Арап Еспенбетов, филология ғылымдарының докторы: Араб әліпбиін бір жарым айдың ішінде үйреніп шықтым

Өмірде бекзат болмысының өзімен-ақ биіктікке баулитын адамдар болады. Семейдегі сондай жандардың бірі – педагог, ғалым Арап Еспенбетов десек,әсте қателеспейміз. Абай, Шәкерім, Мұхтар туған топырақта туып-өскен Арап ағамыздың өзінің де өмір жолы өнегеге толы. Таяуда филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетовпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
Мектебімізде альманах та, радиоторап та болды
– Сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды ғылымға арнаған үлкен ғалымсыз, ұстазсыз. Ғылым жолы да тақтайдай тегіс емес, ұстаздықтың да жүгі ауыр. Осы орайда ғалым болу, ұстаз болу сіздің тағдырыңыз ба? Таңдауыңыз неге бұған түсті?
– Туғанымнан ұстаз болуды, профессор болуды армандадым десем, ол артық болады. Бірақ өзім қалап, көңілім ұнатқан жұмысым осы. Мен өзім Абай елінің тумасымын. Саржал дейтін ауыл бар. Сонда он жыл мектепте оқыдым. Және жақсы оқыдым. Оқуға, білімге деген талабымызға сүйсінген мұғалімдер бізді өзіне тартатын. Химияның мұғалімі «сен химик боласың» десе, математика мұғалімі менің математик болғанымды қалады. Десе де, өз басым сегізінші, тоғызыншы кластарда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Бәтташ Сыдықов дейтін ұстазыма қатты еліктейтін едім. Ол кісі қара сөздің майын тамызатын. Ағылтып, төгілтіп, кейде жорғаша желдіртіп сөйлейтін. Өзінің де өлең шығаратындығы бар еді. «Шіркін-ай, біз де осылай сөйлей алар ма екенбіз» дейтінбіз іштей қызығып. Негізінде әдебиетке бізді баулыған сол кісі. Содан кейін мектебімізде альманах шығып тұратын. Мектептің өзінің радиоторабы да бар еді. Күнделікті жұмысын «Сөйлеп тұрған Саржал орта мектебінің радиоторабы» деп бастайтыны есімде. Бәріміздің де сол радиодан бірдеңе оқығымыз келетін. Аты мектептікі болғанымен, заты бүкіл ауылдікі еді. Бүкіл ауылға қызмет жасады. Мектеп бітірген соң, педагогикалық институтының филология факультетін таңдауыма осындай жағдайлар әсер етті. Ол кезде филология факультетіне құжат тапсыратын талапкерлердің қатары өте көп болатын. Бір орынға жиырма баладан келетін. Әйтеуір, жақсы оқығандығымыздың арқасы болар, оқуға түсіп кеттік. Шет тілінің орнына орыс тілінен диктант жаздық. Мен диктанттан бес алдым. Оның да себебі бар. Елуінші жылдардың ортасында Ресейдің Иваново қаласындағы пединститутты бітірген төрт орыс қызы біздің мектепке сабақ беруге келген еді. Олар қазақша білмейді, біз орысша білмейміз дегендей. Бірақ кейін ұғынысып кеттік. Екі жыл біздің ауылда сабақ берді. Кейіннен кім дәптерін таза ұстайды, кім қатесіз сөйлейді деген тақырыптарда конкурстар жариялай бастады. Әйтеуір осының көмегі болып, оқуға түсіп кеттік.
– Ол кезде КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, сол кездегі гимн мәтінінің авторы Қайым Мұхамедхановтың атының дүрілдеп тұрған кезі еді ғой. Қайым ұстаздан дәріс алған боларсыз?
– Бірінші курста-ақ Қайым Мұхамедханов сабақ береді екен дегенді естіп, біз де тағатсыздана күтумен болдық. Бірақ сол кездерде диссертациядағы ұстазы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қайтыс болып, көңіл хошы болмай жүрген кезі екен. Қабағы солғын болды. Бізге бірінші курста ауыз әдебиетінен, екінші курста он тоғызыншы ғасырдың әдебиеті мен абайтанудан сабақ берді. Лекция оқығанда да екі сөзінің бірі Әуезов болатын. Әуезовтің ұлағаты, талғамы, өнегесі туралы мәселені үнемі айтып, құлағымызға құйып отырды.
Кейіннен Қайым ақсақалмен сөйлесіп отырған кезде: «Қызықпыз, Әуезовпен қатар жүріп өзіңіз қандайсыз, қандай ойларыңыз, жоспарларыңыз бар деп бір сұрамаппыз ғой, тек Абай туралы, Көкбай, Шәкерім туралы ғана сұрай береппіз. Ал Әуезовтің өзінің жан дүниесіне терең бойлап, сырласуды білмеппіз» деп өкініп отыратын еді. Жалпы, институтта дәріс берген ұстаздарымыздың бәрі керемет еді. Барлығы да өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарайтын. Жұмағали Шәкенов дейтін кафедра меңгерушісі болды. Өзі – Ұлан ауданының тумасы. Қайым ұстазымыздан екі жас үлкендігі бар. Жүз жасқа толғанын жақында атап өттік. Төлеубай Ерғалиев, Өжкен Тыныбаевалардың әрқайсысы жеке-жеке тұлға еді. Жалпы, ұстаз ретінде де, ғалым ретінде де бақыттымын. Өйткені, ғұлама ұстаздардың тәрбиесін көрдім. Өзім де бір ғылым докторы, он тоғыз ғылым кандидатын даярлап шығардым. Мұнан бөлек сан мыңдаған мектеп мұғалімдері алдымызды көрді, тәрбиемізді алды. Ұстаздарымның мықты болуы өзімнің де ғалым, адам ретінде қалыптасуыма әсерін тигізді. Өміріме де, қызметіме де ризамын.
Біздің кезімізде аспирантураға түсу өте қиын еді
– Сіздің ғылыми жетекшіңіз әдебиет зерттеушісі, ғалым Бейсенбай Кенжебаев болғанын білеміз. Ол кісінің адамдық, ғалымдық болмысы жайында не айтар едіңіз?
– Бірде Қайым ұстазым Бейсенбай Кенжебаевқа «Менің шәкіртім. Талапты жігіт. Аспирантураға түскісі келеді, жағдайы қалай болады?» деп қоңырау шалды. Біздің кезімізде аспирантураға түсу өте қиын еді ғой. Ол уақытта мақсатты аспирантура деген болды. Мысалы, тек Семейдің педагогикалық институты үшін министрліктегілер арнайы орын бөледі. Ал егер орын бөлмесе, аспирантураға түсу жоқ. Сөйтіп, 1971 жылы аспирантураға түстім. Бейсенбай Кенжебаев «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының он-он бес нұсқасын салыстырып, зерттеп көр» деген ұсыныс айтты. Мен келістім. Бірақ енді тақырып бекітетін кезде кейбір ғалымдар «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» жеңілдеу тақырып, оны қайтесіңдер, бұрын шуы көп болған деген ойларын айтып, ортаға салды. Сөйтіп, мен Бейсекеңнің өзінің жолын жалғастырып, «Сұлтанмахмұт лирикасын» кандидаттық диссертациямның тақырыбы етіп алдым.
Ал Бейсекеңнің адамдық, ғалымдық болмысы туралы айтар болсам, ғажап бір кішіпейіл, білімді адам еді. Ол кісінің білмейтін архив деректері жоқ. Мұрағатты өте көп қараған адам. Сол кездегі жабық дүниелерді де бізге қорықпай айтып, құлағымызға құйып отыратын. Бірақ сөйлегенде, жазғанда тілі кішкене қарабайырлау болды. Үш жыл аспирант болғанымда, бірінші лекцияны өзі оқитын да, содан кейін «Енді мына Арап ағайларың оқиды» деп маған тапсыратын. Бірде Бейсекең маған: «Сен арабша үйренбей, қазақ әдебиетінің тарихшысы бола алмайсың» деді. Содан Пушкин атындағы ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қоры бөлімінде қызмет істейтін Сейтен Сауытбеков деген ақсақалдан арабша жазу-сызуды үйрене бастадым. Өзі Қостанай жақтың тумасы еді жарықтық. Сол ақсақал бір жарым айдың ішінде маған араб әліпбиін үйретіп шығарды ғой. Бейсекеңнің тағы бір қасиеті – талап қойғыштығы. Кейбір аспиранттар он-он бес күн, тіпті айлап ғылыми жетекшілерімен жолықпай, бос жүреді. Ал мен Бейсекеңе бір күн хабарласпай қалсам: «Сен қайда кетіп қалдың? Немен айналысып жатырсың?» деп іздеп отыратын. «Тақырыбыңа байланысты оқы» дейтін. Осы кісінің талап қойғыштығының арқасында мен диссертациямды мерзімінде қорғап қайттым. Кандидаттығымды 29 жасымда, докторлығымды 48 жасымда қорғадым. «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өмірбаяны» деген тақырыптағы докторлық жұмысыма белгілі ғалым Зейнолла Қабдолов жетекшілік етті. Негізі докторлығымды да ерте қорғағым келген. 35 жасымда «докторлық диссертация жазайын деп едім» деп Алматыға барып едім, «әлі жассың ғой, тұра тұр» дегендер болды.
Сұлтанмахмұтты ұлы ақын деп айтқызбады
– Біз бертінге дейін Сұлтанмахмұттың ұлы ақын екенін мойындамай келдік. Неге?
– Сұлтанмахмұт – алдына биік мақсаттар қойған ақын. «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда, кім болам» деп тегін айтпаған ғой. Шындығында, күн болуға тырысқан ақын. Қазақ поэзиясының сөнбес, жарық күні бола алды да. Бірақ тұрпайы социологиялық пайымдаулар сол кезде Сұлтанмахмұттың шын мәнінде ұлы ақын екендігін айтқызбады. Тек 1993 жылы Сұлтанмахмұттың 100 жылдық мерейтойы кезінде ғана біз Сұлтанмахмұт ұлы тұлға, ұлы ақын деген сөзді алғаш айта бастадық. Әйтпесе цензурадан өткізбей, сызып тастап отырды.
Ол 1917 жылы Том қаласында дайындық курсында оқыған. Сол Томда жүргенінде Сұлтанмахмұтқа қолдау көрсеткен адамның бірі – Алаштың азаматы, жоғары оқу орындарына арнап «Ұлы математика курсы» деген еңбек жазған Әлімхан Ермеков. Өзі технологиялық интситутта оқып жүріп, жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлер үшін дайындық курсын ашқан. Сұлтанмахмұт сол курста білім алған. Десе де, Ермеков екеуі кейде келіспей де қалып отырған. Сұлтанмахмұт Әлімханға «Тегін неге оқытпайсың? Неге ақша аласың?» дейді. Әлімхан Сұлтанмахмұтты Томдағы мықты дәрігерлерге де қаратқан.
Бірақ, Сұлтанмахмұт 1917 жылдың ақпанындағы төңкеріс кезінде «Мынадай ақ патша тақтан тайып, ақ түйенің қарны ақтарылып жатқан қуанышты заманда біздің елде болмауымыз иттік» деп оқуын тастап Семейге кетеді. Ол жеке ел боламыз деп елдің дүрлігіп тұрған кезі ғой. Сол қызумен Сұлтанмахмұт «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деп басталатын «Алаш ұраны» деген өлеңі мен «Таныстыру» деп аталатын поэмасын жазады. «Таныстыруда» жаңа заман туды, қазақты кім жаңа жолға бастайды, кім қазаққа жол көрсете алады деген мәселені қозғайды. Әлихан, Шәкерім, Мағжан, Міржақыптан бастап жиырма шақты Алаштың азаматтарына мінездеме береді. Кейбіреуіне сын да айтады. Осындай шығармаларының кесірінен кейіннен Сұлтанмахмұт байшыл, ұлтшыл, буржуазияшыл ақын атанды.
– Ғалым ретінде Сұлтанмахмұт мұрасы толық зерттелді деп айта аласыз ба?
– Зерттеп қойдық, болдық десек, ол тоғышардың сөзі болар еді. Әрбір буын, әрбір ұрпақ өзінің сөзін айтуы керек. Бүгінгі күні Сұлтанмахмұт ұлт поэзиясындағы ұлы тұлға ретінде мойындалды. Ендігі мәселе – ақынның әрбір сөзін зерттеуіміз керек. Қазақта ең бір жетіспей тұрған дүние – мәтін тану. Мәтін түзу болмай, біздің сөзіміз түзелмейді. Тіпті, Абай шығармаларының текстологиясы жайында да бары бір-ақ кітап.
Өте қиын жағдай – Сұлтанмахмұттың ешқандай қолжазбасы сақталмаған. Бір бет Сұлтанмахмұт өз қолымен жазды деген жазу жоқ. Кезінде Қазақ КСР академиясының қолжазбалар қорына немере інісі Шаймерден Торайғыров алты папкі өткізген. Бірақ мұнда да Сұлтанмахмұттың өзінің қолжазбасы жоқ. Бұл он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүрген ақындардың барлығына тән ортақ өкініш.
Мен «Алаш айнасы» газетіне ақынның «Құран бұзған» деген мақаласын тауып жарияладым. Енді тағы таба алмай жүрген бір дүнием бар. Ол Сұлтанмахмұт қайтыс болғанда, Жүсіпбек Аймауытов «Қазақ тілі» газетіне некролог жазған екен. Сол дүниені қолға түсірсем деймін.
– Сұлтанмахмұттың замандасы, ақын Сәбит Дөнентаевтың зираты осы Семейде қараусыз жатқанын білеміз. Артында іздеушісі жоқ па, әлде ықылас, ниет жоқ па? Бұл туралы не айтар едіңіз?
Сәбит Дөнентаев өзінің жанрын тапқан ақын ғой. Сонымен қатар, майталман журналист. 1914 жылы Уфа қаласында Сәбиттің «Уақ-түйек» дейтін атпен өлеңдер жинағы жарық көрген. Ол кісінің қызы Сәуле Дөнентаева 1980-ші жылдары Алматыда аудандық атқару комитетінің төрайымы болды. Әкесінің сүйегі осы Семейде жатыр. Неге сол кезде әкесінің зиратын қолға алып, басына құлпытас орнатпағанын білмеймін. Өткен жылы Сәбиттің сүйегін алып кетіп, қайта жерлесек деп, Павлодардан адамдар келді. Енді ол жағын уақыт көрсете жатар.
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали