Қарағайлы алқап қалпына келтіріледі
Бесқарағай бес орман алқабы деген ұғымды білдіреді. Соған орай, кезінде мұнда бес орман шаруашылығы болған. Қазір олардың саны алтау, яғни, Семей мемлекеттік орман резерватына қарасты он филиалдың алтауы Бесқарағай ауданының аумағында.
Әлемнің екі-ақ жерінде, Канада мен Семей өңірінде ғана кездесетін ұзыннан-ұзаққа созылып жатқан бұл қарағайлы орман алқабының өзекті мәселесі әлі көп. Аспанды жерге төндіре сөйлейтіндер енді бірер жылда табиғаттың сирек кездесетін бұл байлығын әбден құртып болған соң табиғи қалқанынан айырылған іргедегі Семей қаласын құм басып қалады деседі.
Қарамырза ауылындағы Канонерка орман филиалына жол тартқанбыз. Мұндағы филиал директоры Сырымның әкесі Мұрат марқұмды да білетінбіз. Осы филиалды жиырма жыл басқарған Мұрекең артында ізі қалған басшы болатын. Сырым болса өзінің еңбек жолын әкесінің қарамағында тоқсаныншы жылдардың басынан бастаған-ды. Міне, соңғы алты жылдан бері филиал директоры болып қызмет етіп келеді. 45 мың гектардан астам жерді алып жатқан бұл орман шаруашылығында қазірде 250 адам еңбек етуде. Мұндағы орман алқабын негізінен қарағай құрағанмен, онда аққайың мен терек те жоқ емес.
Филиал аумағында осыдан он бес жыл бұрын ірі өрт оқиғасы орын алған. Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезде оны өшіру оңайға түспеген. Өкінішке қарай, содан кейін де соған жетеқабыл екі өрт оқиғасы қайталанған. Солайша жеті мың гектар орман алқабы жанып кеткен. Енді қайтпек керек дегенде жас директор ойланып, толғана келе питомник салуды тездетіп қолға алғанды жөн көрген. Сөйтіп, мұнда осыдан екі жыл бұрын питомник қатарға қосылып, оған 1,5 миллионға жуық қарағай өскіні егілген.
Питомникте екі жылға дейін өсірілетін қарағай балапандарына да күтім керек-ақ. Сонау Дания елінен тұқым себетін алты агрегат алыныпты. Оны мұндағылар әбден меңгеріп алғаны байқалады. Қазірдің өзінде жоғарыда сөз болған өртке оранған жеті мың гектар орман алқабының үш мың гектарына жас қарағайлар егілген. Келесі жылы питомникте тағы 1,5 миллиондай қарағай өскіні егіліп, өсірілмек. Өртке шалынған бұрынғы орман алқабы алдағы үш жыл ішінде қалпына келтірілмек. Әр гектар жерге бес мыңға жуық жас қарағай егілетін көрінеді. Директор сонымен бірге биыл 12 өрт оқиғасы орын алғанын, әйтеуір соның бәрі уақытында өшірілгенін айтқан.
Сонымен бірге, Қарамырза ауылында жаңалық, өзгерістер аз емес. Мәселен, биыл ауылдың үш көшесі жарықтандырылған. Ең бастысы, ауызсу мәселесі түбегейлі шешілген. Ауылда стадион, балалар бағы ашылғаны өз алдына бір әңгіме. Соның бәрінде филиалдың, оның басшысының үлесі баршылық. Айталық, Семей орман резерватында өзіне қарасты он филиал арасында жыл сайын әр ауылда түрлі спорт түрлерінен сайыс тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан көрінеді.
Аудандағы бір орман филиалының қазіргі өмір тіршілігі осындай. Қалғандары да соған ұқсап бақса, қарағайлы орман алқабы бұрынғы өз қалпына келетіндігіне күмән жоқ.