Ауыл шаруашылығы

Қарабұлақ қайта түлеп келеді

Қарабұлақ қайта түлеп келеді

Құйған ауылдық округіне қарасты шалғайдағы Қарабұлақ ауылыныѕ (бұрынғы Высокогорка) елі көшіп, базары тарқауға айналғаны жайында бірқатар мақалалардың жазылғаны оқырмандардың есінде. Оқушы саны азайып, ауыл тірегі – мектептің өзі жабылудың аз-ақ алдында тұрған-ды.
Жиын-терін кезінде жұмысшы саны 30-35 адамға дейін жетеді.
Былтыр көктемде 15 үйлі ауылда қарбалас жұмыстар басталып, ел тірлігіне жаға леп, тың серпін енген-ді. Жақында қайтадан түлеп жатқан Қарабұлақ ауылына жолымыз түсті.
Біз келгенде, қарабұлақтықтар ауыл жанындағы 10 гектар алқапқа егілген картопты жинап, абыр-сабыр болып жатыр екен. Алқаптағы жыпырлаған қаптарға қарап тұрып, біз биылғы өнімнің жақсы болғанын айтпай-ақ ұғындық. Дәл осы мезетте жанымызға келген жас жігітті ауыл әкімі осындағы «Нұрәли» шаруа қожалығының жетекшісі Сиявуш Дүсіпов деп таныстырды. Сөзге тартқанымызда ол өз тіршіліктері туралы ықыласпен әңгімелей бастады.
Сонау 1993 жылы «Высокогор» совхозы таратылғанда Сиявуштың әкесі Базылхан Дүсіпов 19 гектар егістік жерге ие болып қалған екен. Сол алқаптың негізінде биыл қосымша тағы да 360 га жер алынып, қожалық мүшелері оның 100 гектарына бидай, 50 га арпа, 30 га қарақұмық, 10 га картоп салыпты. Арпа орылып, қамбаға құюлы. Оның гектарынан 15 центнерден өнім алынып отыр.
– Өзгеге дақылдар әлі жетілмей жатыр, – дейді Сиявуш, – бірер аптада оларға да орақ түсіп қалар. Картопты арнайы техникамен қазып алдық. Жинауға ауылдастар мен іргедегі Қайнардың тұрғындары жұмылдырылды. Ал біздің ұмтылысымызға оң көзбен қарап, қолтықтан демеген ауылдық округ әкімдігіне ризашылығымыз зор. Әкімдік егістік жерлерді рәсімдеуге, жұмыспен қамту орталығы арқылы егін қоритын күзетші табуға жәрдем жасап, нәтижесінде мал түспей, егініміз жақсы шықты. Сондай-ақ, 10 гектар жерге егілген картопқа субсидия алуға, коммуналдық шаруашылықтан грейдер жіберіп, жолдың қолайсыздау бөліктерін тегістеуге көмектесті.
Техника демекші, бұл шаруашылықтағы механизм атаулыны көрген жанның көзі қызығатыны рас. Барлық шаруашылық құралдары су жаңа, осы жазда ғана сатып алынған көрінеді. «Агромашхолдинг» корпорациясының Қостанайда құрастырылған «Есіл-740» комбайны, «Беларус» маркалы екі үлкен, екі шағындау қолайлы тракторлар, қытай өндірісі шығарған, жүкті өзі тиеп, өзі түсіретін (манипулятор) автокөлік, экскаватор жұмысқа әркез әзір. Оған жерді жыртатын, маналайтын, егінді өңдейтін, шөпті шауып, жинайтын барша агрегаттарды қосыңыз. Қожалықта 6 адам тұрақты жұмыс істейді, ал жиын-терін кезінде жұмысшы саны 30-35 адамға дейін көбейеді.
«Нұрәли» шаруа қожалығының мүшелері бұл маңда совхоздың дүрілдеп тұрған кезінде болмаған құрылыс нысандарын салып, келешектегі мол өнімді сақтайтын сенімді қоймаларды сайлап қойған екен. Оның үлкені – бір тамшы су енгізбейтін профлистпен қаптап, айналасын морлап тастаған астық қоймасы. Ұзындығы – 75, ені – 24, биіктігі 9 метр болатын дәл осындай қойманың аудан көлемінде, тіпті сонау астықтың мол кезінде де болмағанын мойындаймыз. Сонымен бірге, жер астынан қазылып, бетондап, шегендеп тастаған ауқымды көкөніс қоймасын көргенде, таңдай қаққанымыз шындық. Мұнда әзірше 50 тоннадай картоп сақталуда.
– Осының барлығы – белгілі емші, Өскемен қаласының Ворошилов көшесіндегі әйгілі 99-үйде ем-дом жүргізетін отағасы Базылхан Дүйсенбіұлының арқасы, – дейді Сиявуштың анасы Нәзигүл Қадылқұмарқызы. – Ол – 1993 жылдан бері ресми тіркелген емші. Бүгінде оған көрінуге Қазақстанды қойып, Ресейден, тіпті, Германиядан сырқат адамдар келіп жатады. Көптеген адамдарды жанға батқан дертінен айықтырып, жұрттың сеніміне ие болған Базылхан Дүсіпов – осы Қарабұлақ ауылының тумасы. Кезінде ол ауылда жүргізуші, тракторшы, киномеханик болып жұмыс істеді. Ал оған тән сынықшылық, шөппен емдеу – әкесі Дүйсенбіден дарыған қасиет. Бірде қалаға барғанда «биоэнергетиктер курсына адамдар қабылданады» деген хабарландыруды көріп, бағын сынауға бел буады. Дәмелі жұрттың қарасы мол екен, бірақ, осылардың арасынан курсқа ішінде Базылхан бар 20 адам ғана қабылданады. Сонымен Бәкең бір ай Өскеменде оқып, соңынан әлденеше рет Алматыға барып, курстардан өтті. Бертін келе Мәскеуге аттанып, белгілі парапсихологтар Кандыба, Гончаровтардың биоэнергетика мектептерінен тәлім алды. Әйгілі Джуна, Чумак, Кашпировскийлердің алдынан өтті. Сөйтіп жүріп, ақырында өзінің әдістемелік бағдарламасын құруға қол жеткізді. Басында Күршім аудандық ауруханасынан бір кабинет ашып, кісі емдей бастаған-ды, 6 айдан соң ол бөлмені алып қойып, Базылхан Өскеменге кетуге тәуекел етті. Онысы бекер болған жоқ, бүгінде ол жетекшілік жасайтын «Кәсіпқой халық емшілерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі орналасқан Ворошилов көшесіндегі 99-шы үйді білмейтін жан жоқ десем, асыра мадақтағандық бола қоймас.

Ауылда жас отбасыларға баспана салуды жоспарлап отыр
Иә, бүкіл халық мойындаған емші бола жүріп, адал еңбегімен тапқан бар қаржысын туған ауылын қайта түлетуге жұмсамақ болған Базылхан Дүйсенбіұлының ниетіне тәнті болмасқа лажың жоқ. Өзге біреу болса ақшасын сәнді-салтанатты үйлерге, қымбат жеңіл көліктерге шашқан болар ма еді, кім білсін, ал емші ағамыз туған өлкені дамытуға, ауыл іргесін кеңейтіп, шаруашылығын өркендетуге күш салып жатыр.
– «Жіңішке» атты учаскеде 100 ара ұясы орналасқан омартамыз бар, – дейді Сиявуш сөзін жалғап. – Әкемнің ендігі жоспары – ауыл жанынан ағатын бұлақтың суын бөгеп, тоған жасау, сөйтіп, балық тұқымын өсіру. Әлгі бөгеуді пайдаланып, шағын су электр стансасын салу. Бұдан басқа, егістік, жайылымдық, шабындық жерлердің көлемін ұлғайтып, ет бағытындағы 100 бас ірі қара сатып алу жоспарымыз да бар. Сонымен бірге, шағын сүт фермасын сатып әкеліп, ет-сүт өнімдерін осы арада өңдеуді жолға қою. Қаз-тауық өсіру.Әрине, мұның барлығын жүзеге асыру үшін, алдымен қора-сайман, жем-шөптің негізін даярлап алу қажет. Кейінірек диірмен, наубайхана салып, ауыл ғана емес, аудан жұртшылығын нанмен қамтамасыз етуді межелеп отырғанымызды да жасырмай-ақ қояйын.
Келесі жылы ауылда 4 үй салып, тұрақты жұмыс істейтін, қолынан іс келетін отбасылы жастарды шақырмақпыз. Осылайша, біртіндеп ауыл іргесін кеңейте бермек ойымыз бар. Сонда бала саны шағын мектебіміз де қайтадан жаңғырып, қанатын кеңірек жайған болар еді.
Бар ойын жасырмай жайып салған Сиявуш осы өңірге ұялы телефон байланысы орнатылып, жолымыз жөнделсе, ауызсу мәселесі қиындау аймақта бұрғылап таза су шығарсақ деген көкейін тескен мәселелерді де ортаға сала кетті. Біз мұны ел қамын, ауылдастарының жағдайын ойлаған қамқор азаматтың шынайы пейілі деп қабылдадық. Және оның барша армандары мен жоба-жоспарларының тез арада орындалып, нақтылы тірлікке айналуына шын көңілден тілектестік білдірдік.
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button