Аралдағы емші бала күнәсін бетіне айтыпты

Ел арасында Аралдағы емші бала туралы әңгіменің айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Сыр елінің Арал ауданындағы Аралқұм елді мекенінде тұратын он бір жастағы Ербосын Серікбаевтың әсіресе, көзі нашар көретін адамдар мен аяқ-қолы, буындары ауыратын, балдаққа сүйеніп келген жандарға тиген шапағаты көп деп жүр ел. Биылғы наурыз айында теледидардан,1-арнадан берілген «Кешкі кездесу» атты бағдарламадан Астанадан келген жас ананың жанында отырған демікпемен ауыратын мектептегі баласының осы «Үкілі баланың» жеті сеансынан кейін ауыруы басылып, деміккенін қойғанын айтқанын естіп өзім де қатты қайран қалғаным бар. Ұзақ жылдар бойы ем қонбаған ол осы ауылға келіп-кеткеннен кейін-ақ сауыға бастапты. Бағдарламада біреуі алай деп, біреуі былай деп Ербосынның емшілігін растаған, жоққа шығарған жандар да аз болған жоқ. Өзінің емдеу жолын жеткізіп, түсіндіре алмай әлек болып, кейде қаттырақ сөйлеген оны әдепсіз деп те жазғырып жатты. Қазақстандық халық емшілері қауымдастығының өкілі бұл балаға шынымен де қасиет қонғанын айтып, тәуіптігін дамытып, елге шипасын тигізуге қолдау көрсету керектігін айтса, мешіт имамы баланы жерден алып, жерге салып, емшінің де, емделгендердің де айтқанын жоққа шығарып бақты.
Бұл өмірде Ванга әжей сияқты бізге белгілі, белгісіз көріпкел, емші, құшнаштар көп. Бірақ бәріне күдікпен қарайтынымыз және бар. Қамшымен емдейтін Ербосын баланың емшілігіне де осылай қарадым да қойдым.
Жуықта Алматыда тұратын бір жұрағатым сол «Үкілі баланың» алдына барған өзімен бірге жұмыс істейтін келіншектің ескі танысының оған емделуден бас тартып, кері қайтқанын айтты.
Сөйтсек, емші бала ем бастаудан бұрын келіншектің жеке өміріне қатысты жағдайларды жіпке тізіп айтып, зекіп, ұрса жөнелген. Әлгі адамның жан-жағындағы таныстарын көре алмайтынын, оның кесірінен көптеген жандарға зиян келгенін, басқа да кемшіліктерін бетіне басып айтып салыпты. Қаршадай баланың бұл қылығына ыза болған келіншек әрі қарайғы әңгімені жалғастырмастан байлауышын басынан жұлып алған күйі, сыртқа атып шығыпты. «Ем-домы, тәуіптігі туралы ештеңе айта алмасам да, оның өзім туралы, өмірім туралы, кемшіліктерім мен қателіктерім туралы айтқандарының бәрі айна қатесіз шындық. Сондықтан жас баламен әрі қарай сөйлесуге шыдамым жетпей, жерге кіріп кете жаздадым. Жұдырықтай бала біліп тұрғанды Алла да біліп тұрғаны ғой…» – депті әлгі адам.
«Қасиет қонған бала», «Үкілі бала» атанған ұлдың осылай деп айтқаны, емшілігі туралы бұдан да басқа аңыз етіп айтарлық әңгімелер көп екенін білемін. Қалай болғанда да оның бәрі дабыра, дақпырт болмай, халыққа шапағаты тиіп жатса болғаны.
Жамал Ермен