Денсаулық сақтау

Ардагерлердің дәрігерлік қызметке көңілі тола ма?

Өскемендегі Достық үйінде ардагерлерге медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянников, облыс орталығындағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен ардагерлер қатысты.

Ардагерлердің дәрігерлік қызметке көңілі тола ма?Вадим Овсянников Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне жасалып жатқан медициналық іс-шараларына тоқталды. Ардагерлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Амбулаториялық жеңілдік арқылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі жұмыс істейді. Ардагерлерге, зейнеткерлерге және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету жағдайларын жақсарту бағытында шаралар әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Өскемендегі №2 медицина бөлімінде 40 төсек-орындық ардагерлер мен мүгедектерге арналған бөлімше және Семейде 50 орындық сауықтыру орталығы жұмыс істеп тұр.

Дөңгелек үстелге қатысушылар еңбек ардагерлерінің мұң-мұқтажы, қажеттіліктері толық қанағаттандырылмай жатқанын айтып, облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларда төсек-орын саны көбейтіліп, ардагерлерге біліктілігі жоғары медицина мамандары қызмет көрсетуі жөнінде ұсыныстарын білдірді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызмет көрсетудің түрлерін жақсарту мақсатында көрсетілетін жеңілдіктер туралы заңдардың орындалуына белсенді араласып, олардың шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Ардагерлер отбасылық амбулаторияларға бекітілген. Жастары тоқсанға таяп қалған қариялардың емханаға барып, кезек күтіп тұратындай жағдайы жоқ. Кейбір отбасылық дәрігерлік амбулаторияларда ардагерлерге медициналық қызмет көрсетуді жақсарту бағытында толықтай қамқорлық көрсетпейді және олардың сұранысы мен қажеттіліктері ескерусіз қалады. Осыған орай медициналық көмек дұрыс жолға қойылса деген ұсыныстарын білдіріп, ардагерлердің дер кезінде тиісті медициналық көмек алуына жәрдемдесуді сұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянников ардагерлерді мұқият тыңдап, олардың қойған сұрақтарына тиянақты жауап берді.

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин қорытындылап, ардагерлер ұйымы зейнеткерлерге медициналық қызмет көрсету, олардың емделіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті. Сондай-ақ ардагерлер мүддесін қорғау үшін емдеу, сауықтыру қызметін бақылау бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті денсаулық сақтау мекемелері комиссияларының жұмысына ардагерлерді қатыстыру жөнінде ұсыныс білдірді.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button