Ақшаны үнемдеп, денсаулықты сақтауға мүмкіндік туғызды

Облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары Өскемендегі денсаулық сақтау нысандарын аралады. Атап айтқанда, облыстық мамандандырылған медициналық орталық пен сәулемен емдеу орталығының жұмысымен танысты.
Өкінішке қарай, облысымыз онкологиялық науқастардың саны жөнінен республикада алдыңғы орындарда. Осы қажеттіліктен ашылған сәулемен емдеу орталығының материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңарып, науқастарға озық үлгідегі медициналық қызмет көрсетіп келеді. Бұған дейін науқастар сәулемен емделу үшін Астанаға немесе шетелге баруға мәжбүр болатын. Барып-қайту жолы, емделу қымбат болғандықтан науқастардың көпшілігі емделуден бас тартатын. Сәулемен емдеу орталығы ашылғалы бері қатерлі дертке шалдыққандар сапалы әрі кешенді емді осында алатын болды.
Сәуле терапиясы – қатерлі ісікті емдеудің маңызды бөлігі. Орталықтағы жаңа қондырғылар ісікті компьютерлік дәлдікпен емдеп, сау ағзаларды радиациядан қорғауға мүмкіндік береді. Жоғары технологиялы құрал-жабдықтар Чехия, Германия және АҚШ мемлекеттерінен сатып алынған.
Облыстық онкологиялық диспансер басшысының айтуынша, өңірімізде лапароскопиялық онкохирургия дамып келеді. Қазіргі уақытта маммология және онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Серік Мұхаметжанов пен онкохирург-уролог Хусан Умурзаков Италияның Милан қаласындағы TransEnterix орталығында білім-біліктерін жетілдіруде. Диспансердің эндоскопист дәрігері Әйгерім Ахметова Мәскеуде өткен халықаралық эндоскопиялық бейнефорумға қатысып, мол тәжірибе жинақтап қайтты.
– Осындай үлгідегі бейнефорумдар эндоскопиялық диагностика және ас қорыту мүшелерінің сирек кездесетін ауруларын емдеудің әдістемелерін үйренуге мүмкіндік береді,-дейді облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина. – Сонымен қатар Гамбургтегі Asklepios және Eppendorf клиникаларының әйгілі дәрігерлерімен ұйымдастырылған тікелей телекөпір арқылы отандық дәрігерлеріміз эндоскопияның әлемдік көшбасшыларынан ота жасаудың техникасы мен озық әдістемелерін үйренді. Жуықта Литваның Клайпеда қаласындағы аурухананың торакалды хирургия бөлімінің басшысы, дәрігер-хирург Александрас Багаевас келіп, шеберлік сабақтарын өткізген.
-Қатерлі ісік аурулары – адам өміріне қауіп туғызатын дерт. Сондықтан жұртшылық жаман аурудың бар-жоғын ерте бастан анықтау үшін скринингтік тексеруден өтуі қажет. Елбасымыз әр Жолдау сайын денсаулық сақтау саласына айрықша мән беріп келеді. Мемлекетіміз заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға қыруар қаржы бөледі. Өйткені ұлт саулығы – мемлекетіміздің басты байлығы,-деді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Майра Екібасова. –Дегенмен жұртшылық өз денсаулығына немқұрайлы қарамауы тиіс. Емханаға ауруы әбден асқынған кезде келмей, тегін скринингтік тексеруден уақтылы өткені жөн. Өзіміздегі медициналық қондырғылар кез келген ауруды ерте бастан анықтап, емдеуге әлеуеті жетеді. Ол үшін жолына ақша шығарып, уақытын шығындап, шетелге барудың қажеті жоқ.
Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың бас дәрігері Ю.Старокожевтің айтуынша, емхана медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшкен. Бұл қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа технологияға негізделген заманауи құрал-жабдықтардың арқасында қазір портал арқылы тіркелсе, ота жасауға тіпті кезек те жоқ екенін айтады орталық басшысы.
Айжанат Бақытқызы