«Дидардың» қонағы

АШАРШЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНА АЙНАЛЫП СОҒЫП ОТЫРУ–АРУАҚТАР АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫМЫЗ

АШАРШЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНА АЙНАЛЫП СОҒЫП ОТЫРУ–АРУАҚТАР АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫМЫЗ


ТҰРЫСБЕК СӘУКЕТАЕВ, ЖЕРЛЕС ЖАЗУШЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛАШ» ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ: – АШАРШЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНА АЙНАЛЫП СОҒЫП ОТЫРУ–АРУАҚТАР АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫМЫЗ

АТАМ АШУ ӨСКЕМЕННІҢ ТҮРМЕСІНДЕ АТЫЛҒАН

-Аға, білетіндердің айтуынша, сіз текті жердің, бар жердің баласысыз. Арғы бетте Алтай ауданында туыпсыз. Өскен ортаңыз қандай болды, балалық шағыңыз сол жақта өтті ме?

-Иә, қарындасым, өзіңіз айтқандай, Алтайдың биігінде кіндігім кесіліп, шыр еткенде ақ Ертістің тұнығында шомылыппын. Менің ес білгелі өсіп-өнген ортам ¬- Күршім өңірі. Жеті атамның сүйегі жатқан, кіндігім мәңгілік байланған асыл мекенім. Зайсанның құмы, гудогін боздата созып кешкі мұнарға сіңіп бара жатқан катерлер қандай еді…

Балалық шақтың кеңістігі дегенде, әуелі ойыма малшы ауыл оралады. Иті абалап, қозысы маңырап шұбаған көш. Жіңішкені өрлей жылжып, Қараөзекті қуалай, Кесікке жете жығылып бірер күн дамылдайсың. Одан ары – Алабие, Қайрақтының жазығы… Сағынып жеткен жыл құсындай, Алтайдың биігін сатылап өрлеген сайын көкіректе бір ұлы аңсар оянып, мал да, жан да желігіп ентелей түседі. Жылдағы өрісін аңсап, басын жерге салмай жырыла қашқан қумүйіз мама сиырлардың алдын қайырмақтап әлексің. Салыққан көштің алды созыла жетіп, Қушоқы мен Барлыбайдың баурайына тұмсық тірей жығылатын. Әр жотаның басында шоқиып, түтіні ширатылып ұшқан бір-бір қоңыр үй, қыбырлаған қоңырқай тірлік. Корыто-легенге отырып алып, күреңшелі төбеден төмен қарай сырғанаған у-шу бала. Беткейде ақ бұлттай дөңгеленген қой отары. Таңертең оянғанда шаңырақтан мөлдірей төнген көк аспанның тұңғиығында қара меңдей қадалған Алтайдың ақиығы. Қарақат тере барғанда, бұта түбінде ұйықтап жатқан қонжықты көріп тұра қашқаның. Сол шақтарды сағынған бір өлеңімде былай деппін:

… Өрлесең Бурабайдан Маралдыға,
Көк шалғын таласады таралғыға.
Жанары жаудыраған еліктердің,
Жарқ етіп жанған шамдай қараңғыда.
Барлыбай, Қушоқы мен Алабайтал,
Жағалай сыңсып өскен қарағай-тал.
Жапырақ боп күбірлеп жырға орадым,
Туған жер, жан сырымды саған айтар!

Сұрағыңыздың басында «… текті жердің, бар жердің баласысыз» дедіңіз. Осы күнде ауыз ашқанның бәрі кеудесін қағып, ата-бабам батыр-бағлан, шешен-би, асыл тектімін деп сөйлейтін болды ғой. Совет үкіметі тұсында көсемнің де, шешеннің де ата-бабасы батырақ, сіңірі созылған кедей еді. Классик ақындарымыз «Басқалар Ғұннан туса, Күннен туса, мен күңнен тудым!» деп күркірегенде, дауысы құлақ жаратын. Заман өзгерді – бәрі өзгерді. Бабасының батыр емесі, бағлан емесі жоқ. Сонда кімнің әкесі мал баққан, кімнің шешесі от жаққан? Парадокс! Әлбетте, ешкім де өз шыққан жерін жаман демейді, өзінікі өзіне аяулы. Бірақ әр нәрсенің өз өлшем-шегі бар ғой. Меніңше, ата басын алға салып, өткенімен мақтану өзіңе көңілің толмаудан туған, болам деп бола алмай қалған өзіңді іштей кемсінудің, мешеу психологияның көрінісі болса керек. Өз басым ондай мақтанның бәйгесіне ат қоса алмаймын, бұл жағына келгенде аздап «ұяттымын». Арғы-бергі атамызда ақ найзасын үңілтіп жауға шапқан батыр да, аузымен құс тістеген ақын-шешен де жоқ. Қарапайым шаруа баққан әулеттің ұрпағымын. Төртінші атамыз Қазан жақтан келіп, қазақ ішіне сіңген Шеғир деген кісі екен. Арабтың «шеғир» (өлең-жыр) деген сөзін қазекем «шегір» деп түсінсе керек, осы күнге дейін біздің Көбестің (ру аты) келіндері шегір көз біреу көрсе, атамыздың аты кетіп қалады деп, көк көз деп атайды. Патша заманында әскерге алынған кедей шаруа, бұратаналар 25 жыл қызмет ететін болған ғой. Оларды басыбайлы солдат, рекрут дейді. Тәртіп бойынша, ауыл-қыстақтағы бес-он түтіннен бір адам әскерге бару – міндет. Оның үстіне, «Смирись, Кавказ, едит Ермолов!» деп Россияның Кавказ үстіне қылыш ойнатып, қан құмартып тұрған ала-құйын дүрбелең кезең. Кім асау Кавказдың алмас қылышына қылша мойнын тоса қойғысы келеді. Қолы ұзындар шенділерге пара беріп құтылатын, еті тірілер басқа жолын табатын. Орыс помещигінде жалшы боп жүрген 18-19-дардағы Шеғирді де қожайын кәмелетке толған өз баласының орнына солдатқа жібермек болады. Майданға салмақ. Тірі шықсаң, ары қарай 25 жыл итшілеген өмір. Ғазиз жанға бір өлім деп ширыққан жас жігіт тәуекелге бел буады. Байдың жарамды атына мініп алып, түн ішінде орманға сіңіп жоғалады. Сол қашқаннан мол қашып, қазақ даласынан шығандап бірақ шығады. Сауда керуенімен ілесіп Тобыл асады. Одан Ертіс бойлап кіре тартқан кемешілерге жалданады. Бірде қатты науқастанып, бері қарауы екіталай болған соң кемешілер Шеғирді жағадағы ауылға тастап кетеді. Ауылдағы бақсы-балгер жанын салады. Қара қойдың терісіне орап, кәрі қойдың сүйегімен сорпалайды. Қыс бойы қысырақтың қымызын береді. Әбден сақайып, аяғына қонған соң Ақнайман – Байсарының биі Қазанғап атамыз асық жілік ұстатып, өзіне бала ғып бауырына басқан екен… Әкеміз Рахметолла (лақап аты – Сәукетай) ескіше біршама көзі ашық, орысша жарты жыл ғана оқыған шала сауатты, орташа дәулеті бар адам болған. Отызыншы жылдардағы кәмпеске лаңына шарпылып, басы біраз шырғалаңға түсіпті. Өскемен, Зайсаннан зат әкеліп, ел арасына саудалайтын түртіншек кәсібі болса керек. Отыз төртінші жылы «Қытай, Моңғолиямен жалғасып сауда жасап жүр» деген жаламен өз ағайындары «сигнал» түсіріп, қамаққа алынады. Зайсанның түрмесінде үш айдай тергеуде жатып, Хайрулла деген інісі екеуі он жылға кесіліп, Владивостокқа айдалады. Екеуін арбаға салып Өскеменге жөнелтеді. Айдауыл органда барып кел-шауып кел боп істейтін Өжіке дейтін өздерінің жамағайыны екен. Жолай әкеміз: «Әй, Өжіке, сен бізді ажалға айдап бара жатырсың. «Итжеккенге» барсақ, ол жақтан тірі қайту жоқ. Түбі – бір өлім. Одан да бізді, Тәңір жарылқағыр, осы жерде атып кет, сүйегіміз туған жерде қалсын!» дейді. Ағайын өлімге қисын ба, ымырт үйіріле бір ауылдың қарасы көрінгенде: «Мені осы жерде қолымды байлап тастап кетіңдер де, ары қарай өз тірліктеріңді жасаңдар» деп, қайыр-хош айтысып қала береді. Ағайынды екеуінің сол күннен бастап қашқындық өмірі басталады. Ел күйзелген, жоқшылық. Аштық қаупі төнген соң бас көтерер азаматтар ақыл қосып, тәуекелге бел буады: Ақши – Қаратоғай тарабын жайлаған рулы ел (нобай есеппен ұзын-саны үш жүздей үй) түп қопарыла шекараға бет алады.
Сілбіреген ақ жауын, азапты жол. Сарытаудың тік қайқаң, тар қысаңы өткел бермей, жүк артқан түйе тайғанақтап жүрмеген соң, жолға киіз-кілемдерін төсейді. Өлдім-талдым дегенде қыспақтан өтіп, көштің алды шекараға таяй бергенде, алдарынан погранотряд шығып, соңдарынан ГПУ-дің жасауылдары қуып жетіп, оқтың астына алады. Сол қасапта әкем жеңіл жарақатпен қашып құтылып, 22 жасар інісі Хайрулла оққа ұшыпты. Артынша тергеу басталып, «елді бүліктіріп, көшті бастап жүрген кім?» деп сұрағанда, әкемнің әкесі Ашу деген атам: «Е, мендей кәрі шалға «кіпу» не қылар дейсің, тәйірі, бәрін маған жаба беріңдер!» депті. ГПУ не қылмасын, шал екеніне қарай ма, 71 жасар Ашуды Өскеменнің түрмесінде атып тастайды…

Қазір Күршімнің орталық саябағында отызыншы жылдары бандылар қолынан қаза тапқан, ел мақтанышы ержүрек чекист Жәмел Исабековке арналған обелиск тұр. Мектепте оқып жүргенімде сол кісіге арнап, халық жаулары, бандыларға деген шынайы өшпенділікпен жазылған толғауым аудандық газетке шыққанда, әкем марқұм біртүрлі мұңлы кейіппен төмен қарап, үнсіз жымиып еді. Ашылып сөйлемейтін, тұнжыр қабақ тұйық кісі сол сәт не ойлады екен? Арпалысты азаппен өткен жастық шағы есіне оралды ма?.. Өз әулетімнің өткені мен кеткені туралы ойлағанда, міне, осындай қадау-қадау тіршілік елестері көкейіме оралады.

«МЕН – ЖЫНДЫМЫН» НЕ ҮШІН ЖАЗЫЛДЫ?

-2016 жылы «Мен – жындымын» деп айқайлап тұрған туындыңыз «Алтын қаламның» бас бәйгесін еншіледі. Айтарыңызды бастан-аяқ жеткізе алдыңыз ба осы айрықша романда?

-Өзін мың жерден күстаналасақ та, сөзі ескірмейтін ой алыптарының бірі – В.Лениннің: «Лев Толстой – орыс революциясының айнасы» деген сөзі бар емес пе. Бұл – ұлы мәртебелі Әдебиеттің миссиясына берілген анықтама, қысқа да нұсқа тұжырым. Әдебиет, шын мәнінде, өмірдің айнасы. Қоғам сол айнаға қарап өзінің бет-бейнесін көреді, кем-кетігін түзеп, бағдарын айқындайды (әрине, қоғам есті болса). Әрбір шынайы көркем шығарма ¬– позиция. Қаламгер шығармалары арқылы қоғам мен ортаға, заманға деген өз көзқарасын білдіреді, жақсысына сүйініп, жаманына күйініп дегендей, оның бәрін жайдақ-жадағай бадырайтып айтпай, түрлі образдар, көркемдік нақыш-бояулар палитрасымен әдіптейді. Оқырман жүрегін алуан күймен баурай отырып, өмірдің әлдебір жықпыл-қалтарысына сәуле түсіреді, «бұл қалай?» деген сұрақты көлденең тартып ойлантады. Біз өмір сүріп отырған орта да ділгір мәселеден кенде емес, әлеуметтік қайшылықтар, ұрлық, зомбылық, моральдық азғындық секілді қоғамдық кеселдермен күнделікті бетпе-бет ұшырасатынымыз белгілі. Қолыңда қаламың болған соң айналаңдағы құбылыстарға алаңдамай жайбарақат отыра алмайсың, шама-шарқыңша үн қатуға тырысасың. «Мен – жындымын» романы, міне сондай шамырқанудан, қазіргі қайшылыққа толы қазақ қоғамының моральдық-этикалық бет-бейнесін жасасам, рухани ішкі болмысын ашсам деген талпыныстан туған дүние. Шығарма тұтастай қанатты, еркін қиялға құрылған. Ертегі, түс, елес… сияқты мистикалық құбылыстар шынайы өмір болмысымен жымдаса өріліп, оқиға желісі траги-комедиялық сипатта өрістейді. Мұның бәрі – діттеген ойды жеткізудің тәсіл-құралы. Роман жарық көргелі бері бір жарым жыл ішінде сегіз қайтара басылып шықты. Эксперттердің пайымынша, ТМД кеңістігіндегі оқырман сұранысына ең көп ие болған жалғыз шығарма екен. Соған қарағанда, айтарымды қоғамның этикалық шеңбері шегінде біршама тұспалдап болса да жеткізе алдым-ау деп ойлаймын.

-Ашаршылық нәубетін көрмеген қазақ ауылы жоқ. «Құзғын тойған қыс» деген повесіңізді оқыдым, болған оқиғалар негізінде жазылған ба?

-Мешін жылғы ашаршылық – халқымыздың жартысын жалмаған алапат зұлмат. Жылдар көші жылжып өтсе де, қаны сыздықтап ешқашан жазылмас ұлт жүрегіндегі мәңгілік жара. Бұл тақырыпқа дүркін-дүркін айналып соғып отыру, санамызда жаңғыртып отыру – аруақ алдындағы парызымыз һәм өзінің өткен-кеткеніне сергек қарайтын өскелең ұрпақ үшін тарихи тағлым. Біздің бала кезімізде бұл қасіреттің елесі әр ауылда кезіп жүрді. Біздің Зеленное ауылында Мәриям деген кемпір болды. Ел «жынды кемпір» дейтін. Аштық жылдарында өз баласын жеп қойған десетін. Он жасар баладай ғана қарға бойлы, жылан көз қақпыш кемпір. Жаздың шыжыған ыстығында керзі етігін күрпілдетіп, үстінен сауыс-сауыс кір курткасын тастамайтын. Түн баласы ұйықтамай, көрші-қолаңның тезек-көмірін ұрлайды. Көзіне не түссе соны тықпыштап үйіне таси беретін. Жоқшылықтан әбден запы боп бойға сіңген әдет, қорқыныштан қалыптасқан мінез. Осындайларды көрумен бірге үлкендердің аузындағы небір әңгімелерге қанығып өстік.

«Құзғын тойған қыс» хикаятында белгілі бір әулет не жеке адамның басынан кешкен оқиғаны арқау етіп алдым деп айта алмаймын. Жалпы, нақты нәрсенің ізінен қуалап шығарма жазу менің табиғатымда жоқ. Көп ретте қиялға ерік беремін. Әлбетте, қиялға еліктеп шындықтың шеңберінен шығып кетуге де, қиялдан қашып, шындықтың тұтқынында қалып қоюға да болмайды. Сондықтан менің шығармаларым – әрі шындық, әрі қиял. Хикаятта бір шаңырақтың трагедиясы арқылы халық басындағы жалпы нәубеттің жиынтық әсерін бейнелеу болды діттеген мұратым.

АШАРШЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНА АЙНАЛЫП СОҒЫП ОТЫРУ–АРУАҚТАР АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫМЫЗ

АУДАРМАНЫ ӘРКІМ НАН ТАБАР КӘСІП ҚЫЛЫП АЛДЫ

-«Қазақфильм» киностудиясында аудармашы болып ұзақ жыл жемісті еңбек еттіңіз. Бүгінде кейбір терминдер, әсіресе жарнамалардың дені дұрыс аударылмай жатыр. Біліксіздіктен бе, жауапсыздықтан ба?

-«Қазақфильмде» дубляж бірлестігінің бас редакторы боп 16 жыл істедім, одан бері соңғы жылдарға дейін «Хабар», «КТК» арналарында аударма фильмдер бөлімінің бас редакторы болып қосымша қызмет атқардым. Қазір де қол үзгем жоқ. Мұның бәрін тізбектеп жатқаным, аударманың жайын біршама білем дегенді аңғарту ғой. Бұрын аудармаға өнер деп қарап, мән берілетін, аз да болса, тәртіп, жауапкершілік болушы еді. Қазір, өзіңіз байқағандай, бетімен лағу, ауажайылушылық жайлап алды. Бұл да қоғамдағы үлкен дерттің бірі – қазақ тілін сыйламаушылықтың көрінісі. Ең өкініштісі, қазақ өз тілін өзі менсінбейді, қажетсіз нәрседей немкетті қарайды. Ана тілім – Арым деудің орнына, ана тіліміз арам ауыздардың нанына айналып кетті. Ешқандай бақылау, тежеу-тәртіп болмаған соң, кез келген қолы ұзын пысықай нан табар кәсіп қып алды. Жарнамадан бастап маңдайшадағы жазуларға дейін небір сорақы, қотыр «қотарманы» көргенде, бетіңнен отың шығады. Ол түгілі, академиялық оқулықтар мен заңдарымыздың тармақтарын қарап көріңізші, қотыр сөз, қисынсыз сандырақтан көз сүрінеді.¬ Мағынасы не екенін тұспалдай алмай миыңыз ботқа болады. Бұл жерде біліксіздік, жауапсыздықпен қатар мәселенің бір ұштығын тіліміздің балаңдық табиғатынан іздеген жөн: терминдерге кедейміз, ғылыми-техникалық атаулар жоққа тән, фразиологиялық тіркестердің шаблоны қалыптаспаған… Осының бәрі етектен тартатын қолбайлаулар. Тіліміз өспей бір орында тыпырлап тұр. Неге? Өскелең тіл жақсының бәрін батыл қабылдап, уақытпен бірге қарыштап алға басады. Мәселен, орыс тіліне қарайықшы, айына болмаса да, жылына ойлап табылып жатқан ғылыми жаңалықтарға, дүниетанымдық кеңістіктерге байланысты шеттің қаншама сөзін тілдік айналымға енгізеді. Жатырқап, үрікпейді. Сондықтан да ұғынықты, ұтымды, нақпа-нақ, ойнақы. Ал біздің «патриот» білгіштеріміз сыпыра аудару деген бір ауруға ұшыраған. Балконды – қылтима, фонтанды – шаптырма, штанганы – зілтемір… деп сыпырта береді. Паспортты ¬– төлқұжат, гербті – елтаңба деудің не қажеті бар? Төлқұжат деген жеке документ деген сөз, сонда жеке куәлігіңіз, пенсия, шоферлік, т.т. куәлігіңіз төлқұжат емес пе? Сондай-ақ әр қала, мекеме, ауылдың гербі бар, соларды елтаңба, мысалы, ауылдың елтаңбасы деген қалай болады? Қисыны – ауылдың таңбасы. Қысқасы, бізде тілді дамытып, қолданудың мәдениеті жоқ, ғылыми негізі қалыптаспаған. Соған ұйтқы болатын, сол үшін тікелей күресуге тиісті Тіл ғылыми-зерттеу институты, Қазақ тілі қоғамы, т.б ұйымдар қалғып-шұлғып «шошқа тағалап» отыр. Міне, сіз бен біз шырылдап отырмыз. Айғайшы жеткілікті. Яғни айтар ауыз бар, естір құлақ жоқ. Күйінесің де қоясың.

-Шығармашылық жолыңызда поэзияға да бет бұрған екенсіз. Ығысып қалдыңыз ба, әлде жәй әуестігіңізден жаздыңыз ба өлеңді?

-Поэзия адамның жастығы ғой. Бала кезде кім өлеңге құмартпайды, әсіресе табиғат аясында өскен біз сияқты көшпенділердің ұрпағы айналадағы құбылыстарға таңырқай қарап, әсерленбеуі мүмкін бе? Сондай сәтте күмбірлеп көмейіңе сөз келеді, ыңылдап ән айтасың, шыбықпен сызғылап құм бетіне сурет саласың дегендей. Мен 12-13 жасымнан шатпырақтап өлеңге әуестене бастадым. Мектептің қабырға газетіне «9 май», «Ұстазым», «Зайсан»… деп тақпақтар жаздым. Мұғалімдер «мынауың тәп-тәуір ғой» деген соң дәндей-дәндей газеттерге жіберетін болдым. Сөйтіп аудандық «Коммунистік еңбек» газетінен бастап «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар»), «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеті, «Жалын» журналында жарияланып тұрды. Өзімді толғандырған қоғамдық-әлеуметтік қилы халдердің кең панорамасын жасау үшін прозаны қолай көрдім. Осы уақытқа дейін жеті роман жаздым. Ондағы уақиғалардың жұлын-жүйкесін, психологиялық ахуалдардың ұңғыл-шұңғыл өң-бояуларын ұйқасты өлеңмен жеткізу мүмкін бе?

МАРАТ ҚАЙТҚАНДА ТАБИҒАТ ҚОСА ЖОҚТАДЫ

-Ойыңызда жатталып қалған, сақталып қалған естен кетпес сәттеріңіз бар ма, есіңізде ме?

-Адам болған соң қуанасың, күйінесің. Әсіресе қалам «ауруына» ұшыраған соң, көңіл толқынысың тіптен ерекше. Шабыт үстінде қалам ұшына оралған әрбір сәтті теңеу, образды сөз… сен үшін шексіз қуаныш. Ойымдағыдай шықты-ау деп көңіл масатымен шығармаңа соңғы нүкте қойған сәтте сенен бақытты жан бар ма екен әсте!.. Алғаш рет «Коммунистік еңбекте» өлеңім шыққан күні ауыл шетіндегі жотаны шыр айналып, жынды адамша өзімнен-өзім айғайлап жүгіре бергенім есімде.

Мен шығармаларымда әр қалай мистикаға әуестік танытқаныммен, өмірде ондай соқыр сенім, тылсымға сенбейтін адаммын, бірақ басымнан өткен кейбір жағдайға осы күнге дейін таңғаламын. 1978 жыл болатын, сентябрьдің тоғызы. Киностудияда жұмыс істейтін кезім. Ол кезде жастарды күзгі науқанда жиын-терін жұмысына жіберетін тәртіп бар. Аэропорт жанындағы «Красное поле» колхозында сәбіз жинаймыз. Күні бойы біртүрлі алабұртып, елегізіп жүрдім. Шаршап кешке қарай үйге қайттым. Күн ыстық, қапырық. Жалға алған бір бөлмелі тар лашықтың төрінде шалқамнан түсіп жатқам. Көз жұмулы, көңіл ояу дейтіндей мең-зең бір хал. Әкем елестеді. Селк етіп көзімді ашып алсам да, бәрібір кетпей көз алдымда тұрып алды. Бет-аузы бір жағына қисайып кеткен, басында қызыл кепеш, үстінде ұзын ақ көйлек-дамбал, алайған көздерін бір ашып,бір жұмып үйдің ортасында теңселіп тұр. Қолына ұстаған жирен шашты, жалаңаш сары баланы әйеліме ұсына бергені сол, әлдекім есікті сартылдатып қаға жөнелді. Жүрегім атқақтап ұшып тұрсам, почтальон екен. Телеграмма әкеп тұр. «Тез жет, әкең ауыр халде» депті. Сол күні селсовет хатшысы шақырып алып, сіз өлгендерге қатым шығарып ақша алатын көрінесіз деп тергесе керек, үйге күйініп келген әкем намаз оқып тұрып миына қан құйылып, жайнамаз үстіне жығылыпты. Екі жылдан кейін қып-қызыл жирен шашты сары бала дүниеге келді, көп ұзамай әкем қайтыс болды. Телепатиялық құбылысты ғылым да жоққа шығармайды ғой, бәлкім, бұл да соның бір көрінісі шығар. Екінші жағдай Марат Қабанбаевқа байланысты. Маратты бәріңіз білесіз, жерлесіміз, қазақ әдебиеті мен журналистикасында айрықша із қалдырған, қайталанбас тұлға. Екеуіміз бала кезден егіз қозыдай жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Оның мезгілсіз ажалы жаныма қатты батты. Айықпас дертпен ұзақ уақыт арпалысты ғой. Қайтыс боларынан бір күн бұрын үйіне жуындыруға әкеліп, ауруханаға апарып салғанмын. Ертеңінде, 2000 жылы 26 апрель, түстен кейінгі мезгіл. Шаруалармен Марат тұратын «Жетісу» микроауданы жақта жүргенмін. Күн шайдай ашық, жарқырап тұрған. Кенет Мараттардың үйі тұсынан қара құйын ойнап шығып, жер-дүние аласапыран ұйтқыды да кетті. Айнала қап-қараңғы, ысқырған жел, жас талдардың басы иіліп жер сабалап жатыр. Үрейленген жұртпен бірге жүгіріп кеп, аялдаманың ығына тұра қалғанмын. Үлкен бір теректің бұтағы күтір етіп алдыма құлап түсті. Жарты сағаттан кейін үйге келдім. Телефон үсті-үстіне безілдей жөнелді… Марат қайтыс болыпты. Есеңгіреп қалдым. Жүрегімді удай өкініш өртеп барады. Қыстыққан өксік бойымды буып, мең-зең теңселіп жүрдім де қойдым. Жетінші күн дегенде әлдебір әуен ырғағы өз-өзінен көкейіме орала берді. Өмірімде «әу» деп дұрыстап ән айтып көрмеген адаммын, «шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деп осындайда айтқан-ау. Сөйтіп, «Қайран Марат» деген ән дүниеге келді. Зерттеушілердің айтуынша, ұлы адамдар дүниеден өткенде, табиғат та төтенше мінез танытатын көрінеді. Байрон өлгенде, найзағай ойнап, аспан жарылардай күркіреп, Париж үстінде қатты нөсер толастамай тұрып алыпты. Лермонтов оққа ұшқанда, сұрапыл дауыл ұйтқып, жүз жылдық емендер тамырымен қопарыла құлаған… Біздің аяулы Маратымыз көз жұмғанда, қазағымен бірге Табиғат-Ана да қосыла жоқтап еді.

-Жазушының мәңгілік жолдасы – жалғыздық дейді. Тез жазасыз ба? Қазір не жазып жатырсыз?

-«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» дейді ғой Мұқағали ағамыз. Ақындар ғана емес, адамдардың бәрі жалғыз. Адамның ішкі мұңына, арман-тілегіне ешкім де ортақтаса алмайды. Менің жан серігім – жақсы кітап, музыка, сурет, мұңайсам да, қуансам да оңашада солармен табысамын.

Әр шығарманың толғағы әртүрлі болады, біреуі оңай, біреуі қиын дегендей. Бәрі де орайына қарай. Негізінде, ұзақ ойланып, шабан жазамын. Бірақ бір жазғанымды қайта өңдеп, мыжу ғадетімде жоқ.

Өткен жылы «Қызылбалақтың қазасы» роман-дилогияның «Бар екен де жоқ екен» дейтін бірінші кітабын бітірдім, қазір «Ай қанатты арғымақ» деген екінші кітабын толғатып жүрмін.

«БҰҚТЫРМА САРЫНЫН» БАСТАН-АЯҚ ОСЫ ГАЗЕТТЕН ОҚЫДЫМ

-Әдеби ортада өзіңіз кімдерден үйреніп келесіз?

-Өмірдегі адамдардың бәрі – ұстаз. Жақсыдан жақсыны үйренесің, жаманға қарап, жамандықтан жиренесің. Әдеби ортада Олжас пен Мұхтар (Мағауин) ағаларымды үлгі тұтамын. Ең басты ұстазым – жақсы кітап.

-Кітап оқитындар азайып кеткен заманның бір кемшілігін түзету мақсатымен де «Дидарда» «Жақсы кітап-жан азығы» деген айдар ашып, қызықты кітаптарды ұсынып, таныстырып келеміз. Оқырмандарға, маған қандай кітаптарды оқы деп кеңес берер едіңіз?

-«Дидардың» үлкен рухани олқылықты толтырмаққа талпынысы қайырлы іс екен. Жақсы шығармалармен оқушыларды таныстырып отыру газеттердегі қалыптасқан дәстүр ғой. Баяғыда Қалихан аға Ысқақовтың «Бұқтырма сарыны» повесін түгелдей «Коммунизм туынан», осы өздеріңнің газеттеріңнен оқығаным әлі есімде. Сол дәстүрдің үзілмей жалғасын табуы өте құптарлық. Ал Сіздің қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз деген сұрағыңызға тосылып отырмын. Талғам мен түсінікте туыстық, ортақ өлшем жоқ қой, біреуге таңсық – біреуге қаңсық дегендей. Мен жақсы деген шығарма Сізге ұнамауы бек мүмкін. Сондықтан әдебиет сүйер оқырмандарға айтар жалғыз кеңесім: байырғы қос көркем басылым – «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетін оқыңыздар дер едім. Қазақ қаламгерлерінің таңдаулы туындылары мен әлем әдебиетінің үздік үлгілерін насихаттайтын екі басылымнан әркім өз іздегенін табар деп ойлаймын.

-Әңгімеңізге рахмет!

Осы айдарда

Back to top button