Ақындарға ду қошемет жетіспеді
Оқушылар арасында ұйымдастырылған облыстық айтыс онлайн форматта өтті. Жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына арналған айтысқа жиыны 20 ақын қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Бұл жолғы облыстық айтысқа жолдама алған ақындар осыған дейін өткен сөз сайысында жеңімпаз атанған болатын.
Талапты жастардың таланты мен талабына дем беру мақсатында өткен оқушылар айтысын «Дарын» орталығы ұйымдастырды. Жас ақындар айтысына Шығыс Қазақстан облысының жалпы білім беретін мектептерінің 8-11 сынып оқушылары арасынан шыққан жыр жүйріктері қатысып, сүбелі сөз, орамды ой айтты. Жас ақындар сөз зергері Жамбылдың шығармашылық жолы мен тағылымды ғұмырнамасын жырға қосты.
– Айтыс онлайн болғандықтан, жас ақындарға шапалақпен дем беріп, демеп жіберу жетіспей жатты. Десе де оқушылар арасында суырып салып сұлу жыр айтқандары болды. Тақырыпты да тарқатып айта білді. Бәрін мықты дей алмаймын, алайда тапқырлық танытып қарсыласынан оза шапқандары бар. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі үрдісті жалғайтын буын қалыптасып келе жатқаны қуантады, – дейді айтыстың төрешісі ақын Құмар Зиятхан.
Сөз сайысында үздік шыққан сегіз ақын жүлдегер атанып, екеуі республикалық айтысқа жолдама алды.
«Жыр алыбы – Жамбыл» атты облыстық оқушылар айтысының бас жүлдесін жармалық Рахат Тамаша, бірінші орынды үржарлық Манарбек Ықылас жеңіп алды. Жүлделі екінші орынды тарбағатайлық Нұрайым Асқарқызы мен семейлік Ақтілек Жұмағалиев, зайсандық Шешімбек Өркія қатарлы ақындар қанжығаға байлады. Болашағынан үміт күттірер ұландық Мейрамбек Бақытқанұлы, зайсандық Көркем Оразова мен Айбат Дәуренұлы үшінші орынды иеленді. Ал өскемендік Асылбек Аймерей, абайлық Тоғжан Байбуринова, аягөздік Ерқанат Абдрахманов қатарлы ақындар арнайы жүлдемен марапатталды.
Облыстық кезеңнің бас жүлде иегері Рахат Тамаша мен І орын иегері Манарбек Ықылас алда болатын республикалық айтысқа қатысады.
Қызырбек Дүргінбайұлы