Қара тұлып
Тор шеңбердің ішіндегі тыным таппай жүгірген қол тышқан, не тиінді көргеніңіз бар ма? Бүгінгі мына біздің, яғни жұмыр басты пенденің тірлігі – дәл сол. Жанталасқан адам, аударылып, төңкеріліп көшіп бара жатқан заман. Таңертең өлген әкесін кешке ұмыттыратын сұрқия уақыттың уысында қусырыла үгітіліп барамыз. Таңды атырып, кешті батырып, көкбалақ боп шауып жүргенде, сонау корей түбегінен «Алмастан айырылып қалдық» деген суық хабарды естіп, есеңгіреп қалғанымызға да жыл толыпты. Досыңның асығыс ана жаққа аттанып, өзіңнің осы бір пендәуи дүниеде тірлік кешіп, анда-санда еске алып, молданың оқыған құранына атын қосып қойғаннан басқа ши басын сындырмай жүргеніңе қарап, қара жерден де ұялады екенсің…
Алмас алыс та болса – жақын, жақын да болса – алыс достың бірегейі еді. Алыстығы – ол шығыста, мен батыста, жақындығы – телефонның ар жағынан жылылық лебі сезіліп тұратын шынайы достығы. Әдеткі ассалаудан кейін хал сұрасаң:
– Хал деген ептеп, бар болса ет жеп, болмаса, қара нан мен шайды септеп, ертеңгі күнге келеміз ғой беттеп,- деп тақпақтата дабдырлай жөнелетін досымды сағындым. Кейін қызметте жүріп таныссақ та, бір-бірімізді бір көргеннен жақын тартып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, балалық шақтың қарымтасын қайырардай достықтың ауылына атойлап-ақ кірген ек…
Пошымы қандай кең пішілген болса, ішкі дүниесі де сондай зор еді. Туған-туыс, дос-жаран, кластас, ауылдас, курстас, аталас дегеннің бәрі Алмастың жеңінен кіріп, жағасынан шығып қойны-қонышын толтырып жатқандай көрінетін. Ыржиа күлсе отыз екі тісі түгелдене қалатын Әлекең аң-құсымен, жауын-бұлтымен қоса тауды көтерген Толағайдай әлгілердің бәрін арқалап, қолқалап, жанына үйіріп, жылылық шарапатымен орап, балпаң-балпаң басып жалғаннан асығыс аттанып кеткен екен-ау. Иә, жылылығымен орап жүретін бәрін. Алмастың тірлігінен маңайын маужыратар мамыражай ерекше бір жылылық есетін.
Қазақша түс көріп, ауылда өскендер біледі. Жарығы мезгілсіз сөнетін қысқы ауылдың ұзақ түнінде, күйесі өрнектеле бастаған ондық шамның жыламсыраған жарығымен әжесінің ертегісіне елітіп жататын бірнеше қарадомалаққа пана бола қояр жағасы жарты метр, кең пішілген қара тұлып естеріңізде ме? Тұмсығыңды тықсаң сол қара тұлыптан өзгеше бір жылылықтың иісі аңқып сала беретін. Қазір ойлап отырсам, сол өзгеше жылы иіс – жалаң аяқ шыбық мініп шапқылап, жапаға тайып жығылып, тізеге түскен жараңды топырақпен ұшықтатар қайран балалық шақтың, түнгі аспанның жұлдызынан сәуле сауған бойжеткенге шегірткенің шырылынан ғашықтық ғазалын тыңдататын түбітмұрт бозбалалықтың, қызыл бұйра кеші бөтен қой іздеумен жарапазаны айтылып жататын жусан исімен аласталған ауылдың, түптеп келгенде жаратылысы мәрт қазақы болмыстың жұпары екен. Балалық санамды ерекше бір жылылық жұпарына бөлеген сол бір қара тұлып Алмастың үстінде… түсіме енді…
Ауданды басқарып отырып бір шақтарда облысқа келді өсіп, басшы боп. Лауазымы көк тіреп тұр. Ғимараты көрші тұрған соң, досымды құттықтап кірдім. Аламанға шабатын қазақтың алқымды құлагерін қазмойын, шиборбай сәйгүліктермен бірге тар шеңберге салып, стадиондық жарысқа қосып жібергендей сурет келді көз алдыма. Күшене жымиған езуінде еріксіздіктің емеуріні темекісімен қоса тістеленіп жатты. Лауазымның үлкен-кішісіне емес, жүрегінің қалауына қарайтын апайтөс Әлекем Курчатовқа ауысқанда тордан босағандай арсалаң қағып, дала қайдасың деп тартып отырды…
Кемпір-шалдың баласы боп, қой құйрығын еміп өскен Алмастың барлық болмыс-бітімі нағыз қазақы-тын. Әлі де өгейсіп тұратын Өскеменнің қазақы тірлігі үрпиіп барып Әлекеңнің қойнына тығылып қалғандай әсер беретін, кейде маған…
Іске кіріссе ынты-шынтысымен бас қоятын, қуанса жүзінен шындық тамшылап балаша қуанатын, күлсе мол денесін селкілдете жан-жағына ырыс-шуағын шаша күлетін, арпаң-арпаң басқан жаны жайсаң Алмас дос кейде телефонның ар жағынан: «Бәке, ауылға қашан келесің, өзім күтіп алайын» деп аңқылдап звондайтындай көрінеді. «Алмас дос» деп телефонда тұрсың. Өшіргім келмейді… Звондап қалатын сияқты…
Бауыржан Ерденбеков,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры