Денсаулық сақтау

«Қарағайлы» шипажайында оңалту қызметі көрсетіледі

Биылдан бастап «Қарағайлы»  шипажайында тәуліктік және күндізгі стационар жағдайында медициналық оңалту қызметі көрсетіле бастады. Мұнда инсульт,  әртүрлі жарақат алған,  күрделі операциялар жасатқан науқастарға оңалтудың үшінші кезеңі толықтай тегін жүзеге асырылатын болды.

Оңалтуға келген  адамдарда жергілікті дәрігердің жолдамасы болуы шарт. Егер бұрын оңалту қызметін мұнда  зейнеткерлер мен мүгедектер ғана алса, енді бұл қызмет түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған барлық жастағы науқастарға көрсетіледі.

Алайда оңалту саласындағы жаңалықтар туралы көп адам біле бермейді, сондықтан науқастардың көпшілігі ауруханадан шыққаннан кейін қалпына келтіру шараларын қабылдамайды, – дейді  дәрігерлер Медицина  мамандарының пікірінше, оңалтудың маңызы зор, өйткені осы кезеңде адамның денсаулығын толық нығайту үшін дененің функциялары мүмкіндігінше қалпына келтіріледі.

Қалалық ауруханалардың дәрігерлері оңалтудың маңызы туралы халықты хабардар ету үшін «Қарағайлыға» арнайы  барып, шипажайдың жағдайымен танысты. Сонымен бірге жиналыс барысында науқасты оңалтуға жіберген кезде пайда болатын техникалық мәселелерді талқылады.

– Үшінші кезеңге мемлекеттік тапсырысты қаламыздың көптеген мекемелері жеңіп алған еді. Солардың бірі – «Қарағайлы» шипажайы. Өйткені біріншіден, олар көп жылдар бойы науқастарды сауықтырумен айналысып жүр. Сонымен бірге мұнда ауа  таза, табиғаты тамаша, айналасы орман. Емделушілерді оңалту үшін бұл өте қажет нәрсе. Бұл біз үшін өте маңызды, өйткені жылына мыңнан астам адам  инсульт алады және науқастардың бәрі бірдей сауығып кетпей, кейде қайғылы жағдайлар да болып жатады. Сондықтан адамдарға оңалтудың маңызды екенін айтқымыз келеді, – дейді Семей қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас дәрігері Татьяна Свичич.

Бүгінгі таңда шипажайда күндізгі стационар  да жұмыс істеп тұр. Шипажайда ақысыз оңалту қызметін алу үшін дәрігердің жолдауынан басқа, науқастың жеке куәлігі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған   болуы керек.

Раушан Нұғманбекова

Семей

Осы айдарда

Back to top button