Тылсым дүние

Қара мысық неге қабір басында өлді?

                            Қара  мысық неге қабір басында өлді?

Рессейдегі 1912 жылғы аграрлық реформадан кейін Күршім ауданындағы Бурабай мен Буденновка елді мекеніне Ресейден Н.Лачков деген балуан бастап, 50 үй көшіп келеді.
Оның бойы екі метрден астам, денесі мығым, алып күштің иесі болған. Астық басатын шаңтасты оп-оңай жұлып алып, арбаға қоя салғанын Буденновка тұрғыны, 90 жастан асып, дүние салған Шуликин деген қария өз көзімен көріпті. Мен мұны сол кісінің өз аузынан естідім. Олай дейтінім, менің еңбек жолым 1960 жылы Буденновка сегіз жылдық мектебінде басталды. Сол жылдары ауыл тұрғындары негізінен қоныс аударған ересектер мен солардың ұрпақтары еді. Әу баста олар отты қаруларымен қорқытып, жергілікті тұрғындарды ығыстырып, құнарлы жерді иемденеді. Бау-бақшамен шұғылданды. Жылқы, ірі қара, шошқа ұстады. Жер өңдеп, егін салды. Негізгі күш көліктері жылқы, шаруашылық құралдары соқа, шөп шабатын ат мәшін, тырнауыш, шалғы, қолорақ, астық бастыратын шаңтас, арба-шана, айыр-күрек, қолара, екі кісілік шербек, балта болды. Олар жаз айларында араларынан бақташы шығарып, ірі қара малдарын бақтырды. Ал жылқы малы қысы-жазы еркін жүрді. Олар күн ыстықта арнайы салынған хутордың шетіндегі лапасты паналады.
Қазақта «Жаман қатынның тілі ащы, бұлттан шыққан күн ащы» деген одағайлау айтылған мақал бар. Шынында да жауыннан кейін бұлттан шыққан күн ауаны «қайнатып» жіберетіні бар. Осындай бір сәтте лапасқа бет алған үйір жылқы иттен үркіп, алаңда доп ойнап жүрген бір топ баланың ішінен қашып үлгермеген Наташа деген жеті жасар қыз баланы таптап кетеді. Сәбидің қайғылы қазасы бүкіл хутор тұрғындарының қабырғасын қайыстырады. Әсіресе, кішкентай қыздың «достары» ала күшік пен қара мысықтың қайғы-уайымында шек болмады. Олар Наташаны жерлегенде бірге барып, анандай жерде көздерінен жас тамшылап, иіндері салбырап, шоқиып-шоқиып мұңайып отырады. О, ғажап, қабір басындағылар қайтқанда олар сонда қалып, қабірге түнеп шығады. Одан кейін де көп уақыттарын сонда өткізеді. Арада ай өткенде ала күшік із-түзсіз жоғалып кетеді. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген осы болар. Сөйтіп, қара мысық мүлдем жетімсіреп қалады. Оның жағдайы күннен-күнге төмендей береді. Кейде аяғын сүйрете басып, доп ойнап жүрген Наташаның жолдастарының маңына барып, шоқиып отырады екен. Мұны көрген қыздар жапа-тармағай келіп, оны кезек-кезек қолдарына алып, арқасынан сипап, бауырларына басып еркелетіп жүріпті. Аздан соң қолдан-қолға ауыстырып үйіне апарып салған. Енді бірде қара мысық зират басынан қайта оралмайды. Үй иесі іздеп барса, Наташаның қабіріне басын салып, жан тапсырыпты.
1915 жылы болған осы оқиға алпысыншы жылдардағы сексен, тоқсанға келген қариялардың әлі көз алдында екен. Бастары қосыла қалса, осы жайды естеріне түсіріп отыратын.

Советхан Қалиғожин

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button