Арман мен болашақ арасындағы көпір

Өскемен қаласында еліміз бойынша тұңғыш рет «Vipusknik.kz – 2025» республикалық білім көрмесі өтті. Екі күнге созылған маңызды шараға Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Өскемен, Семей қаласының іргелі білім беру орындары қатысты.
Ашылу салтанатында жиналғандарды Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит құттықтап, көрменің жұмысына сәттілік тіледі.
– Бұл көрме, құрметті жастар, сіздердің армандарыңыз бен болашағыңыз арасындағы көпір деуге болады. Сіздерге әртүрлі мамандықтармен және отандық оқу орындары ұсынатын мүмкіндіктермен танысу мүмкіндігі беріліп отыр. Екі күн бойы сегіз мыңнан астам жоғары сынып оқушылары осы көрмеге қатысып, болашақ мамандықтарын таңдауда ақыл-кеңес ала алады. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Ирина Смит.
Естеріңізге сала кетейік, Vipusknik.kz порталы – еліміздегі білім беру саласындағы танымал онлайн алаңдардың бірі. Бұл порталдың қаралымы 2024 жылы бес миллионға жетіп, қазақстандық порталдардың ТОП 100 рейтингіне енген. Vipusknik.kz – бұл талапкерлер үшін мамандандырылған ақпараттық ресурстар ұсынатын және жоғары оқу орындарына түсуге дайындықты қамтамасыз ететін маңызды алаң. «Vipusknik.kz – 2025» республикалық білім көрмесінің ұйымдастырушысы Сымбат Рамазановтың сөзіне қарағанда көрмеге еліміздің он үш оқу орнының өкілдері жиналған. Көрмеге қатысу арқылы олар Шығыс Қазақстан облысының талапкерлерімен кәсіптік бағдар жұмысын күшейтуге, оларға білім алу мүмкіндіктері мен заманауи білім беру бағдарламалары туралы ақпарат беру мүмкіндігіне ие болады.
– Көрме Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен өткізілді. Негізгі мақсат – жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандықтарын таңдауға көмектесу мақсатында осындай алаң ұйымдастыру. Өскемен қаласындағы барлық 49 мектептің 9, 10, 11 сынып оқушылары, барлығы сегіз мыңға жуық оқушы қатысады деп күтудеміз. Олар оқу орындары өкілдерімен тілдесіп, өздерін қызықтырған мәліметтермен таныса алады. Сонымен қатар, аудан мектептерінің оқушылары шараға Zoom конференциясы арқылы қосылып, олар да өз мүмкіндіктерін пайдаланды, – деген пікірін жеткізді Сымбат Рамазанов.
Оқушылар өздеріне берілген осы мүмкіндікті жіберіп алмас үшін белсенділік танытып, жоғары оқу орындарының ұсынтарымен танысты.
– Болашақта журналист болғым келеді. Таңдаған мамандығыма қатысты керекті ақпараттар табамын деген ойдамын. Құрбыларым да келешекте мамандық таңдауда көмегі тиер ақыл-кеңес алады деп үміттенемін, – деді облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектептің 9-сынып оқушысы Зейін Нұртай.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Содан болар, көрмеде техникалық мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындарының қарасы аз болған жоқ.
– Университетіміз техникалық мамандықты оқытатын оқу орны болғандықтан, биыл жұмысшы мамандықтарына студенттер жинау мақсатында келіп, талапкерлерге жоғары оқу орнымызды таныстырдық. Білім көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Оқушылар өздерін қызықтырған мамандықтар туралы сұрады, – деп бөлісті бізбен Алматы қаласындағы халықаралық көліктік-гуманитарлық университеттің өкілі Айдархан Өмірғазынов.
Семей қаласындағы бизнес және сервис колледжінің студенті Ералы Саятов Астанада өткен «WorldSkills Kazakhstan – 2024» чемпионатының жүлдегері, ол қанттан жасалған скульптура конкурсында жүлделі екінші орын иеленіпті. Ералы болашақта кондитер болмақ. Студент көрме барысында қанттан скульптура жасап, қызығушылық танытқандарға мамандығы туралы әңгімелеп берді.
– Канттан (изомальт) жасалған скульптураны, жасауға үш-төрт сағат уақыт кетеді. Алдымен эскиз сызу керек, материалын дайындаймыз. Маған болашақ мамандығым қатты ұнайды, – дейді Ералы Саятов.
Осы колледждің тағы бір студенті Назерке киім дизайнері мамандығында білім алады. Өзі өскемендік болғанымен, біздің шаһарда мұндай мамандыққа оқытатын оқу орны болмағандықтан, арман қуып, Семейге барған екен. Айтуынша, тек киімдердің эскизін сызып қоятын суретші ғана емес, киім үлгісін де өзі ойлап тауып, бастан-аяқ тігіп те шығады. Көрмеге студенттердің қолынан шыққан киім үлгілерін, сәндік әшекей бұйымдарын әкеліпті.
«Vipusknik.kz – 2025» білім көрмесі Семей қаласында жалғасты. Көрме жастарға жоғары білім алуда дұрыс таңдау жасауға көмектесіп, өңірдегі білім беру деңгейін көтеруге өз үлесін қосты деп сенеміз. Бұл шараны жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларды ашып, болашақ мамандарды даярлауға бағытталған үлкен қадам деуге болады.
Айна Ескенқызы