Мереке

Ардақты аналарға құрмет көрсетілді

Көктемнің ең көрікті де шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аймақ басшысы Даниал Ахметов тәуелсіз Қазақстанның символына айналып, елімізді әлемге танытқан жандардың аналарын жинап, арнайы құттықтауын арнады.

Олар – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың, жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен әлем чемпионы Дарын Әскербектің, Х-Factor музыкалық байқауының жеңімпазы Мирас Ерболовтың, жеңіл атлетикадан Азия біріншілігінің жүлдегері Елизавета Матвееваның аналары. Сонымен қатар төтенше жағдайларда батылдық және кәсібилік танытқан азаматтардың да аналары қатысты. Олар – бес жасар баланың бесінші қабаттағы терезеден құлауына жол бермеген Асыл Беріковтің және суға батып бара жатқан он төрт жасар қызды құтқарған Виктор Землянухиннің аналары. Сондай-ақ еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан өзге азаматтардың аналары да құрметті қатарда болды.

– Облысымыздың әйелдері үй шаруасы мен жұмысты, жеке істі қалай бірге алып жүруге болатынын дәлелдеп келеді. Сіздер – өскелең ұрпаққа отансүйгіштік, жауапкершілік, қамқорлық пен еңбекқорлық сынды құнды қасиеттерді үйретіп жүрген асыл жандарсыздар! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, баянды бақыт пен отбасылық құт-береке тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Осы күні облыс орталығында мерекеге арналған салтанатты концерт өтті. Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов жиналғандарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Ардақты аналар! Аяулы арулар! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер – мейірім мен ізгіліктің иесі ретінде отбасыларыңызға жылулық сыйлап, адамзат баласын аялы алақандарыңызбен тербетіп жүрген зор құрметке лайық жандарсыздар. Кез келген уақытта қоғам жүгін қайыспай көтеріп, бизнес, мәдениет және спорт салаларында да жарқын нәтижелерге қол жеткізіп отырған биік талант иесі екендеріңіз даусыз. Адамгершілік бастауы – әйелден. Сіздер балаларымызға өнегелі тәрбие беріп, игі істеріне бағыт көрсетіп, даналық пен өнегеліктің ұйытқысы болып отырсыздар.

Шуақты мереке күні дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Ел өмірінің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосып жүрген қыз-келіншектеріміздің ерен еңбектерінің жемісі молая берсін! 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! – деп тіледі Даниал Ахметов.

Өңір басшысы өз өмірін құқық қорғау жүйесімен, спортпен және бизнеспен байланыстырған қыз-келіншектер шығысқазақстандықтар арасында лайықты құрметке ие екенін атап өтті. Әйелдер жергілікті атқарушы органдардың мекемелерін де табысты басқаруда. Елімізді өркендету жолында ерен еңбек етіп жүрген дәрігерлердің, мұғалімдердің, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің, кәсіпкерлердің де басым бөлігі – нәзік жандылар.

Мерекелік бағдарлама аясында өңірдегі шығармашылық ұжымдар әйелдер қауымына тамаша концерт ұсынды.

DIDAR ақпарат

Осы айдарда

Back to top button