«Дидардың» қонағы

Қаракөз Сүлейменова: – Досхан «Біржан салда» барлық әншілердің ішінен менің дауысымды Ләйлімнің аузына салғаны шындық

Әйелдердің халықаралық 8-наурыз мерекесі қарсаңында белгілі әнші, тележүргізуші Қаракөз Сүлейменовамен сұхбаттасудың сәті түскен-ді

Тыңдармандарым көп болмағанынан бар екендігін сағынатындығын сеземін

– Негізі сізді әнші Қаракөз Сүлейменова деп танушы едік, енді тележүргізуші ретінде танымал бола бастадыңыз. Сонда қалай, ән айтуды қойғаныңыз ба?

– Әнші ретінде елге аса танымал болдым деп айта алмаймын. Әншілік жүрек қалауым болса да, жалғастыра алмай-ақ келемін. Әнші ретінде жетістікке жете алмай жүргенім де рас, оны жасырғым келмейді. Сондықтан да, бүгінгі телеарнадағы жұмысымды да үлкен шығармашылық деп санаймын. Әнші болуды қалай қаласам, жүргізушілік те жүрегіме соншалықты жақын. Себебі, екеуі де ақыл-ойыңды, жүрегіңді, өмір жолында өткен тәжірибеңді қажет ететін шығармашылық жұмыс. Қазір «Қазақстан» телеарнасындағы «Әйел бақыты» бағдарламасын жүргізіп жүрмін. Мұнда тек өзіңді ғана көрсету мақсат емес, студияға келген адаммен тіл табысып, сөйлете білу де өте маңызды. Шеберлікті қажет етеді. Сонымен қатар, көрген-білгеніңді түйіндеп, ойыңды жинақтап айту – ол да шығармашылықтың бір түрі. Оған да өмірлік тәжірибе керек. Яғни, соңғы кезде жүргізуші ретінде таныла бастасам, бұл әншілігімді ысырып қойдым деген сөз емес. Керісінше әншілігіммен қатар келе жатқан немесе әншілігімнің ақсап жатқан тұсын толықтыратын шығармашылық жұмыс деп қабылдаған жөн.

– Әнші ретінде танымал болудың бір жолы клип түсіру деп жатады білетіндер. Сіз клип түсіруге қалай қарайсыз? Оған мүмкіндігіңіз де жететін сияқты…

– Айтқанға бәрі оңай ғой. Мен той-томалақтарда ән салмаймын, продюсерім де жоқ. Клип түсіріп жүргендердің барлығының продюсері бар. Маған ондай ұсыныс түскен жоқ. Бір жағынан мен аға буынға да, жас әншілердің қатарына да жатпаймын. Олармен шүйіркелесіп күндіз-түні бірге жүрген жоқпын. Оның да белгілі бір дәрежеде әсері бар деп ойлаймын.

– Өнер адамдарымен арамызда байланыс жоқ дейсіз ғой.

– Біріншіден, байланыс жоқ, екінші жағынан, жеңіл-желпі дүниеге барғым келмейді. Әрі қомақты қаражат керек. Тұрмыс-тіршілікпен жүріп уақыттың зымырап өтіп бара жатқанын да біліп отырмын. Десе де бейнеклип түсірмей-ақ танылып жүрген талай әншілер бар ғой. Олардың түсін түстемей-ақ қояйын. Ең бастысы, ел алдына концерттік бағдарламамен шығу деп ойлаймын. Жақсылықтың ерте -кеші жоқ. Ас үйде, ағайын-туысқанның арасында ән айту бір басқа да, сахнаға шығып ән салу бір басқа. Мысалы, концерт ұйымдастырушылар мені шақырмайды. Бәлкім, дауысым жарамайтын шығар немесе өзім ұнамайтын шығармын деп ойлаймын іштей. Тыңдармандарым көп болмағанымен, бар екендігін, сағынатындығын сеземін. Неге екенін білмеймін көріне алмай келемін. Дегенмен ешкімге өкпе артуға болмайды.

– Жолдасым Досхан мен әкемнің мінездері қатты ұқсайды

– Келбетіңіз экранда сымбатты-ақ. Досхан ағамыздың кино түсіретіні белгілі. Сізге фильмге түсуге қолқа салмады ма?
Қаракөз Сүлейменова:  -	Досхан «Біржан салда» барлық әншілердің ішінен менің дауысымды Ләйлімнің аузына салғаны шындық
– Жоқ. Өйткені, ол – өте жауапкершілікті іс. Бәзбіреулер әйелдерін жақсылап бояндырып, әдемі етіп киноға түсіріп жатады ғой. Бірақ, нағыз шығармашылық адамы киноның шын актерлік шеберлікті қажет ететін дүние екенін ескеруі керек. Бұл жерде менің көңілім емес, түсірілетін дүниенің қаншалықты терең болатындығы маңызды. Досханға «Біржан сал» фильміндегі Ләйлімнің рөліне неге мені таңдамадың?» деп қалжыңдасам, «Ләйлімге кәрілеу болдың, Әпішке тым жастау болдың» деп күледі. Бірақ, барлық әншілердің ішінен менің дауысымды Ләйлімнің аузына салғаны шындық. Болашақта кім біледі, киноға түсуім мүмкін ғой. «Міндетті түрде мені түсір» деп қолқа салмаймын. Себебі, әр нәрсенің сұрауы бар. Әр мамандықтың өзіндік қыры мен сыры болады. Мамандығы актер болмаса да, рөлдерде тәуір ойнайтын адамдар жоқ емес. Өнерді сүю бір басқа да, өнерді көрсете білу бір басқа. Қайдан білейін, бәлкім кинода бағымды сынап көру керек шығар. Дегенмен, оны уақыттың еншісіне қалдырайық.

– Сырттан қарағанда жарыңыз Досхан аға мен әкеңіз Асқар Сүлейменовтің мінездерінде ұқсастық бар сияқты көрінеді. Сіздіңше қалай?
– Ұқсайтын тұстары да, ұқсамайтын тұстары да бар. Өмірлік ұстанымдары, адалдықтары, бетке тура айтатын мінездері қатты ұқсайды. Екеуі де біреудің ала жібін аттау дегенді білмейді. Жақсылыққа жақсылықпен жауап береді. Біреу жамандық жасаса «ой, тәйірі, жарайды» деп қоя салады. Оның барлығына себепші, біріншіден, жаратылысы, екіншіден, осындай мінез қалыптастырған өнердің өзі деп санаймын.

Шығыстан өнер адамдарының мол шығуы заңдылық секілді көрінеді

– Әкеңіз де, анаңыз да, өмірлік жарыңыз да – қазақ халқына белгілі адамдар. Көп тәлім-тәрбие алғаныңыз айтпаса да түсінікті. Қайсысынан қандай өнеге түйдіңіз? Халықтың қалаулысына айналған адамдардың ортасындағы өміріңізді қалай бағалайсыз?

– Менің өмірімде бұл кісілердің әрқайсысының орны ерекше. Биылғы 25-ақпанда Досхан екеуіміздің отау көтергенімізге 25 жыл толды. Күміс тойға да жеттік. Бұл – мен үшін қуанышты сәттердің бірі. Көп уақыт емес, бірақ аз уақыт деп те айтуға болмайды. Әкеме келетін болсам, өмір, өлім, тағдыр, болмыс деген сияқты қағидаларға сүйенген өзінің мәңгілік бір түсініктері бар. Әдейілеп түсіндірмесе де өмір сүру дағдысын көріп жүріп-ақ соны бойымызға сіңіріп өстік. Өзі турасында айтқан ойлары маған қатты әсер ететін. «Өмірдің өзі өлімге дайындық, өмір өлімнің алдындағы кіріспе» деген сөздерді әкем жиі айтатын еді. Адам о дүниеге қалай аттанады, не арқалап кетеді деген ойлар жиі мазалайтын ол кісіні. Жамандық жасаған адамға кек сақтамай кешіре салу әкемнен дарыған қасиет. Осы орайда Досханның «адам о дүниеге екі-ақ нәрсе арқалап кетеді, бірі алғыс, бірі қарғыс» деген сөзі бар. Мен негізі өмірде өте ұяң адаммын. Кейде дауысым қатқыл шығуы немесе қатты сөйлеп қалуым мүмкін, бірақ, жүрегім жұмсақ. Табандап қалатын кезде есемді жіберіп қоюым да мүмкін. Жеме-жемге келгенде қатты ойланып, толғанып іске кіріссем есемді жібермейтін кездерім де болады. Бұл қасиетім бір нәрсені бастаған соң аяғына дейін жеткізу керек деген қағида ұстанатын анама келетін сияқты. Шыбық тимес шыңқ етер емеспін, бірақ, біреу шектен шығып кетсе орнына қою Досханнан көрген тәрбием. Әрине, осыншама жыл бірге тұрғаннан кейін әсер етеді ғой. Бала кезден менің тәрбиеме көп көңіл бөлген адамдар – олар менің қос әжем. Нағашы әжем Мүсілім маған көп айтатын. «Адам Құдайдан қорқу керек, ұйықтар кезде бисмилла деп иманын айтып жатпаса арам өліп қалады. Обал-сауап бар. Керек десең, құмырысқаны да өлтіруге болмайды. Кешке жатарда ыдыс-аяқты жумай жатсаң, сайтан аралап кетеді. Ашар есігіңді қатты жаппа» деп құлағыма құйып отыратын әжем марқұм. Әкемнің шешесі – Айтотымнан ер-азаматтың алдын кеспеуді, сыйлауды үйрендім. Ол кісі «ер адамның көңілі күніне жеті рет жетімсіреп, сегіз рет семіреді. Бірде олай, бірде былай болады. Айқайлап та жіберуі мүмкін, ренжіп те кіруі мүмкін. Сондай кезде бірден бас салып беттен алып, төске шаппай алдымен тамағын, шәйін беріп, анау-мынау айтатын сөзің болса, ептеп-септеп жәй ғана айтқан дұрыс, одан ұтпасаң, ұтылмайсың» дейтін. Қай уақытта болса да еті асулы, қамыры жаюлы тұратын, қазандары оттан түспейтін берекелі адамдар еді. Қазіргідей дайын дүние жоқ ол кісілердің кезінде. Қолдан жайылған қамырды дәкеге салып қатырып, етін пісіріп, тоңазытқышқа салып қоятын. Әжелерім де, анам да мені бұғанам қатпай жатып тамақ жасауға үйретті. «Өскенде өзің қиналмайсың, қыз бала бәрін үйреніп, білуі керек» дейтін. Тұрмыс құрғаннан кейін осының бәрінің рақатын көрдім. 21 жасымда Досханға тұрмысқа шыққанымда 20-30 адамды қиналмай-ақ жалғыз өзім күте беретінмін.

– «Ел арна» телернасында «Берекелі дастарқан» бағдарламасын жүргізгеніңізде осы өмірлік тәжірибеңізге сүйенген боларсыз…

– Әрине. Айтуға оңай болғанымен, бұл үлкен еңбек пен жауапкершілікті қажет етеді. Екі жылдай эфирге шыққан бағдарлама мен кеткеннен кейін жабылып қалды. Қазір «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіліп жатқан «Әйел бақыты» бағдарламасының да қыз-келіншектерге берері мол деп ойлаймын. Қалада тұратын әйел адамдар керегін ғаламтордан қиналмастан тауып алуына болады. Бұл хабар, әсіресе, ауылдағы әйел адамдар үшін таптырмас дүние. Көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарына жауап алады. Әйел адам, ең бастысы – ана. Ана болған соң ұрпақты дүниеге әкеліп, дұрыс тәрбие беруі керек. Сонымен қатар, өзі мен бала күтімі жайындағы көп нәрселерге қанық болуы қажет. Босағаның енді аттаған жас келіннің енесінен сұрай алмайтын нәрселері де болады. Бұл – енелер мен сол қыз-келіншектердің ер-азаматтарына да көптеген мәліметтер беретін тамаша бағдарлама.

– Шығыстың келінісіз. Ол жаққа жиі барып тұрасыздар ма? Шығыс жұртының қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз?

– Шығысқа барып тұрамыз. Өте керемет. Ол жақта Досханға үлкен құрметпен қарайды. Өздерінен шыққан талантты азаматтарын төбесіне көтереді. Ілтипаты ерекше. Ол жақта ағайын-туысқандарымыз тұрды. Көпшілігі о дүниелік болып кетті. Досханның сол жақта тұратын ағасы мен інісі болды. Қалада тұрсам да, қаланың адамдарынан гөрі, даланың адамдарын жақсы көремін. Себебі, олардың көңілі ерекше. Жақсы көрсе ағынан жарылады, ұнатпаса, онысын да жасырмайды. Қазақтың дархан көңілі ауыл адамдарында сақталып қалған. Ауыл адамдарының барлығы сонысымен маған қымбат. Шығыстың табиғатының өзі керемет қой. Мен алғаш барған кезде табиғатына өте қатты қызыққанмын. Өзгеше сезімде болдым. Кейде маған Шығыстан өнер адамдарының көптеп шығуы заңдылық сияқты көрінеді. Осындай табиғат адамның жанына әсер етпеуі мүмкін емес сияқты.

– Сіз жоғарыда екі әжеңіз туралы айтып өттіңіз. Енеңіз туралы сөз қозғамадыңыз ғой?

– Өкініштісі, мен енемді көре алмадым. Досханмен танысқанымда анасының жылын бергеніне көп бола қоймаған екен. Әпкелеріміздің айтуына қарағанда, бармағынан бал тамған адам болыпты. Пешті де өзі сала береді екен. Он бала тәрбиелеп өсірген батыр ана болған екен.

– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова

Осы айдарда

Back to top button