РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Археологиялық жұмыстар биыл да жалғасады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қойылған сақ элитасы өкілінің салтанатты киімін қайта жарақтандыру жұмыстарының нәтижесімен танысты.

Еске сала кетсек, жерлеу киімінде алтын зергерлік бұйымдар бар ақсүйек әйел табылған №5 Берел қорғанын 2017 жылы профессор Зейнолла Самашев зерттеген-ді.

Әйел діңгегі бар бөрене үйде жерленген, ал оның жанында әбзелдермен әшекейленген екі жылқының қаңқалары болды. Зейнолла Самашев атап өткендей, бірнеше рет тоналғанына қарамастан, діңгектің түбінде сыртқы бас киімнің көптеген алтын әшекейлері сақталған, олардың ішінде алтын жалатылған ағаштан жасалған таутекелердің көлемді мүсіндері, жыртқыш құстардың ою-өрнектері, фантастикалық қанатты тіршілік иелері, түрлі өрнекті пластиналар мен жапсырмалар бар.

Сондай-ақ бұғылардың барыспен күрескен көріністері бейнеленген үлкен тікбұрышты пластиналар табылды. Жерлеу шұңқырының қабырғасынан табылған қалдықтарға қарағанда олар ерекше үлгідегі әйел тонының түрлі элементтерін безендірген. Артефактілердің қатарында темір, алтынмен қапталған пышақ, ұсақталған құмыралар, алтын сырғалар, басқа да заттар бар.

Бұл табылған заттар уақытқа қарамастан, біздің заманымызға дейінгі IV ғасырдың соңы мен III ғасырдың басында өмір сүрген ақсүйек сақ әйелінің бейнесін қайта жасауға және сол алыс дәуірдегі сәнгерлердің материалдық мәдениетінің бейнесі, эстетикалық талғамы мен қалауы, сондай-ақ көркем мәдениеті, бейнелеу өнері туралы белгілі бір түсінік жасауға мүмкіндік берді.

– Біз бес жыл бойы осы бағытта үлкен жұмыс жүргізіп келе жатырмыз. Бұл – мемлекет тарихының маңызды парағы, сондықтан биыл бюджеттің белгілі бір бөлігін осы бағытқа жоспарлап отырмыз. Жұмысқа екі университетіміз тартылады. Себебі, студенттер ғана емес, жас ғалымдар да жаңа Қазақстанның жаңа тарихына атсалысуы керек. Биыл Елеке сазымен Ақбауырдағы жұмыстар жалғасады, әрине, біз археология тұрғысынан маңызды тарихи орындары бар Шілікті тобына үлкен көңіл бөліп отырмыз, – деп түйіндеді жұмыс нәтижесімен танысқан облыс әкімі.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button