Цифрлық Қазақстан

Архивпен жұмыс істеу жеңілдейді

Желдей ескен жылдардың жылнамасы, өткен күндердің өрнегі, бүгінгі тарихтың дәлелін архивті ақтарсаң табасың. Алайда сан мыңдаған құжаттың арасынан іздегеніңді табу үшін де арнайы сауат пен білім керек. Ендігі жерде бұл жұмыс жеңілдей түспек, себебі архив те түгелдей электронды жүйеге көшіп жатыр.

Ел көліміндегі архивтік құжаттар электронды нұсқаға көшсе, архивпен жұмыс істеу жеңілдей түсері анық. Бұл бастаманы қолға алған Шығыс Қазақстан облысының мамандары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыруда. Жүзеге асырылып жатқан жүйелі іс туралы облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының архивтер және құжаттама бөлімінің басшысы Алмагүл Шаитова баяндап берді. Оның айтуынша, өңірде ақпараттық технологияларды одан әрі дамыту, аса құнды, тарихи маңызы бар құжаттарды цифрлық форматқа көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызы зор, өйткені бұл – заман талабы. Сондықтан да Мәдениет және спорт министрлігінің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Электронды құжаттардың бірыңғай мұрағаты» жобасы іске асырылуда.

– Облыста «Е-Архив» ақпараттық жүйесіне 233 мекеме қосылған. Олардың қатарында 19 мемлекеттік архив, 19 қала мен ауданның әкімдіктері және 20 мәслихат, 25 басқарма, 11 аумақтық бөлімше бар, – дейді бөлім басшысы Алмагүл Шаитова.

Сонымен қатар осыдан біраз уақыт бұрын басталған бұл істің нәтижелі түрде іске асып жатқаны айтылды.

– «Ведомстволық мұрағат»  арқылы мемлекеттік органдар барлығы 160 мың құжат енгізді. Осы жылдың соңына дейін елімізде мекемелерден электронды құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдауды тек «Е-мұрағат» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізу жоспарлануда. «Архив 2025» жобасын іске асырудың 2022 жылға арналған кешенді жоспарын орындау үшін облыстық бюджеттен мұрағат құжаттарын цифрлау үшін жабдықтар сатып алуға қаражат бөлінді, – деп атап өтті спикер.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button