Тарих

Қараталда қазба жұмыстары қызып жатыр

Қараталда қазба жұмыстары қызып жатыр


Ұшса құстың қанаты талатын, шапса, тұлпардың тұяғы тозатын ұшы-қиыры жоқ қазақтың ұлы даласының әлі де небір жұмбақты тереңіне жасырып, бүгіп жатқаны ақиқат. Осынау далада бүгінгі күнге дейін ғалымдардың назарынан тыс қалып, зерттелмей жатқан көне обалар мен қорымдар жүздеп саналады. Әсіресе, Зайсан өңірі сонау сақ дәуірінен келе жатқан ескерткіштерге ерекше бай. Таяуда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен осы өңірдегі Қаратал және Айнабұлақ қорымдарын зерттеп, қарқынды жұмыс жүргізіп жатқан археологиялық экспедициялық топтың жұмысымен танысып қайтқан болатынбыз.

Жолға шығарда Әбдеш Төлеубаевтың Зайсанда екенін естіп, бір қуанып қалған болатынбыз. Әбдеш ағаны оқырмандарға таныстырып жату, әрине, артық. Кез келген қазақ Әбдеш ағаның атын естісе, Шіліктіні, Шілікті сөз бола қалса, Әбдеш ағаны ауызға алады. Өйткені, Әбдеш Төлеубаев – Шілікті жазығынан алтын адам тапқан археолог-ғалымның дәл өзі. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, Әбдеш ағамыз бастаған экспедициялық топ биыл да Зайсан өңірінде археологиялық қазба жұмыстарымен айналысуда. Археологтардың алаңсыз жұмыс істеуіне облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған арнайы үшжылдық бағдарламаның да орасан пайдасы тиюде. Тек соңғы екі жылдың ішінде археологиялық бағдарламаны қаржыландыруға облыстық бюджеттен 200 млн. теңге қаражат бөлініпті. Осылай жолға қуанып шыққан едік. Қанша дегенмен, осы өңірде жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың мән-жайын археолог- ғалымның өз аузынан естіп, қаныққанның жөні бір басқа ғой. Бірақ «Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» дегендей, қанша тырыссақ та, археолог-ғалыммен кездесудің ыңғайы келмеді. Кездесіп, сұхбат беруге уәде бергенімен, әлдебір жақын туысы қайтыс болды деген суыт хабарды естіген ғалым ағамыз аяқ астынан Астанаға аттанып кетіпті. Десе де, ғалымның шәкірті, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Мәмбет Сапарбекұлы Шағырбаев ұстазының жоқтығын білдіртпеді. Журналистердің қойған кез келген сауалына жан-жақты, тыңғылықты жауап беріп, лыпып-ақ тұр. Өзі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін тарих мамандығы бойынша 2008 жылы бітірген екен. Каспийде теңіз жаяу әскерінде борышын өтеген соң, ҚазҰУ-дың магистратурасында оқуын жалғастырған. 2014 жылы «Алакөл аймағындағы ескерткіштерді зерттеу, қорғау және музейлендіру» тақырыбында докторлық диссертация да қорғап алыпты.

– Жұмыс маусымның 26-сында басталды. Бірінші бағытымыз Шіліктідегі былтырғы зерттелген №16 обаны толық сканерлеп, кейбір жерлеріне шурфтық зерттеу салу болатын. Шамамен он күндей сол жерде жұмыс істедік. Өздеріңіз білесіздер, ол жерден былтыр алтын жәдігерлер шыққан. Екінші бағытымыз – осы Зайсан өңіріндегі Айнабұлақ және Қаратал қорымдарын зерттеп, паспорт жүргізу. Бұл паспорт жүргізу жұмысы шілденің 5-інде басталды. Айнабұлақ қорымында бұрын тізімге енгізілмеген, ғылымда белгісіз сақ және орта сақ кезеңіне тиесілі 300-ден астам оба, кейінгі қазақтардың 20-ға жуық қонысын, содан кейін апатты жағдайдағы тозып бара жатқан ескерткіштерді тізімдеп, құжат жасадық. Сонымен қатар, Айнабұлақтың өзінде төрт обаны зерттедік. Сол төрт обаны зерттеуге бір айдай уақыт жұмсадық. Содан кейін Қаратал қорымын зерттеуді бастадық. Бұл жерді бізге дейін жергілікті халық Жеті оба деп атап кеткен екен. Бәлкім, алыстан қарағанда, обалардың жетеуі ғана анық көрінетін болғандықтан да, солай атаған болар. Ал зерттеу барысында ол жерде жеті емес, он алты обаның бары анықталды. Оның оншақтысы ірі, қалғандары ұсақ обалар. Бұлардың мерзімдерін орта сақ кезеңі деп отырмыз, – дейді ол.

Мәмбет Сапарбекұлының айтуынша, Айнабұлақтағы зерттелген төрт обаның біреуі, яғни №22 оба кенотаф, ал қалған үшеуі орта сақ кезеңіне тиесілі обалар болып шығыпты. №22 обаның тас қоршауы болғанымен, жерлеу орны табылмаған. Ал №11 обадан екі жерлеу орны шыққан екен. Археологтар бір-біріне қаратып, аяқтарын бүгіп жерлеген екі мүрденің біреуі әйелдікі болуы әбден мүмкін деп болжап отыр. Өйткені, мүрденің жатысы әйел адамдікіне ұқсайтын көрінеді. Ал екіншісі – ер кісінікі. Ер кісінің желке тұсына екі найза қойылыпты. Аяқ жағынан ыдыс табақ шыққан. Әйел қабірінің бас жағынан темірден жасалған орама сым, яғни, сырға табылған. Сырға қайыспен ілінген екен. Сондай-ақ, археологтар №16 обаны да зерттеген. Бірақ зерттеу барысында ол обаның тоналғаны анықталыпты. Өйткені, сүйекті ашқан кезде моншақтар әр жерде шашылып жатқан көрінеді. №17 обадан бір ғана жерлеу орны шықты. Ол жерден сынғаны, сынбағаны бар 16 моншақ шығыпты. Моншақтардың барлығы да сүйектен жасалыпты. Археологтар осынау төрт обаны зерттеуге шамамен бір айдан астам уақыт кеткенін айтады. Десе де, нақты тұжырым толықтай зерттеліп болған соң бір-ақ жасалмақ. Археологтар обаларды зерттеп болған соң, көміп, барлығын бастапқы қалпына келтіріп кеткендерін айтады.

Жеті оба емес, он алты оба табылған

Сөйтіп, Қараталдағы жүріп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысу үшін автобуспен жолға шықтық. Біздің қатарымызға астаналық әріптесіміз, National Digital of Kazakhstan интернет жобасының шығарушы редакторы Заңғар Кәрімхан да қосылды. Өзінің айтуынша, Заңғар Зайсан өңіріне бөтен емес екен. Үшінші алтын адам табылған Шіліктінің тумасы. Осы жолы өзінің «100 ауыл» атты авторлық бағдарламасын жасау үшін жолға шығыпты. Әрі ол жобасын туған өлкенің тарихынан бастауды өзінің азаматтық парызы санаған секілді.

Жалпы, Қаратал ауылдық округі Зайсан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырымдай жерде орналасқан. Қаратал ауылының өзі Кіші Қаратал және Үлкен Қаратал болып екіге бөлінеді. Үлкен Қаратал ауылы – қазіргі қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің туған жері. Міне, осы Үлкен Қаратал ауылының шетіндегі обаларды зерттеу жұмыстарын археологтар биыл ғана қолға алып отыр. Жергілікті халық Жеті оба деп келген бұл жерден археологтар жеті емес, он алты оба тауып, тізімдегенін жоғарыда айттық. Бұлардың мерзімдерін археологтар әзірге орта сақ кезеңі деп отыр.

Біз барғанда, археологтар күннің ыстығына қарамастан мұндағы №4 обаны қазу жұмыстарымен айналысып жатыр екен.

– Осы №4 обаны қолға алып, қазу жұмыстарымын айналысып жатқанымызға бүгін үшінші күн болды. Әзірге төменгі қабатқа жете қойған жоқпыз, – дейді Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 4-курс студенті Жоламан Елтаев.

Сондай-ақ, Қараталда мұнан басқа №7, №9 обалардың да беткі қабаты алынып, зерттеуге әзірленіп қойылған екен.

– №4 мен №9 обалар біріне-бірі ұқсас. Бастапқы кезеңде екеуі де траншея әдісімен қазылып, техниканың көмегімен екеуінің де жоғарғы қабатындағы топырақ алынды. Одан кейін төменгі деңгейге түскен кезде қолдың жұмысы басталады. Мысалы, мына №9 обаны қазу кезінде солтүстіктен оңтүстікке қарай бір тілік салдық және Шығыстан Батысқа қарай екінші тілік салдық. Мына жақ тіліктің ені сегіз метр, ар жақ тіліктің ені жеті метр. Архитектуралық жағынан сондай бір айтарлықтай ерекшелік жоқ. Бәрі төменгі қабатқа, қабірге түскен кезде белгілі болады, – дейді Қуаныш Искаков.

Ол профессор – Әбдеш Төлеубаевтың шәкірті, Еуразиялық Ұлттық университетінің докторанты. Ph докторлық диссертацияcының тақырыбы «Сақ қоғамындағы өлікті сақтау және жөнелту жолдары» деп аталады екен.

Қараталда қазба жұмыстары қызып жатыр

Десе де, осы жердегі №7 обаны қазу барысында археологтар бір ерекшелікті байқаған. Диаметрі 13 метрдей болатын обаны ашу барысында ұсақ тас тізбекке тап болған. Мұны өздері орысша кольцевая ограда дейтін көрінеді. Бұл ерекшелік экспедиция жетекшісі, профессор Әбдеш Төлеубаевтың өзінің таңданысын тудырыпты.

– Бұл обаның сыртқы архитектуралық ерекшелігіне қарап, біз оны үйсін дәуіріне жатқызып отырмыз. Бірақ әлі де ішінен шыққан материалдарға қарай нақтылаймыз. Егер осы обаның үйсін дәуіріне жататыны нақтыланса, бұл біз үшін жаңалық болып, үйсін дәуірінің осы аймақтағы ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берер еді, – дейді Қуаныш Искаков.

Бұл туралы өзінің ойын Мәмбет Шағырбаев та ортаға салды.

– Үйсін дәуіріне жақын дейтініміз, Әбдеш ағай тоқсаныншы жылдардан бері осы мәселемен айналысып келе жатыр ғой. Ол кісі – бұл тақырыпта ғылымда кәдімгідей бетбұрыс жасаған ғалым. Кеңес кезіндегі ғалымдар үйсіндердің аумағы Ыстықкөл мен Балқаштың арасы дейтін. Профессор Әбдеш Төлеубаев Зайсан өңіріндегі ескерткіштерде үйсін мәдениетімен тарихи сабақтастық бар дегенді негізге алып, ол шекараны мың жарым шақырымға жылжытқан болатын. Дегенмен, обаның сыртқы архитектуралық ерекшелігіне қарап, кесіп айтуға әлі келмейді, – дейді ол.

Қараталда қазба жұмыстары қызып жатыр
Қараталда қазба жұмыстары қызып жатыр
Қараталда қазба жұмыстары қызып жатыр

Жарқын өз кәсібін жақсы көреді

Жалпы, Қаратал өңіріндегі қазба жұмыстарына Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Еуразиялық Ұлттық университеті, Семейдегі Шәкәрім атындағы университеті, Жетісу университеті мен Марғұлан атындағы археологиялық зерттеу институтынан бірі магистр, бірі докторант, бірі студент дегендей – барлығы 50-60 адам жұмылдырылыпты. Тіпті, араларында Хорват Вероника атты венгриялық археолог та бар. Өкінішке қарай, Айнабұлақтағы қорымдарды зерттеу жұмысына толық қатысқан Вероника біз келерден екі-үш күн бұрын әлдебір шаруаларымен сұранып кетіпті.

– Күннің ыстығы қазба жұмыстарына кедергі келтіріп жатқан жоқ па? – деп сұрап жатырмыз біз Қуаныштан.

– Жоқ, күн қатты ыстық болғанда, жұмысқа таңғы салқынмен ерте шығамыз. Сосын күн ыси бастағанда демаламыз да, кешкі салқынмен қайта шығамыз, – дейді ол жымиып.

Қазіргі ғылым мен техниканың дамып кеткені сондай, тіпті, обаларды да сканерлейтін құрылғы барын да өз басым енді біліп жатырмын. Тіпті, жер астындағы материалдардың көшірмесін шығарып беретін де көрінеді. Бұл технология археологтардың жұмысын көп жеңілдеткен сыңайлы.

Бір байқағанымыз, мұндағы экспедиция мүшелерінің әрқайсысы өз – ісінің шебері. Мысалы, ҚазМҰУ-дің география және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс студенті Жарқын Нұржігітов обалардың топографиялық жоспарын компьютерге түсірумен айналысады. Обалардың жер бетіне қатысты биіктіктерін, тереңдігін, қабаттарын анықтап, стратиграфиялық қималарын жасайтын осы жігіт Айнабұлақтағы обалардың барлығын компьютерге түсіріпті. Жарқын – өз ісінің нағыз кәсіби маманы. Тіпті, осының алдында Үшаралдан табылған ортағасырлық қаланың жоспарын да жасаған осы Жарқын екен.

– Менің жұмысым ұқыптылықты, дәлдікті талап етеді. Жалпы, геодезияның өзі дәлдікке негізделген ғылым ғой. Геодезия көпсалалы мамандық болғандықтан, әртүрлі салада, құрылыста, жол құрылысында, мұнай өндіру мен археология саласында қолданылады, – дейді ол өзінің мамандығы жайында бізге әңгімелеп.

– Ой, Жарқын, сен бірінші курсты ғана бітірсең де, осындай жауапты жұмысты қалай атқарып жүрсің? – деп жатырмыз біз де таңданысымызды жасыра алмай.

– Онша қиын емес. Үйреніп кеттім, – дейді ол ұяла жымиып.

Сондай-ақ, ҚазҰУ-ды археология және этнология факультетінің1-курс студенті Мақсұт Хамитов та кәсіби, тәжірибелі археологтардан бірде кем емес. Айнабұлақтағы №11 қорымынан табылған жәдігерлерді тілшілерге таныстырған оның сөз саптауын көрсеңіз. Жалпы, Айнабұлақ қорымдарын зерттеген археологтарды олжасыз деп айтуға еш болмайды. Керамиканың сынықтары, найзаның ұштары мен қоладан жасалған әйелдің сырғасы, моншақтар мен охра бояуы, шырағдан – бәрі-бәрі ғылым үшін өте құнды жәдігерлер екені сөзсіз.

Әрине, Шіліктідегідей алтын адам шықпағанымен, бұл обалардың да өзіндік ерекшеліктері бар.

– Шілікті жазығында негізінен әйгілі адамдарға арналған обалар орналасқан. Олардың тек 51-і ғана патша обалары. Ал Айнабұлақ және Қараталдағы обалар қарапайым, – дейді Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Мәмбет Шағырбаев. Айнабұлақтағы кейбір обалар тоналған, ал Қараталдағы обаларда ондай белгі жоқ. Бірақ қайсыбірінің топырағы сүрілген. Жергілікті тұрғындар обаны тонау үшін емес, топырағын алу мақсатында сүрген болса керек.

Cөз арасында, Мәмбет Сапарбекұлы былтыр осы Зайсан өңірінде жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының барысында Сарыжыра ауылының маңынан ортағасырлық қала тапқандарын да айтып қалды. Табылған жердің орны шаршы (квадрат) болып келеді. Соған қарағанда ол қала емес, мүмкін буддалардың ғибадатханасы да болуы әбден мүмкін. Айналасынан керамикалық бұйымдардың да қалдықтары табылған. Десе де, ортағасырлық қала деп кесіп айту әлі ертерек. Оны анықтау – археологтардың еншісіндегі дүние.

Қараталдағы қазба жұмыстары аяқталған соң, экспедициялық топ Сауыр, Маңырақтың бойымен археологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап отырған көрінеді. Жұмыстың қызығына түскен археологтар бұл өңірде қыркүйектің ортасына дейін қарқынды жұмыс істемек.

Мейрамтай Иманғали
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button