Арман БЕРДАЛИН, ақын: Шындықты айтудан жасқанбаймын

Кешегі сал-серілердің сарқыты, ақтангер ақын, «Қазақ пен арақ», «Жоқ іздеп жүрмін» сияқты толғаулардың авторы Арман Бердалин бүгінде Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент¬тігінің жұртшылықпен байланыс департаментінің тізгінін ұстаған. Ойлы өлеңдерімен халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, айтар ойын отты жырларымен ашық жеткізген ақын жаңа қызметте халқына не бере алады екен? Шығыс жеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы республикалық мониторингтік топтың құрамында келген Арман Бердалинмен ақын емес, мемлекеттік аппараттың қызметшісі тұрғысынан әңгімелесуді жөн көрдік.
-Арман Тілектесұлы, бір сөзіңізде «елден шыққанымызға екі айдың жүзі болды» деп қалдыңыз. Соған қарағанда, сіздің тірлігіңізде көп өзгеріс бола қоймаған сияқты. Ақын болғанда да үйдің бетін көрмей, ел аралап жүргенсіз. Мемлекеттік қызметке келу тіліңізді байлап тастайды деп қорықпайсыз ба?
– Жоқ, мемлекеттік қызметте болсам да, болмасам да, айтқым келген ойымды ашық айтуғ жасқанбаймын.Біздің агенттік басшылығының ұстанымы да осындай, әркім өз ойын еш бүкпесіз ортаға салу керек. Бұған дейін Ақмола облысында облыстық әкімдікте қызмет істедім, мәдениет саласын басқардым, сондықтан мемлекеттік аппарат мен үшін мүлде жаңа сала деуге келмес. Бүгінгі қоғамның басты дерті –жемқорлықпен ымырасыз күресте қолымнан келгенін аямаймын. Айтыста жүрген кезімде де осы жемқорлық тақырыбын біраз көтерген болатынмын, кейін әріптестерім «сіз қалай жүрексінбей айттыңыз?» деп сұрайтын. Енді міне, сол сөзден іске көшейік деп шештім.

«Парадан алған түйеден, адалдан жиған ешкі артық»
-Сонымен, «бармақ басты, көз қысты» індетінің тамырына балта шабу үшін не істеу керек?
-Агенттік бүгінгі таңда жемқорлықпен күресу жолында біраз жобалар әзірлеп, соны басшылыққа алып келеді. «Тәрбие -тал бесіктен басталады», деген басты қағида бар. Қазір парталасының қаламын қалтасына салған бала ертең қазынаның қаржысын қалтасына баспасына кім кепіл?! Сондықтан мектептен бастап, «ұрлықтың түбі – қорлық» екенін, жемқорлық жақсылыққа апармайтынын балаларға үйрету керек.Біз де айтамыз, ұстаздар да айтады балаға, бірақ ол үшін ата-анасынан артық айтатын ешкім жоқ. Қалай десек те, өз шаңырағы, отбасы үшін ең басты жауапты адам ата-ана екенін ұмытпайық. Менің әкем қырық жыл қой баққан адам, өмір бойы «біреудің ала жібін аттама» деп үйретті. Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бастаған 113 жоғары оқу орнында жастармен тәрбие жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірде әке ел баласына «балам, өмір деген өте қиын, әр қадамыңды байқап бас, өмір деген өте қиын» деп қайта-қайта айтқан екен. Сонда баласы «Әке сіз қателесіз. Мен емес, Сіз қадамыңызды байқап басыңыз, мен сіздің ізбасарыңызбын ғой» деп жауап беріпті. Кейбір ата-аналар жол-көлік ережелерін бұзып, жол полициясы қызметкерлеріне 2-3 мың теңгесін беріп, мәселесін шешіп алады да, кешкісін дастархан басында бұл қылығын айтып отырады. Мұны естіген бала не істейді? Баяғыда сүт таситын бір кісі қасына баласын отырғызып алып, бара жатыр дейді. Сонда анадай жол шетіндегі көлшіктен су ішіп тұрған сиырды көргенде баласы «әке, анау сиыр сіз сияқты екен» депті. «Қой, о несі! Неге?» дейді ғой әкесі баяғы. «Сіз сияқты сүтке су қосып жатыр» депті баласы. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген осы. Қазірден бастап жемқорлықтың қаншалықты жаман екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, айта берсек, ертең ол бала ер жетіп, қызметке келген кезде, мәселесін парамен шешпейді. « Бәйге алмаған тұлпардан, белі берік бесті артық. Байламы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық. Парадан алған түйеден, адалдан жиған ешкі артық» деп кеткен бабаларымыз.
– Арнайы топтың мүшелері кімдер?Біздің өңірде селт еткізген кемшіліктер болды ма?
-Топ мүшелерінің арасында бір де бір шенеунік, мемлекеттік қызметші жоқ, барлығы қоғамдық белсенділер. Әйтпесе халық тағы да «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп сенімсіздік танытар еді. Осы жолы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыстарымен таныстық. Ауыл тұрғындарымен кездестік.Семейдегі есту қабілетінде кемістігі бар балаларға арналған интернатта тиісті оқулықтардың жетпей жатқаны жаныма батты. Тәуелсіз еліміздің жеткіншектері кеңес дәуірінің «астанамыз-Мәскеу, Ленин жасасын!» деген оқулықтарымен білім алып жүргені сұмдық. Бара салысымен сала министрлігіне тікелей шығып, бұл мәселені көтердік. Жүрген жерімізде сыбайлас жемқорлық туралы бейнефильмді көрсетеміз. Ойнап жүріп, от басқандар, пара алып, істі болған адамдар бар, енді зар жылап отыр, соларды мысалға келтіреміз.
-Қарапайым тұрғындарға сіздермен қалай байланыс жасауына болады?
-Біздің агенттік оөшауланып отырған мемлекеттік орган емес. Халыққа қолжетімдіміз. Мысалы, қоғамдық бақылау картасы жұмыс істейді. Егер салынып жатқан жолдың сапасы сын көтермесе, балабақша дұрыс салынбай жатса, бірден агенттікке хабарлауыңызға болады. Егер үкіметтің ақшасын жеп жатқанын көрсеңіз, судың сапасы дұрыс болмай жатса, тұрғындардың бірі 1424 желісі арқылы хабарлай қойса, бұл келеңсіздіктерді жоюға тырысамыз. Агенттіктің төрағасы генерал Алик Шпекбаевтың фейсбук, телеграмм әлеуметтік желілерінде жеке парақшалары бар, соған тікелей байланысқа шығуларыңызға да болады. Атқарылған істердің аздап болсын нәтижесі де бар. 2016 жылы жемқорлықтың деңгейі 18 пайызға төмендегенін көріп отырмыз.«Транспаренси Интернешнл» (Transparency International) деп аталатын халықаралық ұйым әр жылдың басында әлемдегі сыбайлас жемқорлық ахуалына қатысты есебін жариялап отырады. 180-нен астам мемлекетті зерттейді, Қазақстан 131 орында едік, бір жылдың ішінде 9 сатыға көтеріліп, 122 орынға тұрақтадық. Мұнымен шектелмей, жемқорлықпен күресуді жалғастырудамыз.

Аңызға бергісіз оқиға
-Әкем қой баққан дедіңіз. Шыққан ортаңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Әке-шешем тақуа адамдар болған, солардың тәрбиесімен бала кезімнен ораза ұстап үйрендім. Анам 14 құрсақ көтерген, алайда, 9 баласы, оның сегізі ұл, біреуі қыз, әр жаста шетінеп кетті. Аман қалған бес баланың төртеуі қыз, мен – жалғыз ұл. Сол себепті есімімді Арман деп қойыпты. Әкем өмір бойы қойшы болған, бес-алты жыл бұрын қайтыс болды. Жетпістен асқан анам қолымызда. Сонау қиын-қыстау 90-жылдары Көкшетаудың арғы бетіндегі Айсары ауылында тұрдық. Елде ішерге ас, киерге киім жоқ, ұн болмай, қолдан кебек илеп жатқан кез еді. Сол ауылда апалы-сіңілі бес қыздың әке-шешесі қайтыс болып, жетім қалады. Ауылдастары не істерлерін білмей, абдырап, аяғы бес қызды бес отбасына бөліп бермек болған. Сонда менің әкем: «олар сендерге мал ма тегі, бас-басыңа бөліп алатын. Бесеуін де өзім асыраймын» деп шешім қабылдайды. Әрине, «Тілектес, өзіңнің шиеттей бес балаң бар, ертең бізден нан сұрап, тереземізді қағып жүрме» деп табалағандай болғандар да болыпты. Содан бір ай шамасы өткенде біздің ауылға Қанат, Кенжебек есімді екі ағайынды жігіт келіп, ұн тартатын диірмен салады. Бір қызығы, ауылымыз болашағы жоқ елді мекен еді. Аяғы диірменге ұн тартқызуға келетіндер үшін жол салынды, азаматтарға жұмыс орны ашылды. Біздің үйдің жағдайын естіп, Қанат әкеме келіп, «осындай сауапты іс істеп жатқаныңызды естідім. Сіз үшін ұн тегін» деп, бір бөлмемізді төбесіне дейін үйіп, ұнға толтырып, жарылқап тастады. Кейін наубайхана салғанда да, тегін нан өнімдерін беріп тұрды. Ақыры, кеше табалағандар шелектерімен келіп, енді бізден ұн сұрайтын болды. Үш-төрт жылдан кейін біз қалаға көшіп кеттік. Бізден кейін бір ай толар-толмаста әлгі диірмен де жабылып қалған. Әкем айтпақшы, «әр баланың өзінің ырзығы, несібесі» болады, бұл диірмен осы бес жетім қыз үшін ашылған сияқты. Қазір барлығы ержетті, араласып тұрамыз. Өзімнің бес балам бар, біреуі қыз, қалғандары ұл. Жұбайым журналист, бұрын облыстық газетте тілші болған, қазір үйдегі балабақшаның директоры деген қызметі бар. Әке-шешемнің үлгісімен, өз отбасыма да жетімдер үйінен біраз бала алсақ деп отырмыз. Бәрі оңды шешіледі деп сенемін.
– Аңызға бергісіз оқиға екен. Шығармашылық жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Адамға шығармашылық ізденіс керек. Ақындықтың жазба жағындамын қазір. Салмақты ойлар, төрт жолдық өлеңдер жазып жүрмін. 2-3 кітабым шыққан, тағы біреуін жазып жатырмын. Алда жемқорлықпен күрес тақырыбына республикалық айтыс өткізсек дейміз. Бұл бұрын қолға алынбаған тың дүние.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Қызметіңіз жемісті болсын!