«Дидардың» қонағы

Асан ОМАРОВ:-Мұхтар Әуезов Құнанбайдың Меккеден әкелген таспиығын дүниеден өткенше жанынан тастамапты

Асан ОМАРОВ:-Мұхтар Әуезов Құнанбайдың Меккеден әкелген таспиығын дүниеден өткенше жанынан тастамапты

Семейге барған сапарымызда Абайды зерттей бастағанына ширек ғасыр ғана болса да, ауыз толтырып айтарлықтай еңбек етіп, Абай табиғатына, Абай болмысына өзіндік көзқараспен үңіліп, осы бағыттағы азды-көпті еңбегін ел ішіне насихаттап жүрген абайтанушы, философия ғылымының кандидаты Асан Қайырбекұлы Омаровқа жолықтық.

Ақын иірімдеріне құлаш ұрған инженер

Бізді елең еткізгені – Асекеңнің негізгі мамандығы инженер-механик. Әп дегенде, – Апыра-ай, ә! Қаншама жылдардан бері әдебиет пен тарихтың қара қазанында қайнап жүрген, көпке танымал ғалымдар мен ақын-жазушылардың кез келгенінің жүрегі дауалап, тісі бата бермейтін «Алып ойдың иесі» атанған иірімі сан қилы Абай әлеміне инженердің қандай қатысы болды екен? – деген заңды сауалдың бас көтергені де жасырын емес.

Сөйтсек, 1951 жылдың тамызында бұрынғы Семей облысына қарасты Бесқарағай өңіріндегі Бөденелі ауылында дүние есігін ашқан Асекең қаршадайынан әсіре кітапқұмарлық дертіне шалдыққан көрінеді. Атасы Базарбайдың да, әкесі Қайырбектің де өз замандарында бала оқытып, ел ішінде ағартушылықпен айналысқан айтулы ұстаз болғандықтарын ескерсек, «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, кішкентай бала Асанның кітапқұмар болмауына қақысы да жоқ екен.

– Мен ес білгелі әкем мұғалім болатын. Ол кездегі ауыл мұғалімдері бірнеше пәннен сабақ бере беруші еді ғой. Әкем де қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, неміс тілі пәндерінен сабақ берді, – дейді балалық шағына ойша саяхат жасаған ғалым. – Ол кісінің бір әдеті – кітап жинайтын. Қалаға барса да, далаға барса да, көзіне көрінген кітапты не аттай қалап сұрап, не ақысын төлеп үйге әкеле беретін. Үйімізде үлкен кітапхана болды. Сол әсер етті ме, болмаса, әкемнің кітапқұмарлығы еліктірді ме, екінші-үшінші класта оқып жүргенімде-ақ Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов сынды қазақ классиктерінің шығармаларын оқи бастадым. Бір жерлерін түсінсем, енді бір жерлеріне өрем жетпей жататын. Бірақ, бұл менің кітапқа деген құмарлығыма кедергі бола алмады.

– Мектепті бітіре сала әдебиет саласына бет бұрған боларсыз?

– Әдебиетке құмар болсам да, менің ішкі дүнием қалайда тарихшы болуды қалады. Ол кезде бірақ, оқуға түсу қиынның қиыны еді ғой. Бір ғана тарих факультетіне бір орынға 10-15 баладан таласатын. Оның өзінде дөкейлердің, таныс-тамыры барлардың балалары ғана түсетін. Сөйтіп, тарихшы болудан күдер үзген үш-төрт бала өзара ақылдаса келе Алматының ауылшаруашылық институтына емтихан тапсырдық. Бұл, қырсық дегенді қойсаңшы. Тағы да бір балл жетпей қалды. Осы кезде әлгіндей бірді-екілі балдары жетпей қалған қазақ балаларын Ресейдің Мелитополь, Саратов, Челябинск деген секілді бес-алты қаласына бөлді. Челябинск сол кезде миллионнан астам халқы, танк, трактор жасайтын заводтары бар ірі қалалардың бірі болатын. Мен сол Челябинскінің ауылшаруашылық институтына түсіп, инженер-механиктің мамандығын алып шықтым. Өңкей орыстың арасында жүріп тілді де жақсы меңгердік, сабақты да намысқа тырысып, қатардан қалмай оқыдық. Есесіне жақсы білім алып шықтым. Ол үшін ешқашан өкініп көргенім жоқ.

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХТЫ ДӘЛЕЛДЕГЕН ҒАЛЫМ

Асан ОМАРОВ:-Мұхтар Әуезов Құнанбайдың Меккеден әкелген таспиығын дүниеден өткенше жанынан тастамапты

– Алған біліміңіз инженер-механик екен. Абайды айтпағанда, әдебиетке бес қайнаса сорпасы қосылмайды. Сонда, Абайға қалай келіп жүрсіз?

– Мен қанша жерден инженер-механик болсам да, осы күнге дейін қазақ тарихы мен әдебиетінен алыс кетіп көрген жоқпын. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары облыстық, республикалық басылымдарға ұлттық балабақшалар мен мектептердің нашар ахуалына, қаладағы әбден орыстанып кеткен көше атауларына қатысты көптеген сыни мақалалар жазып, көпшілік бас қосқан жиындарда соларды мәселе етіп көтеріп жүрдім. Сол тұста бұрындары «270-280 жылдығы» деп тойланып келген Семей қаласының 1000 жылдан асатын тарихы бар көне қала екендігін жан-жақты тарихи деректермен дәлелдеп газетке жариялаттым. Бұл енді, әсіресе «270-280» деп алаулатып-жалаулатып жүргендер үшін тосын сый әрі ел арасында үлкен сенсация болды. Содан қайтып ауыздарына құм құйылғандай ондай-ондай ұсақ-түйек мерекелер тойланбайтын болған.

– Мұныңыз бір ерлікке пара-пар еңбек екен. Өзге ұлттың өкілдері, әсіресе «270-280» деп желпініп жүргендер қайтті?

– Тарихи сауаттары таяз болғасын құр даурыққанмен бола ма. Жазылған дүниені жоққа шығарарлық нақты фактілері болмағасын әр-әр жерден күңкілдеп, күңкілдеп қойды. Осы тұста мемлекеттің қолдап, қаржыландыруымен «Абай» журналы қайта шыға бастаған. Редакторы белгілі қаламгер, публицист, елге танымал ағамыз Рысхан Мұсаұлы болатын. Жазғандарымды газет-журналдардан оқып жүреді екен. Бірде жолығып, әңгімелесіп отыр едік, сөз арасында: – Әй, Асан! Сен осы мұғалімдігіңді қойып, журналға келсейші. Бірігіп атамыздың аруағы разы болатындай жұмыс істейік. Абай дүниесімен жақынырақ танысасың, зерттеп, мол мағлұмат аласың, – деді бетіме сынаған адамдай қадала қарап. Мен ойланып қалдым.
…Ақыры әріден-беріден ойлап, қабырғаммен кеңесе отырып журналда қызмет істеуге келісім бердім. Міне, осылайша мен «Абай әлеміне» қадам басқам. Содан бері де ширек ғасыр өте шығыпты.

– Абай сізге не берді? Өмірге деген көзқарасыңызды, жалпы дүниетанымыңызды өзгертті ме?

– Бұрындары Абайға, оның мінез-құлқы мен қоршаған ортасына, поэзиядағы сөз тіркестері мен оны қолдану тәсіліне аса мән бермейтінмін. Журналға келгелі жалпы Абай әлеміне деген қызығушылығым, білген үстіне біле түссем екен деген ізденістерім уақыт өткен сайын арта түсті. Осыған дейін ақын атамызға қатысты көп дүниелерге үстірт қарап келгеніме көзім жетті. Бірде абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім ағамызбен таныстым. Абай тақырыбындағы алғашқы әрі ғылыми жұмысты да (Абайдың 38-ші қара сөзіндегі түсіндіруді қажет ететін күрделі сөздердің мағынасы) сол кісі берді. Біраз уақыт дайындалып, өз бетімше ізденіп, ақыры 2006 жылы сәтті қорғап, философия ғылымының кандидаты атандым.

– Осы саладағы ең сүбелі еңбегіңіздің бірі «Абайдың ашылмай жүрген қырлары» деп аталатын көрінеді. Сонда ақын атамыздың ашылмай жүрген қырлары деп нені айтар едіңіз?

– Абайдың ашылмай жүрген қырлары өте көп. Сондықтан «Ашылмай жүрген қыры мынау» – деп, бір сөзбен айта салғанға келмес. М.Әуезов «Абай жолы» романын көркем әдебиетке құрып жазғандықтан жалпы халық, қалың оқырман Абайды дәл сол қалпында қабылдағаны белгілі. Алайда, шын өмірде көп нәрсе басқаша болған ғой. Айталық, Абай мен Әйгерімнің танысуы романда романтикаға құрылған. Ал шынтуайтында олай емес. Тәкежанмен араларындағы араздық та нақты өмірдегіден өзгеше өрбіген. Мен мұның бәрін ойдан алып немесе әлдекімдерден естіп ап келтіріп отырған жоқпын. Осы еңбегімді зерттеп, жазу барысында көбінесе Әрхамның кітаптағы жазбаларына сүйендім.

ӘУЕЗОВ ҚҰНАНБАЙҒА ҚАРЫЗДАР МА?

Бұл секілді қарама-қайшылықтарды Мұхаң шығармасынан көптеп кездестіруге болады. Алайда, оған бола жазушыны жазғырудың қажеті жоқ. Абай заманындағы Абайдың өмірі мен төңірегіндегі дүниелерді айна қатесіз баяндап шықса, Әуезов – Әуезов бола ма? Қаламгердің шеберлігі де сол емес пе, болған нәрсенің ізінен ауытқымай, алыстап та кетпей Абай заманының нақты суретін беруінде. Ал енді романдағы сол секілді бірді-екілі детальдарға шұқшия берсек, ол көркем шығарма емес, тарихи, деректі туынды болуы керек болатын. Бұл менің еңбегімнің бір ғана саласы деуге болады. Абайдың ашылмай жүрген қырларына философиялық ойшылдығын, дінге деген көзқарасын да жатқызуға болады. Сондай-ақ «Ақын 1898 жылдан кейін қолына мүлдем қалам алмай кетіпті» – деген сөз де ақиқаттан алыс. Абай өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамаған. Тағы бір айта кететін жайт, ақынның қайсыбір өлеңдерінің орындары, яғни жазылған жылдары ауысып кеткен. Мысалы, Абай Әкімбайға деген өлеңін 1875 жылы 30 жасында жазған. Әкімбай Абайдың ұлы болған. Бар болғаны тоғыз жасында қайтыс боп кеткен екен. Сосын, ақынның әр жылдары шыққан жинақтарын ашып қалсаң, автордың кесек-кесек туындыларымен басталады. Ал әрмен қарай парақтай түссең бір шумақ, екі шумақтан тұратын, жастау кезінде ауыл-үйдің арасында, әзіл-қалжыңға құрылған өлеңдері де бар. Санасына сіңіріп оқыған адам ол өлеңдерден ақынның сол тұстағы жас шамасын да, кейіннен ойының толысып, кемелденген, данышпандыққа қадам басқан кезеңдерін де қапысыз аңғарады.

– «М.Әуезов өле-өлгенше Құнанбай аруағынан кешірім сұрап өтіпті» деген қаншалықты рас сөз?

– Ол енді романдағы Абай образын аша түсу мақсатында Құнанбай мінезін мейілінше қатал етіп көрсеткендігіне байланысты айтылған алыпқашқа сөз болуы мүмкін. Құнанбайды қанша жерден бай деп, феодал деп, мінезіне дейін жағымсыз етіп көрсеткенімен романды ден қойып оқыған адам Құнекеңнің терең ойдың адамы екендігін және өз заманының алды болғандығын бірден байқайды. Қайдан алғанын білмеймін, мүмкін мұражайдан сұрап алды ма, әйтеуір Мұхаң сол қажы атамыздың Меккеден әкелген таспиығын өле-өлгенше жанынан тастамапты. Қаншалықты рас екенін қайдам «Мәскеуде, операция үстелінде қайтыс болғанында, оң қолына сол таспиықты ұстап жатып дүниеден өтіпті» деген де сөз бар. Мұхаң Құнанбайды соншалықты бағаламаса, таспиығын көзіндей көріп ұстамас еді, солай емес пе?

– Бірер жылдың аясында белгілі актер Д.Жолжақсынов пен Т.Әсемқұлов бірігіп «Құнанбай» деген көркем фильм түсірді. Біткен іске сыншы көптің кері ме, әйтеуір осы фильмге сын айтушылар көп секілді. Сіз көрдіңіз бе, осы туындыны? Көрсеңіз, пікіріңіз қандай?

– Ол киноны көрдім. Айтылып жатқан сын-ескертпелерден де құлағдармын. Газетке немесе интернетке жарияламағаным болмаса, ол фильмге мен де сын айтқам. Бұл жерде сын-ескертпеден бұрын, ең әуелі режиссердің де, сценарий авторының да Құнанбай туралы фильм түсірмек болған немесе түсірген дұрыс ниеттерін бағалауымыз керек.

– Ниет демекші, бәлкім фильм авторлары кешегі кеңес заманының идеологиясы қойған талабына сәйкес нақақтан жағымсыз образға айналған Құнанбай бабамызды халыққа жағымды жағынан көрсетіп, ақтап алғылары келген болар?

– Ол да бар шығар. Менің айтайын дегенім, фильм авторлары Құнанбайдың өзімен де, оның қоршаған ортасымен де, тіпті сол кездегі қалыптасқан қазақы қағидаттармен де жеткілікті мөлшерде танысып, қажетті мағлұматтар алмаған. Ондай жағдайда ұзақ жылдардан бері осы саланы бойлай зерттеп жүрген тарихшылардың болмаса абайтанушылардың ақыл-кеңесіне жүгінсе артық болмас еді. Бұлар фильмді тым схематичный қылып жіберген. Мысалы, фильмде Құнанбайды сол кездегі бір елдің кемеңгер-көсемі етіп көрсетуге тырысқан. Алайда, осы көріністерді шынайы бере алмаған. Киноның өн бойынан жасандылықтың желі есіп тұрғандай көрінді маған. Мұхаңның Құнанбайын оқып отырып ақ, мейлі ол жағымсыз кейіпкер болса да жан дүниеңмен қабылдайсың. Ал бұлар мейілінше қара дүрсін, арсы-күрсі түсіре салған. Ол көрер көзге көрініп-ақ тұр, өкінішке қарай. Сосын, оқиғаның болған уақытынан да ауытқушылықтар көп. Әрине, фильмнің бүгінгі заман талабына сай техникалық жабдықтармен түсірілгендігі көрініп тұр. Бірақ, тартымсыз, жасанды, әсірелеу тым көп. Көрерменнің көңілін жаулап, ерекше бір тебіреністі әсер қалдыратын туынды деп айта алмаймын.

АБАЙДАН АЛЫСТАУ – РУХАНИ АЗУДЫҢ БАСТАЛУЫ

– Қазір қандай тақырып төңірегінде еңбектеніп жатырсыз?

– Екі жыл болды зейнеттемін. Зейнеткерліктің бір жақсы жері шығармашылық жұмыспен айналысуға уақыт мол екен. Қазір сол, кезінде атүсті, асығыстау жазған, ойды шолақ қайырып кеткен жазбаларды қайта қарап, біраз дүниелерге қайтадан ден қойып, артық жерін күзеп, кем жерін түзеп, саралап жатқан жайымыз бар. Абай мұражайы жанынан қоғамдық негізде «Абай академиясы» деген орталық ашылған. Ол жерде Болат Жүнісбеков деген білімді азамат бар. Осы жігіттің ұйымдастыруымен айына бір рет 30-40 адамға дәріс оқып жүрмін.

– Қазіргі қазақ қоғамына не айтар едіңіз?

– Біз Абайға мейлінше жақындай беруіміз керек. Ал алыстаған сайын рухани ашаршылыққа душар боламыз. Бүгінгі қазақ қоғамының ерекшелігі – бізде оптимизм көп. Одан кейін мақтана, масаттана сөйлеу, лепіріп сөйлеу шамадан тыс көбейіп кетті. Бұл – ұлттың өзіне деген сенімін азайтатын дүниелер. Қазір қазақ халқы ешкімге, ешкімді қойып, өз-өзіне сенбейтін дәрежеге жетіп отыр. Бұл – білген адамға әлеуметтік дерт. Еліміздің, ұрпағымыздың келешегін ойласақ, бұл дерттен арылуымыз керек. Өзіне-өзі сенімді ұлттар айғай сап даурықпай-ақ, жаһанға жар салмай-ақ, үн-түнсіз жүріп көп нәрсені тындырады.

– Дерттен арылудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

– Әріге бармай-ақ қоялық. Алғаш тәуелсіздік алған 90-шы жылдары елдің психологиясы қандай еді. Бір жерде бас қоса қалса – елдік, ұлттық, тарихи мәселелерді талқылап, бір-бірінің айтқанына, елдің ертеңіне сенім арта сөйлейтін. Қазір олай емес. Айтып отырмын ғой, біреуге сенгенді қойып, өз-өзімізге сенбейміз. Жыл өткен сайын сенімімізді жоғалтып жатырмыз. Мені осы бір жағымсыз үрдіс алаңдатады. Сондықтан, Абайға жақындап, оны тереңірек зерттеп, зерделеп, Абай өлеңдерінен сол сенімділікті ала білуіміз керек. Осы жерде атамыздың баршамызға танымал бір өлең жолдарына жүгініп көрейікші. Ақын:
– Еңбек, талап, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көрсеңіз – дейді. Енді қараңыз, еңбек пен талап – осы дүниенің қажеттілігі. Еңбек етіп, әр нәрсеге талаптансаң қарның тоқ, көйлегің көк, яғни бүгінгі тілмен айтсақ, астыңда мәшинең, басыңда баспанаң, істейтін жұмысың бар деген сөз. Ал терең ой деп Абай имандылықты меңзеп, құдайды ойла, Жаратқан иеңді ұмытпа, имансыз болма дегенді айтып отыр. Себебі, қанағат пен рақым тек иманды адамда, құдайды таныған адамда ғана болады. Ал имансыз, құдайсыз адамда қайдағы рақым, қайдағы қанағат? Ондай рақымсыз, қанағатсыз жандарға мүлдем сенім артуға болмайды. Өйткені олардың айтатыны өтірік, жасайтыны қараулық пен қаралық. Сондықтан, еңбек пен талап, яғни, осы екеуі арқылы қол жеткізетін күнделікті қажеттілігіміз біздің тәніміз үшін керек болса, қанағат пен рақым жанымыз үшін, о дүниеге барғанда бетіміз ашық, жүзіміз жарқын болуы үшін керек. Абайдың даналығы – ол қандай ой айтса да, екі дүниені қатар қамтып, таразы басын тең ұстай білуінде.

Біздің халықтың Абайдай темірқазығынан алыстап, құла дүзге, беті ауған жаққа адасып бара жатуына бірден-бір жауапты әрі кінәлі мемлекеттік идеологиямыздың Абайға қарап бағытталып, Абайға қарап бой түземеуінде. Әйтпесе 25 жыл бойы Абай ұстанған ұстанымды ұстансақ, Абай ойлағандай екі дүниені қатар ойласақ, бүгінгі біздің халқымыздың бет-бейнесі басқаша болар еді. Абайдың адамгершілік, имандылық, жаңағы айтқан рақымдылығы мен қанағаттылық және де басқа қанатты сөздерін балабақша, мектеп, оқу орындарынан бастап көшелерге дейін көрнекті етіп жазып қойсақ – осының өзі тәлім-тәрбие, осының өзі таптырмайтын идеологиялық құрал емес пе? Жоқ, бізде бәрі керісінше, өз қолымыздағы асылды, алтынды көрмей, көрсе де бағаламай өзгенің мысына, өзгенің түкке тұрғысыз жылтырағына таңғалып, табынып кеп жатқаны.

Қазақ ұлтын ғылым мен білімге де, адал еңбек пен имандылыққа да тәрбиелейтін ең басты идеология – Абай. Біз осыны үнемі басты назарда ұстап, ешқашан ұмытпауымыз керек. – Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап, – деп, ақын айтқандай, өзімізге сенуіміз керек. Сонда біздің ақылымыз бен қайратымыз екі жақтап жүріп мұратымызға жеткізетін болады.

– Бағалай білген адамға ой салар салиқалы әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жана берсін.

Сұхбаттасқан – Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button