Ауыл шаруашылығы

Арзандатылған дизель отыны бөлінді

Көктемгі егіс науқаны үшін ел өңірлеріне 413 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Фермерлерге арзандатылған дизель отыны кестеге сәйкес көлемде бөлінбек.

Диқандар үшін арзандатылған дизель отыны кестеге сәйкес толық көлемде бөлінеді. Егістік жұмыстары аяқталғанға дейін оның бағасы өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ел өңірлеріне 413 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың тоннаға артық. Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген көлем басымдық тәртібімен жөнелтіледі.

«Көктемгі егіс жұмыстары аяқталғанға дейін фермерлер үшін дизель отынының бағасы өзгермейтінін мәлімдеймін. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша оның орташа бағасы литріне 204 теңге болады. Бұл ішкі нарықтағы қазіргі бағадан 15-20%-ға төмен», — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Үкімет өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп арзандатылған отынды ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеткізу бойынша бақылау шараларын күшейтеді.

«Біз арзандатылған дизель отынының қажетті көлемін бөліп жатырмыз. Бірақ кейбір операторлар арзандатылған дизель отынын барлық фермерлерге жеткізу бойынша өз міндеттемелерін толық орындамай отыр. Біз қазір мониторингті күшейтіп, барлық фактілерді тексереміз және жосықсыз операторларды жауапқа тартамыз. Болашақта біз олармен жұмыс істемейміз», – деп сендірді Үкімет басшысы.

Жамал Ермен

 

Осы айдарда

Back to top button