Экономика

Қаратөбеліктер ірі қараның пайдасын көретін болды

Қаратөбеліктер ірі қараның  пайдасын көретін болды

Жарма ауданының орталығы Қалбатаудың ар жағында орналасқан Қаратөбе ауылында 120 шақты түтін бар. 350-ден астам сиырды сауынға байлап отырған қаратөбеліктер үшін енді ірі қарадан түсетін табысты арттырудың үлкен мүмкіндігі туды. Ауылдық округтің орталығында сүт қабылдау пункті ашылып, ел аузы көкке ілініп, өрістен тоя қайтқан сиырларының мол сүтін осы жерге өткізіп, қолдағы малының пайдасын көре бастады.

Ағарғанның ақшасы отбасына жетеді

Кәсіпкер Төлеген Искаков сүт қабылдау пунктін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша алған үш млн. теңгенің көмегімен ашқан. Өзінің де қаражатын салып, сүт жинайтын автокөлік, сүт қабылдап, сақтау құралын қоса сатып алыпты. Мұнда төрт адамға жұмыс орны ашылып отыр.
Бәрінен бұрын Қаратөбе ауылдық округіндегі үш ауылдың жалпақ жұртына жаңа кіріс, тағы бір табыс көзі табылды. Бұрын сарымай шайқап, шайға қатудан артылған сиырдың сүтін ел ешқайда апара алмай, әрі кетсе айран ашытатын. Енді олар сол сүтті күнделікті өткізіп, ай сайын ақшасын алып отырады. Түсетін табыс еңбекақыдан еш кем емес. Күніне 20 литр сүт сауып өткізген берекелі келіншек айына 30 мың теңге таба алады. Еті мен сүті, көкөнісі мен картобы өзінде бар ауылдық жердегілер үшін ағарғанның сүті отбасын асырауға жетіп қалады.
-Сиырды бұзауымен бірге табынға қоя беретін жалқау қыз-келіншектерге түк те жоқ, әрине. Осы күні кейбір ауылдардың тұрғындары сиырдың сүтін сауып алуға ерініп, бұзауына емізе сап отыр. Одан қалай табыс түссін. Ауылда тұрып, ірі қара ұстағанның табысын көбейтетін болды бұл сүт қабылдау пункті. Май шайқап, құрт қайнату да керек, алайда, ақша тағы қажет. Онсыз бала-шағаға қант, шай, киім-кешекті қайтіп алады ел. Сүттің ақшасы сол күнделікті қажеттілігімізді айырып, ауыл тұрғындары үшін әжептәуір нәпақа болатын болды,- дейді шүпілдетіп шелек-шелек сүт сауып отырған Қаратөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Светлана Нұрсапинова.
Қаратөбеліктер үшін сүт қабылдау пунктінің ашылуы айтулы да маңызды оқиға болды. Аудан басшылары, ауыл жұрты оның салтанатты ашылу рәсіміне жиналып, кәсіпкер жерлестері Төлеген Искаковтың бастаған ісінің баянды болуын тіледі. Ауыл қарты Сейтқазы ата ақ батасын берді.

Света апаның сүтті сиырлары

Қаратөбеліктер ірі қараның  пайдасын көретін болды

Кәсіпкер Төлеген Искаков Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Әди Шәріпов, Кентарлау, Қаратөбе ауылдарынан жинап алған сүтті Өскеменнің арғы жағындағы «Багратион-Ұлан» ЖШС сүт зауытына апарып өткізеді.
Биылғы маусымда сүт қабылдау пунктінде тәулігіне 250 тонна сүт қабылдап алу көзделініп отыр. Тұрғындардан сүттің литрі әзірге 50 теңгеден сатылып алынуда.
– Сүт жинайтын «Молоковозды» Ресейдің Самара қаласына барып, өзіміз сатып алып келдік. Бағасы үш миллион теңге көлемінде, басқа да сатып алатын адамдар болса, біле жүрсін деп айтып жатқаным ғой. Бөшке ішкі жағынан екі бөлікке бөлінген. Сүтті қалыпты мөлшерде және салқындатып ұстап тұратындай етіліп. «Багратион-Ұлан» шаруашылығы әзірге сүтті төмендеу бағамен қабылдап жатыр,-дейді кәсіпкер.
Оның үстіне жер шалғайлығы тағы бар. Сондықтан Төлеген інісі Амангелдімен бірге болашақта осы ауылдан сүт өңдеу цехын ашуды, сүтті бағыттағы ірі қара басын көбейтуді, сөйтіп, бизнесінен түсетін табысты арттырып, шығынды азайтуды көздеп отыр.
Облыс әкімінің тапсырмасына сай Жарма ауданында былтырдан бері сүт қабылдау пункттерін ашу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы сүт қабылдау пункті Бірлік ауылдық округінің Бірлік ауылында іске қосылды. Алдағы мамыр айында ауданда тағы екі бірдей сүт қабылдау пунктін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аудан әкімінің орынбасары Сергей Брынзов Қаратөбе сүт қабылдау пунктінде жиналған сүтті аудандағы денсаулық сақтау, білім беру мекемелеріне де өткізу жағын ойластырмақ екендігін айтты.
Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Нұрғазы Қасқырбаев округтен осындай сүт қабылдау пунктін ашуға кіріспес бұрын әуелі сүтті бағыттағы ірі қара санын арттыруға, ауыл тұрғындарына сүтті сиыр санының басын көбейттіруге көңіл бөлген. Күніне бірнеше шелек сүт сауып, өткізіп отырған тұрғындардың бірі-ауыл зейнеткері Светлана Нұрсапинова туыстарымен бірігіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы берілген екі миллион теңге несиеге 11 бас симментал тұқымды сиырларды сатып алыпты. Қазір алты құнажын төлдеп, сүт көбейе түскен.
Кезінде осы Қаратөбе ауылдық округіндегі «Октябрь» совхозында 1000 бас сауынды сиыр ұсталған үлкен тауарлы-сүт фермасы болған. Оның өнімі Қалбатау май зауытына өткізілетін. Қазір ол шаруашылықтан, кәсіпорыннан жұрнақ та қалмаған. Светлана апаның қорасында сауынға байланып тұрған сиырлар сол сүт фермасында бағылған малдан тараған ерекше тұқым екен. Екі сиырға арналған шағын сүт сауу машинасын іске қосып, жұмысына кіріскен апамыз шелегін ілезде сүтке толтырып ала қойып, әңгімесін жалғастырды.
– Бұл сүт сауу машинасын өзімізде шығармайды, Ресейдікі екен. 200 мың теңгеге несие берген ақшаның біразын жұмсап сатып алдым. Бір сиырға арналғаны – 100 мың теңге. Кеңес кезінде біздің сүт фермада кілең симментал тұқымды сүтті сиырлар болатын. Қазіргі біздің сатып алып, сауып жатқанымыз сол сиырлардан тараған тұқым. Біздің өңірдегі сиырдың бәрі де сүтті. Құнттаған адам мұндай бір сиырдың сүтінің өзінен де талай пайда таба алады. -дейді Светлана апа.

Жанаргүл Көкенай
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button