақтау мекемелеріне, емдеу-демалыс орындарына тапсырады. Туристік мекемелер де қымызды ықыласпен қабылдап, қонақтарына ұсынады. Сапасы да қатаң қадағалауда болады. Ал шағын шаруашылықтар немесе жекелеген адамдар көбінде дүкендер мен базарларда саудалап, немесе арнайы тапсырыс бойынша әзірлейді.

Жалпы, облысымызда қазір қымыз бен шұбатқа деген сұраныс өте үлкен. Ол тек жаз уақытында ғана емес, жыл бойғы ең өтімді азыққа айналып отыр. Әсіресе, Семей өңірі мен Абай, Катонқарағай, Ұлан, Үржар аудандарында қасиетті тағамды дайындайтындар қатары көбірек. Мәселен, Семейде қымыздан ұнтақ шығаратын өндіріс орны бар. Саржалда да үлкен цехтар жұмыс істейді. Осы өңірде қымыз дайындау талай жылдардан бері жақсы жолға қойылған.

Ұлттық тағамға деген сұраныс артып, оны өндіру ұлғайған тұста ауыл шаруашылығы басқармасына субсидия алуға тілек білдіріп, өтініш жазып отырғандар қатары өте көп. Алайда, біздің облысқа бөлінген қаржы көлеміне байланысты барлығы бірдей алады деп айтуға келмейді. Оның үстіне тиісті талаптарға сай болуы үшін құжаттары да, басқа да шарттары толық болуы керек.

Әлібек Әнуәрбекұлының айтуынша, Шығыс Қазақстан еліміздегі мал саны, оның ішінде жылқы саны жөнінен ең алдыңғы қатарда тұрғанымен, қымыз, шұбат дайындауда Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан артта қалып келеді. Сондықтан облыстың осы орайдағы мүмкіндіктерін әлі толық пайдалану керек. Ол үшін мемлекет тарапынан төленетін субсидияның алатын орны ерекше болмақ. Тек оның шарттарын қиынсынып, орындалмас арман сияқты көрмей, нақты жұмыс істеген жөн.

Қымыз өндіру облысымызда қызу қолға алынып, оны дайындау артып келе жатқанымен, шұбат жайында олай деуге әлі ертерек екен. Себебі, біздің облысымызда төрт түліктің төресі – түйе малы тым аз.

– Ал оны сауып, шұбат дайындауды білетіндер, тіпті, саусақпен санайтындай ғана болуы мүмкін. Сондықтан осы мәселені де ойластырған жөн, – дейді Әлібек Әнуәрбекұлы. Бір қызығы түйе аз болғанымен дүкендерде шұбат сатылып жатады. Оның қайдан келетіні, кім, қалай әзірлейтіні әзірге белгісіздеу.

Халқымыздың сан ғасырлар бойғы қасиетті тағамы болған қымыз бен шұбаттың қайтадан бағы жанып, бағасы артып, әлемге танымал болып отырған тұста облысымызда оны өндіруді өндірістік жолға қойып, жоғары деңгейде дайындап, нарық бағасына сай өткізе алсақ, ауыл шаруашылығының тағы бір табысты саласы болатыны анық. Осы орайда ауқымды инвестициялық жобалар жасалып, еліміздің немесе аймағымыздың индустриялық картасына еніп жатса, артық болмас еді.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button