Тұлға

ҚАРАШАҢЫРАҚҚА МҰҚАТАЕВ ЕСІМІ БЕРІЛУІ КЕРЕК

 «Жүз теңгелік тақияның, мың теңгелік дауы болады» дегендей, бұл жалғанда кесімі айтылып, шешімі шықпаған дау қиын болады екен. Шала сөнген өрт секілді бықсып жатып-жатып, ана жерден бір тұтанып, мына жерден бір лап етіп есіңді алады. «Бұл – не дау?» дейсіздер ғой. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін, оқиғаны мейлінше басынан бастап баяндап көрейік.

Зайсан ауданында тарихы 50 жылдан асып кеткен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Бұл мектеп – өз заманында қаншама спортшылардың түлеп ұшуына тұғыр болған қасиетті қарашаңырақ. Бірақ осы спорт мектебінің «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дегендей, өзге өңірлердегі секілді белгілі бір атауы жоқ.

Ер қадірін білген ел еңбегіңді ұмытпас

Осыған байланысты 2014 жылы мектепке Зайсан өңірінің тумасы, бір кездері спортпен айналысқан Базарбек Төтенайдың есімін беру туралы бастама көтеріледі. Бұл бастаманы сол кездегі спорт мектебінің директоры Галим Мұқатаевтың өзі бас болып, бүкіл ұжым қостайды. Сонымен, 2015 жылдың наурыз айының 3-і күні Зайсан ауданы бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне Б.Төтенайдың есімін беру туралы кеңестің отырысымен №5 хаттама қабылданады. Алайда ол хаттама аудандық, облыстық ономастикалық комиссиялардың талқысына түсіп, басқа да ресми өткелектерден өтіп болғанша уақыт біраз созылып кетеді.

«Ажал айтып келмейді» демекші, осы екі ортада 70-ке қараған жасында, спорт мектебінде табан аудармай 44 жыл қызмет еткен, оның 35 жылында мектеп директоры лауазымын абыроймен атқарған Галим Мұқатаев өмірден өтеді.

70 жылдық мерейтойға әзірленіп жүрген әріптестері мен ұжымдағылар, дос-жаран, жерлестері бүкіл саналы ғұмырын спорт мектебінің өсіп-өркендеуіне арнаған абзал азаматтың қазасын өте ауыр қабылдайды. Бұл қаза Галим Гатиятұлының әріптестері мен ұжымдағыларды ғана емес, барша зайсандықтарға жеңіл тимегенін шалғайда жүрген біздер де естіп-біліп жаттық.

«Тас түскен жеріне ауыр» деген нақыл сөз осындайда айтылса керек. Ендігі жерде көпшілік бас қоса қалған жерлерде Ғалекеңнің ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен сабырлы мінезіне қанық азаматтар арасында: «Зайсан спорт мектебіне Ғалекеңнің атын беруіміз керек!» деген әңгімелер жиі-жиі көтеріле бастайды. Ақыры осы әңгіме әбден пісіп- жетілген кезде Зайсан ауданының спорт мектебінің ұжымы бас қосып, нақтырақ айтар болсақ, 2019 жылдың 17 қаңтары күні аталмыш мектепке осы мекеменің бұрынғы басшысы Г.Мұқатаевтың және Б.Төтенайдың есімдерін беру туралы мәселені қайта қарау үшін ұжымдық кеңес өткізеді.

Ол кеңеске бас-аяғы 28 адам қатысып, күн тәртібіне қойылған:

  1. Зайсан ауданы бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің атауын Зайсан ауданының спорт және еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, Қазақстан Республикасының Денешынықтыру және спорт үздігі Галим Гатиятұлы Мұқатаевтың атына беру.
  2. 2015 жылы наурыз айының 3-і күні Зайсан ауданы бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне Б.Төтенайдың есімін беру туралы кеңес отырысының №5 хаттамасының күшін жою туралы екі мәселе талқыланады.

Жиын барысында сөз алған спорт мектебінің қазіргі директоры Секен Бодаев, жеңіл атлетика бөлімінің жаттықтырушысы Ержан Нұғыманов, футбол бөлімінің жаттықтырушысы С.Шүленбаев, еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы Ерлан Серікбаев, мектеп медбикесі Қарлығаш Шоқыбаева, вахтер Рашида Тауасарова және басқа да ұжым мүшелері Галим Мұқатаевтың ұзақ жылғы ерен еңбегін ескере келе, «Мектеп атауы осы мекеменің ыстығы мен суығын, бары мен жоғын бір адамдай көре білген Галим Мұқатаевқа берілсін. Оған берілмесе, басқа тұлғаға берілгеніне үзілді-кесілді қарсымыз. Екінші ұсынылып отырған Б.Төтенай деген адамды біз танымаймыз да, ол туралы, оның еңбегі мен жетістіктері жайлы хабарсызбыз» деп бірауыздан спорт мектебіне Г.Мұқатаевтың есімі берілуін қолдады. «Қарсы болғандар мүлдем жоқ» делінген жиынның хаттамасында.

Арада 20 күн өтер-өтпесте 36 адам қатысқан дәл осындай кеңес екінші мәрте өткізіліп, кеңеске қатысқандар күн тәртібіне қойылған: «Зайсан ауданы бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің атауын осы мектепте ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен, аудан спортының дамуына, оның ішінде балалар-жасөспірімдер спортын жандандырып, өрлеуіне орасан үлесін қосқан спорт және еңбек ардагері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт қайраткері Мұқатаев Галим Гатиятұлының атына беру туралы мәселені бірауыздан қолдайды.

Ғалекеңе деген мұндай құрмет негізсіз де емес. Ол кісінің еліне еткен еңбегі жайында Зайсанның кез келгенінен сұрасаңыз, жырдай ғып айтып беретіндігіне өз басым сенімдімін. Мектеп қабырғасында жүрген кезімізде сол спорт мектебіне өзіміз де барғанбыз біраз жыл. Галим ағаны сол кезден білетінбіз. Артық-ауыз сөзі жоқ, біртоға адам болатын.

Оты сөнген отауды қорғап қалған азамат

Сөзіміз жалаң болмас үшін ол кісі жайлы сол жиында сөз алған Секен Байғалиұлының бір ауыз сөзін келтіре кеткенді жөн санадық.

– Мен Галим ағамен 1975 жылы таныстым. Ол кісі сол кезде Зайсан спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы болатын. Менің де сол мектепке енді ғана баскетболдан жаттықтырушы болып орналасқан кезім еді. Галим аға өзінің білгенін, жаттықтырушылық тәжірибесін аямады. Үнемі ақыл-кеңесін айтып отырды. Жаттығу процесінің қыр-сырын үйретіп, методикалық көмегін маған және басқа да жас мамандарға көрсете білді. Сөйтіп жүріп осы мектептен жүзден аса спорт шеберлерінің тәрбиеленіп шығуына өз үлесін қосты.

Зайсан спорт мектебінің құрып кетпей, осы күнге дейін жұмыс істеп тұрғандығы тікелей Галим ағаның еңбегі. Олай дейтінім, Зайсан аудандық спорт мектебі 1997 жылы сол кездегі аудан әкімі Қ.Қасейіновтің шешімімен, оқу бөлімінің сол кездегі басшысы М.Орманбетовтің қолдауымен жабылып қалды. Бір сөзбен айтқанда, ауданға спорт мектебінің керегі жоқ болып қалды. Осындай қиын заманда Галим аға атақ-абыройын пайдаланып, басқа қызметке кетіп қалуына да болар еді. Жоқ, ол кісі өзі басқарып отырған мектебін тастамай, жұмыссыз қалған жаттықтырушыларды сабырға шақырып, «шыдаңдар» деп, үміттендіріп, жаттығу секцияларының біреуін де таратып жібермей, қайткен күнде сақтап қалудың, ғимаратты мектеп балансында қалдырудың амалдарын қарастырды. Ғимараттың жылу жүйесін тоқтаттырмай, демеушілік есебінен көмір мәселесін қарастырып, отты да бір қыс бойы кезектесіп өзіміз жағып шықтық. Электр энергиясының да ақшасын уақтылы төлеп, ғимараттың ішкі-сыртқы тазалығына дейін жаттықтырушылар өз бақылауында ұстап отырды. Облыс басшылығының алдынан бірнеше қайтара өтініп, ғимаратты күрделі жөндеуден өткіздіртті. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан кезде өзі де білегін сыбанып тастап, ауыр жұмыстардың бәріне кірісті. Оған ұжымдағылардың барлығы куә, – дейді спорт мектебінің қазіргі директоры.

Осы жиындардың хаттама негізінде, сондай-ақ, Зайсан ауданының ардагер спортшыларының атынан бұрынғы аудан әкімі Т.Қасымжановтың да, қазіргі әкім С.Ақтановтың атына да Зайсан аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне Г.Мұқатаевтың атын беру жөнінде бір емес, бірнеше өтініш хат жолданса да, әкімдіктегілер тұшымды жауап берер емес. Әйтеуір, көзге көрінбейтін бір кедергі бар секілді.

Әлде «Сүйеушісі мықты адам, сүйек жұтса да қақалмас» дегендей, әуелде әлдебір туыс-туғандарының бастамасымен спорт мектебіне есімін беру ұсынылып қалған, зайсандықтардың көпшілігі танып-білмейтін Б.Төтенай мырзаның сүйеушілері мықты боп тұр ма? Егер әуел бастағы ұсыныс қабылданып, ендігі жерде мектеп атауы Б.Төтенайдың атымен аталуы жөнінде шешім шығып кеткен болса, онда бүгінгі спорт мектебі ұжымының әрекеттері әрине, орынсыз болар  еді. Не нәрсеге болмасын әділдік керек қой. Кез келген мектепке, көшеге болсын белгілі бір адамдардың атауы берілерде сол кісінің еліне, жеріне, сол мекемеге жасаған жақсылығы, сіңірген еңбегі және ең бастысы, қазіргі күнгі сол мекеме ұжымының қолдайтын-қолдамайтын пікірлері назарға алынуы керек емес пе? Осы тұрғыдан алғанда, таласқа түсіп тұрған екі адамның кандидатурасынан Г.Мұқатаевтың кандидатурасының оқ бойы озық тұрғандығы адамға да, Аллаға да аян дүние.

Арада жылыстап жыл өтсе де, бұл мәселе әлі де болса күн тәртібінен түспеген көрінеді. Оған жақында ғана іссапармен Зайсанға барғанымызда көзіміз жетті. «Облыстық «Дидар» газетінің журналисі келіпті» дегенді естіген бір топ зайсандық еңбек ардагерлері мен ақсақалдар алқасының мүшелері, спорт мектебінің жаттықтырушылары бізбен жолығып, пікірлерін газет арқылы жеткізуді жөн санаған екен.

Мұрат Жұмағалиев, еңбек ардагері: – Біз осы жерде туып-өскен азаматтармыз. Кімнің кім екендігін, осы елге қандай еңбегі сіңгендігін жақсы білеміз. Б.Төтенай Зайсан өңірінің тумасы болғанымен, бұл жердің спортына, басқа да жетістіктеріне анау айтқандай үлес қосқан адам емес. Солай болған күннің өзінде ол кісінің атына мектеп, кітапхана немесе туған ауылынан көше берілуіне еш қарсылығымыз жоқ. Әр нәрсенің орны, әділдігі болуы керек. Дәл осы Зайсан ауданының спортын қаншама жыл қара нардай өрге сүйреген, неше жүздеген шәкірттің тәрбиеленіп шығуына зор үлес қосқан, сонау қиын кезеңде мектептің жабылып қалуына жол бермей, шыр-пыр боп жүріп сақтап қалған Ғалекеңнің еңбегі өлшеусіз.

– Мен үшінші кластан бастап осы мектепте Галим ағаның тәрбиесін көріп өстім. Ол кісі шәкірттерінен ең алдымен адам болуды, адал болуды талап ететін, балаларды үнемі патриоттыққа баулитын. Бүгінгі спорт мектебінің жаңа ғимараты, заман талабына сай спорттық кешені салынғанда балаша қуанғаны есімізде. Бұл – Галим ағамыздың өмір бойы армандаған арманы болатын. Сондықтан спорт мектебінің Г.Мұқатаевтың есімімен аталуы өте лайықты әрі әділетті болар еді, – дейді Ғалекеңнің төл шәкірттерінің бірі, футбол бөлімінің жаттықтырушысы Сымбат Серікбекұлы.

Ұққанымыз – бұл дауды әрмен қарай өршіте берудің қисыны жоқ секілді. Бүгінгі спорт мектебінің ұжымы да, зайсандық спорт ардагерлері мен ақсақалдар алқасы да мектепке Г.Мұқатаев есімінің берілуін бір адамдай қолдап отыр.

Ендеше бар ғұмырын осы мектептің өсіп-өнуіне арнаған азаматтың есімін ұлықтауға не кедергі?

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button